Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Біздің сүйікті дәрігер

Біздің сүйікті дәрігер

«Көшемізге дәрігер келін түседі» деген жаңалыққа қуанбаған жан қалмады. Бас ауырып, балтыр сыздаса емін айтатын дәрігер, екпесін егетін медбике іздеп сарылып кететініміз рас. Емханаға барып ұзақ-сонар кезектің ең соңында тұруға шама келмегенде «Айнұр, үйге келіп кетші» деп қоңырау соғамыз. Емханадағы жұмысынан қолы қалт еткен бойда «сәлем бердік» деп иіліп сәлемін салып Айнұр халімізді сұрай келеді. Дәрігердің жылы сөзі мен шипалы қолы жанға қуат, дертке дауа.

Бір әулетке ибасы мен инабаты келіскен келін болса, емханада өз ісінің шебері, білікті маман Айнұр Қызылбаева дәрігер болуды бала кезінен армандаған. Ол бүгінде Сырдария аудандық ауруханасының №4 аймақ дәрігері. 2012 жылы Ә.Тәжібаев атындағы мектепті үздік аяқтаған Айнұр асқақ арманы жолында Қарағанды мемлекеттік медициналық университетіне оқуға түскен. Білімі мен білігін арттыру үшін 2017-2019 жылдар аралығында интернатурада оқып, тәжірибесін арттырған.

Шипагерлік қасиет Айнұрға анасынан дарыса керек. Ата-анасы мен қос ағасының еркесі болып өскен қыз медицина саласында ұзақ жылдан бері қызмет етіп келе жатқан анасынан үлгі алған.

– Дәрігер – адам жанының арашашысы. Бұл үлкен жауапкершілікті қажет ететін қызмет. Әрбір дәрігер Гиппократ антын қабылдайды. Антқа адал болу – қызметтік борышымыз. Жақсы дәрігер болу үшін адамның ауруын ғана емес, оның жан-дүниесін де түсінуің керек. Ем іздеп келген науқасқа жылы шырай танытып, күліп қарсы алсаң, әрі қарай жұмыс жүргізу де қиынға соға қоймайды, – дейді жас маман.

Иә, «Жақсы дәрігер ауруды жазады, жаман дәрігер ауруға ауру қосады» деген бар. Дәрігердің біліктілігінен бөлек, шеберлігі де маңызды. Оқу бітірісімен жас маман ретінде ауданға ат басын бұрған Айнұр аудандық ауруханаға аймақтық дәрігер болып қызметке тағайындалған. Әңгімеміз барысында Айнұр Қызылбаева жас деп қарамай, жұмысқа қабылдап, бар тәжірибесімен бөліскен Нұржамал Жұмағалиқызына алғысы шексіз екенін жеткізді.

2020 жылы пайда болып, жер жаһанды жүрісінен жаңылдырған пандемия дәрежесіндегі дерт маңызды мамандық иелерінің қоғамдағы орнын одан әрі айшықтап бергендей. Жай күнде, ден сау­да елей бермейміз, соңғы жылда дәрігер қызметінің аса маңызды әрі ауыр екеніне көзіміз жетті. Тілсіз жаумен күн-түн демей алдыңғы шепте арпалысып жатқан да осы мейірбан мамандар.

– Коронавирус – бүгінгі күні маңыздылығын жоймаған тақырып. Тұрғындар тарапынан түрлі шағымдар мен сұрақтар түсіп жатады. Олардың әрқайсысына түсіндірме жұмысын жүргізіп, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау керектігін, екпе алудың маңызды екендігін түсіндірудеміз. Бүгінде аудан халқының 4/3 бөлігі, оның ішінде менің қарамағымдағы аймақ тұрғындарының 80 пайызы өз еркімен екпе қабылдап үлгерді, – дейді дәрігер Айнұр.

Білікті әрі жас маман Айнұр Орынбасарқызы үшін басты марапат – адамдардың алғысы. Десек те бүгінгі дәрігердің ерлігі бейбіт күндегі жетістігінен мүлде бөлек. Ел бойынша індетке шалдыққандардың бір бөлігі медицина қызметкерлері екенін есте ұстасақ, қысылтаяң шақта көзсіз ерлік танытқан мамандарға еріксіз бас иесің. Індеттің ортасында жүріп, ұлт денсаулығын өзінен биік қоя білген ақ халаттылар қандай құрметке де лайық.


Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
10 тамыз 2021 ж. 663 0