Антына адал абзал жан
Әлеуметтік желіде «8 наурыз мерекесіне орай газет бетінен кім туралы мақала оқығыңыз келеді?» деген сауал тастадық. Көпшілік адам жанының арашашысы болып, көптің алғысын алған аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Жанар Жұмабаева туралы оқығысы келетінін айтыпты. «Халық – Құдайдың бір аты» деген. Ендеше бүгінгі кейіпкеріміз дәрігер Жанар апай туралы болмақ.
Жанар Әшімқызы – өте қарапайым адам. Мейірімді жүзімен жай ғана жымия сөйлеп, алдына келген әр науқаспен жылы ұшыраса сөйлеседі. «Дәрігер ең алдымен мейірімді болуы керек, алдына келген науқасқа шын жаны ашып тұруы керек» дейді ол.
Білікті дәрігер 1989 жылы №35 орта мектепті бітіріп, Семей қаласындағы медициналық университетке оқуға түскен. Мектеп бітіргенше мұғалім болуды армандаған бойжеткеннің бұл жолды таңдауына өміріндегі үлкен бір оқиға әсер еткен. Енді ғана үлкен өмірге қадам басып келе жатқан Жанардың әкесі ауыр дерттен көз жұмады. Ол кезде медицина дами қоймаған, әкесіне ем-дом жасау мүмкін болмаған. Сол уақытта «Мен дәрігер болып, ауыр дерттің емін табамын. Адамдардың ұзақ өмір сүруіне себепкер боламын» деп өз-өзіне уәде берген. Міне, арманы асқақ, мақсаты айқын кейіпкеріміз ең алдымен өзіне берген уәдесіне, екіншіден Гиппократ антына адал болып, жиырма төрт жылдан бері осы салада қызмет етіп келеді.
Ақ халатты абзал жан туралы сөз қозғағанда анасы жөнінде айтпай кету мүмкін емес. Себебі, Кеңескүл Сәдуақасова қырық жыл бойы аудандық газетте мәтін теруші, одан кейін корректор сынды жауапкершілігі жоғары қызметтерді атқарған. Ауданға үлкен еңбегі сіңген анасының «ақ сөйлеп, әділ жүр» деген тәрбиесімен өскен Жанар Жұмабаева да бүгінде үлкен шаңырақтың түтінін түтетіп, аяулы ана, ардақты жар, сыйлы келін болып отыр. Ұстаздық ұлы жолды жанына серік еткен жары Әділбек Бәйменов екеуі бір ұл мен үш қызды оқытып-тоқытып, үлкен өмірге даярлауда. Балаларының үлкені Қазақ-түрік лицейін бітірсе, одан кейінгісі Назарбаев мектебінде білім алуда. Кішкентайлары да өнер мен білімге өте жақын. Халық үшін қызмет етіп жүрген ақ халатты абзал жан отбасы мен бала тәрбиесіне ерекше мән береді.
Оқу бітіріп, үлкен қалада қалуды армандаған тәжірибелі маманның ауданға оралуына анасы ықпал етіпті. «Алдымен туған жерге қызмет қыл» деп ауылдан жырақтауын құп көрмепті. Бұл да тағдыр ғой. Содан бері ауданда қызмет етіп келе жатқан Жанар апай бүгінде еңбегінің жемісін көріп отыр. Алғашқыда кіші буын қызметкері болып еңбек жолын бастаған абзал жан аймақтық терапевт болып, кейін эндокринолог қызметін қосымша алып жүрген. Одан соң терапия бөлімшесінде меңгерушілік қызметке ауысып, жалпы тәжірибелік дәрігер, жалпы тәжірибелік бөлімшесінде меңгеруші қызметтерін атқарған. Бірнеше жылдан бері аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары қызметін абыроймен атқарып жүрген жоғары категориялы дәрігер үлкен қалалардағы білікті мамандармен тәжірибе алмасып, білімін ұдайы арттырып отырады.
Еңбегі еленіп, 2019 жылы министрліктің, 2021 жылы Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың арнайы «Алғыс хатына» ие болған. Одан бөлек облыс, аудан көлемінде лайықты марапаттар алып келеді.
– Медицина саласының қызығы мен қиындығы қатар. Ең алдымен, адамдармен дұрыс қарым-қатынас құра білу керек. Пандемия кезінде де жұмыс қауырт болды. Пенде болған соң кейде шаршайсың. Бірақ халықтың риясыз рақметін, алғысын алғанда, адамдарға пайдам тигені үшін қуанамын, – дейді Жанар Әшімқызы.
Дәрігер – өте құрметті мамандық. «Жақсы дәрігер ауруды жазады, жаман дәрігер ауруға ауру қосады» деген. Біліктілік пен шеберліктен бөлек, адамның ауруын ғана емес, жан-дүниесін түсіну бір басқа. Осы ретте Жанар Жұмабаева алдына келген науқастың диагнозын түгел талдап беріп, келген кісінің көңілін жайлап, жылы сөзімен-ақ дертінен айықтырады. Қауырт қызметті отбасымен, бала тәрбиесімен қатар алып жүру де нәзіктің нәзігі әрі алыптың алыбы әйел адамға оңай емес. Ендеше «бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен» ардақты ана, білікті маман Жанар Әшімқызын көктемнің мерейлі мерекесімен құттықтай отырып, қызметіне табыс, отбасына амандық тілейміз.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ