ТЕГІН ДӘРІ-ДӘРМЕК КІМГЕ ТИЕСІЛІ?
Орталық емхана дәлізінде қарбаласқан көпшілік жанына батқан дертіне дауа іздеп келетіні белгілі. Алыс ауылдан келген ағайынның шағымын мұндағы кез келген маман тыңдауға дайын. «Балтыры сыздап, басы ауырған» адам дәрігердің қабылдауына кезекке тұрып уақыт жоғалтуы міндетті емес. «Даму-мед» арқылы тіркелсеңіз болғаны. Бұл бөлек әңгіме.
Бүгінгі айтпағымыз тегін дәрі-дәрмек кімдерге тиісілі және ол қалай беріледі, сол жайлы болмақ. Қазіргі таңда заман көшіне ілескен медицинаның мүмкіндігі мен әлеуеті зор. Халық арасында кеңінен таралған созылмалы дерттің алдын алу жоспарлы түрде жүзеге асады. Осы ретте, мамандандырылған және учаскелік дәрігердің диагноздық анықтамасынан кейін есепте тұрған және мүгедектігі жөнінде арнйы сараптамалық қорытындысы бар науқасқа мемлекет тарапынан тегін немесе жеңілдетілген дәрі-дәрмек беріліп отырады. Аталған жеңілдікті аудан тұрғындары қаншалықты деңгейде пайдасына жаратып жүр деген сауалға жауап іздеу мақсатында тиісті сала маманына жолығуды жөн деп таптық.
Негізінен, республика бойынша халыққа тегін дәрі-дәрмекті үйлестіру ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 29 тамыздағы №666 бұйрығы аясында жүзеге асады. Мұнда науқастың диагноздық санаты бойынша арнайы ереже бекітілген. Ұлт саулығының жақсаруына бірден-бір себепкер медицина маманы қай кезде де уақытылы дәрі-дәрмекпен халықты қамтамасыз етуге мүдделі. Аудандық емханаға қарасты жалпы тәжірибелік бөлімшесінің меңгерушісі Ж.Жұмабаева бүгінгі медицинаның негізігі қызметінің функциясына тоқталып, тегін дәрі-дәрмектің берілу барысы жайлы айтты. Бұл ретте, арнайы бұйрық арқылы жасалған медициналық тізбесінде 45 санаттағы науқастық белгі жатқызылған. Жалпы, медицинада түрлі деңгейдегі ауру түрі пайда болу үстінде. Дертпен күресте сан алуан дәрі-дәрмекті тұтыну жиілігі сезіледі. Ал, қарапайым халықтың қымбат дәріні алуға қалтасы көтере бермеуі ықтимал. Ай сайын бақылауда тұратын әрбір науқас учаскелік дәрігерге тексеріліп, өзіне қажеттісін алып отырады. Жалпы алғанда аудандық емханада 10 санатқа кіргізілген диогноз бойынша алты мыңға жуық науқасқа тегін дәрі-дәрмек беріледі. Бұлардың қатарында көш бастап тұрғаны артелиалдық қан қысыммен ауыратын жандар. Халықтың әлеуметтік тұрмысын ескере отырып, ағза алмастырған кей науқасқа қымбат тұратын дәрі-дәрмек жоспарлы түрде жеткізіліп отырады. Кейбірі нарық бағасы бойынша миллион теңгенің көлемінде сатылады екен.
Дәл осы күні тасымалдаушы танып отырған «Жанар және компания» ТС уақытылы дәрі-дәрмекті санатына байланысты жеткізіп беру үстінде, – дейді мамандар. Аталмыш дәріхананың қазіргі таңда елді мекендерде филиалы ашылған. Бір жағынан, бұл бастаманың артықшылығы шалғайда жатқан ауылдағы ағайын орталыққа келмей-ақ керекті тегін дәрі-дәрмекті алу мүмкіндігіне ие. Фармацевт А.Кәрібаева тұрғындардың тегін дәрі-дәрмекті алуда таңдау еркіндігі қалауынша жүзеге асатындығын жеткізді. Мысалы, берілген дәрінің әсері болған жағдайда учаскелік дәрігер тізім бойынша көрсетілген дәріні ауыстырып бере алады. Ендігі кезекте айтпағымыз мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықты сезіне отырып, денсаулықтың жақсаруына тікелей қатысты әр адам өзі екенін білсе дейміз.
Б.ОРДАБЕКОВ