Ауыл дәрігері
Мамандықтың ішіндегі ең қадірлісі – дәрігерлік. Дәрігер болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ең алдымен шыдамдылықты, жауапкершілікті, мамандығына деген адалдықты қажет ететін ең абыройлы мамандық. Қазір ауыл халқы мықты дәрігерлерге мұқтаж. Жас мамандар ауылдық жерге көбіне бара бермейді. Ал біздің кейіпкеріміз – туған жерінде табан аудармастан антына адалдық танытып келе жатқан мықты маман.
Гүлжан Орысбайқызы – С.Сейфулин ауылында туып өсіп, осы ауылда мектепті бітіріп, жүрек қалауымен медицина саласын таңдаған ардақты жан. Қиындықты жеңу, мықты дәрігер атану мақсатын алға қойған ауылдың қарапайым қызы Ақтөбе қаласындағы медициналық институтқа оқуға түседі. Бұл денсаулық сақшысы болу арманына жетуге жасаған алғашқы қадамы болатын. Қай кезде де ең қиын, әрі жауапкершілігі мол оқу орнын ойдағыдай бітіріп шығу оңай емес. Ол үшін шыдамдылық пен білімге деген құштарлық алдыңғы орында тұру керек. Міне, осындай қасиетінің арқасында Гүлжан Орысбайқызы оқу орнының тиісті сатыларынан ойдағыдай өтіп, білікті маман ретінде туған елге оралады. Алғашқы еңбек жолын аудандағы емханада балаларға кеңес беру бөлімінде балалар дәрігері болып бастайды.
– Балалар дәрігері болып маманданған соң алған білімімді осы саладан бастадым. Балалардың арасында аурушаңдықты болдырмауға, түрлі аурулардың алдын алуға жұмыс жасадық. Әрине, өзі ауырып тұрған, әлі тілі де шықпаған сәбиге дұрыс диагноз қойып, ем-шара жүргізу жауапкершілікті қажет етеді. Сондықтан жас маман болып емханаға келгенімде ақылын аямаған тәжірибелі педиатрлар Фатима Сырлыбаева, Гүлнәр Серімбетованы ұстаз тұттым. Аға буын дәрігерлерден үйренгенім көп. Тәжірибелі дәрігерлер балалардың тезірек сауығып кетуіне күш салатын. Ақылшы ұстаздарыма мың алғыс. Аналарға дәрігерлік кеңес беріп, балалардың арасындағы аурушаңдықты азайтуға атсалыстық, – дейді бүгінде тәжірибесі толысқан ақ халатты абзал жан Гүлжан Әбдірова.
Мамандығын ұршықша үйірген маман соңғы 21 жылдан бері А.Тоқмағамбетов ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда жалпы тәжірибелік дәрігер болып қызмет етеді. Ауыл дәрігері бүгінде ауыл тұрғындарының барлығын дерлік танып, олардың денсаулығын бақылауға алған. Әсіресе, созылмалы дерті бар науқастардың уақытылы дәрігерге келіп, тиісті ем-домын алуын қатаң бақылайды.
Күрделі де, жауапкершілігі мол мамандығының арқасында ауыл тұрғындарының денсаулығын қадағалап, медициналық көмек көрсетіп жүрген ауыл дәрігерінің жалпы еңбек өтілі 27 жылды құрайды. Гүлжан Орысбайқызы жалпы 1415 тұрғынға медициналық көмек көрсетеді.
– Дәрігер болу бала кездегі арманым еді. Қиын болса да, денсаулық сақшысы мамандығын алғаныма қуанамын. Тұрғындардан алғыс алғанға не жетсін. Дертіне шипа іздеп, алдыңа келген науқасқа жылы шырай таныту дәрігердің міндеті. Алғашқы еңбек жолымнан бастап осыны ұғындым. Адам өз денсаулығы үшін ең алдымен өзі жауапты болуы керек. Ауылда тұратын әрбір тұрғынға саламатты өмір салтын ұстану туралы кеңес беріп, спортпен шұғылдануға шақырамын. Асқар ауылына келін болып түскелі ауыл тұрғындарымен етене араласып, әр отбасын бес саусақтай білемін десем артық айтқандық болмас. Осыдан 22 жыл бұрын отбасын құрып, жолдасым Қонысбекпен үш ұл тәрбиелеп отырмыз. Ортаншы ұлымыз Бегалы жолымды қуып Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде 4-курста оқиды.
Ауылдағы жалғыз дәрігер болған соң кейде тәулік бойы жұмыс істеуге тура келеді. Медбикелермен бірге тұрғындардың денсаулығын жақсартуға барымызды салып, ауыл халқының алғысын алып келеміз. Адал еңбек етсең, міндетті түрде алдыңнан шығады. Қанша марапат алсам да халықтың арқасы. Қиыншылықты төзіммен жеңіп шығуға деген ұмтылыс, еңбектің жемісі, – дейді Гүлжан Орысбайқызы.
Бірінші санатты дәрігер көптеген марапат иесі. 2022 жылдың қорытындысымен ауданда жылдың үздік медицина қызметкері атанды. Әрине, осындай құрметке дәрігер адал қызметінің арқасында жетті. Абыройлы болу үшін адал еңбек таныту керек. Дәрігердің қызметі мезгіл таңдамайды. Тәуліктің кез келген уақытында шақыртулар келуі мүмкін. Сондықтан дәрігер сергек болуы қажет. Әсіресе, мереке күндері дәрігердің көмегіне мұқтаж жандар көбейеді.
«Жұмыс қауырт, қабылдауға келген науқастар көп, барлығын көріп үлгіреуім керек» деп телефонға жауап берген ақ халатты абзал жанның біздің мерекелік құттықтауымызды қабыл алуға уақыт тапқаны үшін алғысымызды білдіреміз.
Мықты дәрігер мезгіл де, мекен де таңдамайды. Нағыз дәрігер өз қызметін адал атқарады. Ауылда туып, ауылда қызмет атқаратын Гүлжанның осындай мәртебелі марапат биігінен көрінгені үшін ауыл тұрғындары да дән риза. Бұл да болса үлкен абырой, адал еңбектің жемісі.
Бибісара ЖАНӘЛІ