Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұлдызы жарқын жас әнші

Жұлдызы жарқын жас әнші

Алыптарға алтын бесік болған Сырдариядан небір таланттар топ жарып шы­ғуда. Олардың қатарында «Қазақстан дауысы» жобасының қатысушысы Құра­лай Мейрамбекқызын ерекше атап өтуге болады. Ұлттық арнада жыл сайын өткізілетін жобаның көрмей тыңдау кезеңінде «Қорқыт-қобыз» әнін орындап, көпті таңқалдырған талантты жас өнер әлемінде қалықтап келеді. Жоба арқылы аудан, облыс мерейін асқақтатқан жас әншіні аудан әкімі М.Ергешбаев қабылдап, дарын иесін жетістігімен құттықтады.

– Біз сенің осы кезге дейін жеткен жетістік­те­ріңнен үнемі хабардар болып отырамыз. Ауданда өзің секілді өнерлі жастарға тұрақты қолдау көрсетіліп келеді. Нәтижесінде, талантты өнерпаздарымыз об­лыстық, рес­пуб­ликалық, халықаралық байқаулардан жоғары жетістіктермен оралуда. Сен де сол дәстүрді жалғап, жеңістің биік шыңынан көрініп жүрсің. Мұндай жеңістер зор талап пен тынымсыз еңбектің арқасында келеді. Намысты қолдан бермей, еліміздің атын шы­ғарып жүргенің үшін шын жүректен алғыс білдіремін. Бойыңдағы талантың талайды мойындатары анық. Барша аудан тұрғындары өзіңе шын көңілден тілектес, қолдаушы. Сондықтан небір таланттар шыққан өлкенің лайықты ізбасары ретінде өнердің биігіне шығуыңа тілектеспіз, – деген аудан басшысы ерекше дауысты өнерлі жасқа «Алғыс хат» табыс етіп, сый-құрмет жасады. Сондай-ақ, әркез жас талантқа қолдау жасалатынын айтты.

Қабылдауға келген жас әншінің әкесі Мейрамбек Абдуллаев ұл-қыздары ата-насының жолын қуып, өнер саласында жетістіктерге жетіп келе жатқанын жеткізді. Қыздардың үлкені Гүлзат – «Қоңыр» тобында әнші. Ал Ұлпаны Қазақ ұлттық өнер университетінде ұстаздық етіп, сабақ береді. Үшіншісі Бағдәулет те өнерден алыс емес. Халықаралық байқаудың лауреаты атанған ұлдың үлкені медицина саласын таңдап, адам жанының арашасы болу бағытында еңбек етуде. Ал қыздардың кенжесі Құралай бала кезінен ән шырқап, Испания, Белорусь, Африка, Румыния, Бразилия елдерінде өткен өнер байқауларында ел мерейін үстем еткен. Бүгінде Қазақ ұлттық өнер университетінде «Арт-менеджмент» мамандығы бойынша жоғары білім алуда. Ал үйдің ең кенжесі Дулат 9-сыныпта оқыса да осы кезге дейін түрлі байқаулардың жеңімпазы атанып үлгірген. Аманкелді ауылындағы өнер мектебінің директоры М.Абдуллаев осылай ұл-қыздарының өнерге деген құлшынысы арқылы мерейге бөленіп келе жатқанын атап өтті.

Өз кезегінде еліміздегі мега жобаның қатысушысы Құралай Әбдікәрімова құрмет көрсеткен аудан әкіміне алғысын жеткізіп, қазақ өнерін әлемге танытқысы келетінін, сол жолда аянбай еңбек ететініне сенім біл­дірді. Қазіргі таңда аталған жобаның келесі кезеңдеріне дайындалуда. Жылдың соңында тікелей көрсетілім кезеңінде жас әншегі ел болып қолдау көрсетілуі тиіс.

Е.ЖАППАРБЕК
26 қазан 2021 ж. 594 0