Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа туынды жарыққа шықты

Жаңа туынды жарыққа шықты


Шаһарбек Нұрсейітов – өңірге белгілі қаламгер. Ардагер журналистің қаламынан туған туындылар туған елдің тұғырын биіктетіп, тұлғаларын жұртшылыққа танытты. Одан бөлек, ел-халықтың мұң-мұқтажын да қаламына арқау етіп, өзекті деген мәселелердің шешімін табуына журналистік тұрғыдан үлес қосты. Қоғам жұмысында белсенді қаламгер бүгінде «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ аудандық филиалының төрағасы қызметін атқарып келеді.


Тіл жанашыры жазушылық жолда түрлі тақырыпты арқау етті. Соның аясында елдік мүдде үшін еңбек етіп жүрген тұлғалар туралы жазып, ел тарихы мен жер тарихын зерттеуге елеулі үлес қосып жүр. Міне, сол туындылардың барлығын дер уақытында то­птас­тырып, кітап құрастыруды да назардан тыс қалдырған емес. Бір кітапқа жүк болатын текті жандардың өмір жолын, өне­гесін жазып, кейінгі ұрпаққа үлгі етуге біраз еңбектерді баспа бетінен шығарып үл­гірген. Мәселен, Шаһарбек аға Нұрсейітов осыған дейін «Ауыл адамдарымен көрікті», «Беу, бойдақтық», «Тереңөзек түлектері» және басқа тақырыптарда 10 кітапты жарық­қа шығарды. Бұл еңбектері аудан жұртшы­лы­ғына жақсы таныс.

Қоғамдық қызметте жүрсе де қаламын тас­тамаған ардагер журналист жақында тағы бір кітапты жарыққа шығарды. Оқырман олжасы болған «Перзенттік парыз» кітабы – Шаһарбек Балтабайұлының 11-ші еңбегі. Бұл кітапта қарымды қаламгер елге белгілі болған өзінің атасы туралы жазған. Мұны перзенттік парызы санап, атасының өнегелі өмірі, одан соң ұлағатты ұстаз болған әкесі Балтабайдың қызметтегі толайым тіршілігі туралы сыр шерткен. Кітапта екі ғасыр то­ғысқан мыңжылдықтар ауысқан кезеңдегі қо­ғам тынысы мен адам ғұмыры, үш буын­ның сабақтастығы бар.

Кітаптың алғысөзінде еңбек ардагері Сәбит Отызбаев елге белгілі жандар туралы айтып өткен. ««Атам жайлы әңгімені» сүйсіне оқып шықтым. Атасы Нұрсейітті жақсы білетін едім. Біз «Ақиінде» көрші тұр­дық. Ол кісі мал өнімдерін қабылдайтын мекемеге ет, май, тері-терсек жинайтын, өзі ру­дың үлкені, белсендісі еді. Екі кемпірі болды, Балтабай – осы үш кісінің ортасындағы жалғыз бала. Нұрекең іскер, не нәрсенің де көзін табатын әрі сөзге шешен адам еді» дей­ді еңбек ардагері.

Жаңа туынды үш бөлімнен тұрады. Оның алғашқысында қарымды қаламгер «Әулет­пен» таныстырса, екінші бөлім «Еліне ең­бегі сіңген» деп аталады. Мұнда қасиетті өлкеден түлеп ұшқан тұлғалар туралы жазылса, «Өнер, білім бар жұрттар» атты үшінші бөлімде кейінгі толқынның елге жасап жатқан қызметі қамтылған. Бұл кітапта Ш.Нұрсейітовтың мерзімді баспасөздерде жа­рияланған очерктері, эсселері, сұхбаттары бе­рілген.

«Перзенттік парыз» кітабында елдің игі жақсылары Сұлтанбек Өтегенов, Қалдыбек Айтбаев, Сәнуар Сарманов, Рамазан Тайманов және басқалардың өмір жолы мен ат­қарған қызметтері көрсетілген. Бұл кісілер нәубетті кезеңдерді, одан кейінгі егемендік алған уақыттарда еңбек еткен. Сондықтан бұл кітапқа арқау болған тұлғалар арқылы бір ғасырдың тарихы таспаланған десек ар­тық болмас.
Үлкендер ұлағатын кейінгіге дәріптеуде азаматтық жауапкершілікті арқалаған Ша­һар­бек Нұрсейітовтің жаңа туындысы оқыр­манға жол тартып отыр. Қарымды қа­лам­гер алдағы уақытта да еңбек ерлері туралы жаңа туындылар жарыққа шығатынын тілге тиек етті. Ендеше, ардагер журналист аға­мызға қаламыңыз мұқалмасын дейміз.

Е.БЕРКІНБАЕВ

06 желтоқсан 2022 ж. 302 0