Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарымды қаламгерді қабылдады

Қарымды қаламгерді қабылдады

Аудан әкімі Талғат Дүйсебаев КСРО және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің жауапты хатшысы Шаһарбек Нұрсейітовті қабылдап, құрметті зейнет демалысына шығу мерейтойымен құттықтады.

Қабылдауда аудан басшысы қарымды қаламгердің ауданның өсіп-өркендеуіне, сырдариялықтардың рухани кемелденуіне қосып келе жатқан еңбегін атап өтті.

– Шаһарбек Балтабайұлы – ауданға белгілі қаламгер. Осы өлкеде туып-өскен азамат журналистика саласында тынбай еңбектеніп келеді. Бұл салада 1985 жылдан бастап қызмет атқарса, мерейтой иесі мемлекеттік қызметте де өзіндік қолтаңбасын қалдырған. 2000 жылдары Ақтөбедегі Мұғалжар ауданы әкімінің баспасөз хатшысы, аудандық ішкі саясатта бас маман қызметтерін абыроймен атқарған. Жалынды жастық шақта көршілес облыста тәжірибе жинақтаған Шаһарбек Балтабайұлы 2007 жылы өзі туған жерге келіп, аудандық газетте еңбек жолын жалғастырды. Алғашында сектор меңгерушісі болған қаламгер 2011 жылдан бастап аудандық басылымның жауапты хатшысы ретінде абыройлы еңбек етіп келеді. Аудан журналистикасында өзіндік қолтаңбасы бар қарымды қаламгер салада еңбек ете жүріп бірнеше кітаптың авторы атанды. Өз мақалаларына аудан жетістіктерін арқау етіп, барлық салада қалам тербеген тәжірибелі журналистің өмір жолы мен атқарған еңбегі жас буын үшін үлгі-өнеге. Бүгін міне, сол қажырлы еңбектің нәтижесінде құрметке бөленіп, абыроймен зейнет демалысына шығудасыз. Бұл – азамат үшін бақыт, абырой деп білемін, – деді аудан әкімі Талғат Тұрсынұлы.

Кейінгі толқынға ақылшы аға болатынына сенім білдірген аудан басшысы мерейтой иесіне аудандағы ең жоғарғы марапат – «Құрмет грамотасын» табыстап, сый-құрмет көрсетті.

Мерекелік қабылдауда аудандық ардагерллер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы ауданның рухани мұрасын өркендетуде қаламгердің үлесі зор екенін атады.

Сондай-ақ, «Сыр медиа» ЖШС Бас директорының бірінші орынбасары Марат Аралбаев Ш.Нұрсейітовтың 40 жылға жуық журналистика саласында мерейлі еңбегіне тоқталып, облыс әкімінің «Алғыс хатын» табыс етті. Сонымен бірге, «Сыр медиа» Бас директорының «Алғыс хатымен» марапаттады.

Өз кезегінде мерейтой иесі Шаһарбек Балтабайұлы құрмет көрсеткен аудан басшысы мен серіктестік басшылығына ризашылығын білдірді.

15 қараша 2020 ж. 490 0