Қаламы қуатты, сөзі өтімді
Іргелі ұжымының мақтанышы әрі жас буынның ұстазы Шаһарбек Нұрсейітовтің есімі Сырдария ауданына ғана емес, Сыр өңірі мен Ақтөбе аймағына да етене таныс. Өйткені, ардақты азаматтың еңбек жолы Тереңөзек ауданында басталғанымен, абыройлы жұмыстардың жауапкершілігімен көршілес облыста да біраз жыл еңбек еткен. Қуатты қалам иесі өмірдің барлық кезеңін абыроймен өткеріп, бүгінде асқаралы алпыстың биігінде жақсы аға, жақсы әке, жақсы жар, жақсы ата болып қуанышқа кенеліп жүр.
Аудандық газеттің жауапты хатшысы Шаһарбек Нұрсейітов 1957 жылы Тереңөзек ауданына қарасты Қараөзек ауылында дүниеге келген. 1974 жылы аудан орталығындағы №35 орта мектепті бітіріп, үлкен өмірге жолдама алған оның алғашқы еңбек жолы СПТУ-88 мекемесінде лаборант, тәрбиеші ретінде басталған. Кейіннен Жезқазған қаласында білім алып, білім саласындағы жемісті еңбек жолын жалғастырған Шаһарбек Балтабайұлы 1985 жылдан бастап журналистика саласына қызмет ауыстырған.
«Журналистика саласында еңбек еткен маман кез келген салада жемісті қызмет істей алады» депті мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза. Осы сөз Шаһарбек Балтабайұлына қарата айтылғандай. Себебі, білім саласында биік белестерді бағындырған ол мемлекеттік қызметте де өзіндік қолтаңбасын қалдырған. 2000 жылдары Мұғалжар ауданы әкімінің баспасөз хатшысы болған ол жетекші маман, бас маман, бөлім меңгерушісі қызметтерін де абыроймен атқарған. Мұның бәрі ізденістің, жұмысқа деген жауапкершіліктің белгісі.
Жалынды жастық шағында көршілес облыста жұмыс істеп тәжірибе жинақтаған азамат 2007 жылы өзі туып-өскен Тереңөзекке келіп, аудандық газетте еңбек етіп келеді. Алғашында сектор меңгерушісі болған қаламгер 2011 жылдан бастап аудандық басылымның жауапты хатшысы. Өзге журналистерден ерекшелігі – Шаһарбек Балтабайұлы тақырып талғамайды. Қаламы жүйрік. Кез келген саланың бүгіні мен ертеңін һәм болашағын қаламына арқау етіп, зерттеп, зерделесе, ол тақырыпқа қайта айналып соғудың қажеті жоқ. Өйткені бірнеше кітапқа жүк боларлық дүниені шағын мақалаға-ақ сыйғызып, мақаласының мәні мен маңызын нақты дәлелдермен айшықтап, ойлы оқырманға керемет туындыны тарту еткенде сүйсінесіз, қызыға қарайсыз. Көзі қарақты оқырман мұны әлдеқашан-ақ мойындаған.
Ардақты азаматтың көпшілікке үлгі етерлік тағы бір қыры – ізденімпаздағы. Қашан көрсеңіз де аудан тарихын, тұлғалар өмірін зерттеп, мәліметтер жинақтап жүреді. Соның негізінде ол бүгінде бірнеше кітаптың авторы атанды. Оның ішінде Нағи Ілиясов ауылындағы іргелі істер керемет суреттелген «Ауыл адамдарымен көрікті» атты кітаптың орны ерекше. Ол кітапты оқыған адам берекелі ауылға бармаса да барып келгендей күй кешеді. Ал жасындай жарқ етіп, бақиға бағыт алған құқық қорғаушы Талғат Қозыбаевтың өмір жолы өрнектелген «Жалындап өткен жиырма бес» кітабын іздеушілер әлі де көп. Сондай-ақ былтыр жарыққа шыққан «Тереңөзектің түлектері» атты тамаша кітабы балалық балдәурен кезеңін сағынған қаншама азаматтың жанына жұбаныш болды десеңізші... Бұл қаламгер қаламынан туған туындылар оқырман қауым арасында жоғары сұранысқа ие деген сөз.
Қаламгер – қоғамдық іс-шаралардың тұрақты қатысушысы. Ол аудандық мүшәйралардың басы-қасынан табылып, жастарға ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар беріп келеді. Сондай-ақ кітапхананың да тұрақты оқырманы. Елбасы төрағалық ететін Nur Otan партиясының белсендісі. Партияның аудандық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Қоғамдық кеңестің төрағасы. Қазақ тілінің жанашыры. Ағайдың мұның бәріне үлгеруі отбасындағы ырыс пен ынтымаққа байланысты деп ойлаймын. Өйткені асыл жары Фатима апайдың, ұлы Дәуіржан ағамыздың Шаһарбек ағайды құрметтеуі кез келген перзент үшін өнеге. Қазаны оттан, ерлері аттан түспеген әулетке бақ қонып, қыдыр ұялаған. Лайым, баянды болсын!
Ісі нық, сөзі өтімді азаматтың бақыты – мамандығы мен ұрпақтары. Мамандығы бойынша бағындырған белесінде есеп жоқ. 1988 жылдан бастап КСРО Журналистер одағының мүшесі. ҚР Байланыс және ақпарат министрінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. Nur Otan Партиясы Төрағасының бірінші орынбасарының, облыс, аудан әкімдерінің, басқарма, департамент басшыларының Алғыс хаттары бір төбе. Кеудесінде жарқыраған медалдары да қажырлы еңбекке берілген лайықты баға іспетті. Оның ішінде «Сырдария ауданының 90 жылдығы» мерекелік медалінің орны ерекше. Себебі, туған жерден алған алған марапат кез келген азамат үшін қымбат. Айта кету керек, былтыр Сырдария ауданының әкімі Руслан Рүстемов «Ақпарат саласының үздігі» деген арнайы атақ беріп, «Алтын қалам» аталымы бойынша марапат биігінен көрінді. Мұның барлығы ағай үшін мерей болса, біз үшін мақтаныш. Түптеп келгенде, осындай ардақты азаматтардың арқасында аудандық газет редакциясының табалдырығы төр, төрі тұғыр болып тұрғаны анық.
Балтабай ОРДАБЕКОВ