Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үздіктер қатарынан көрінді

Үздіктер қатарынан көрінді

Жақында Жаңақорған ауданында 10 тамыз – Абай күні аясында ардагерлер арасында облыстық «Абай» әлемі атты өнер фестивалі өткізілген болатын. Өнер фестиваліне Сырдария ауданы атынан қарымды қаламгер, ардагер-журналист, ақын Шаһарбек Нұрсейітов пен дәстүрлі ән орындау шебері Шолпан Жанбосынова қатысты.

Өнер фестивалінің негізгі мақсаты – ел арасында ардагер жазба ақындары мен әншілердің шығырмашылық ізденесін ынталандыру мен ұлғайту болып табылады. Шығармашылық байқауында «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» бөлімі бойынша қарымды қаламгер Шаһарбек Нұрсейітов «Қазақтың данышпаны» және «Бағаң қандай удай» тақырыбындағы өлеңдерін ұсынды. Ал дәстүрлі әнші Шолпан Жанбосынова Абай Құнабайұлының «Көзімнің қарасы», халық әні «Әриайдай» әнін шырқады.

Облыстық өнер фестивалінде аудан намысын дәстүрлі әнші Шолпан Жанбосынова екеуміз абыроймен қорғағанымызға қуаныштымыз. Өткен жылы «Абай күні» ресми түрде тойланып, биыл жалғасын тапты. Қай кезде де хакім Абай Құнанбайұлының ұлт руханияты үшін жасаған еңбегін насихаттай беруіміз керек. Данұшпан Абайдың мол мұрасын жас ұрпақ білгені, санасына түйгені дұрыс. Міне, осындай мақсатта Жаңақорған ауданындағы байқау өз дәрежесінде өтті. Ардагерлердің өнерін дамыту мақсатында мұндай игі іс-шаралар жалғасын тапса дейміз, – деді халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Балтабайұлы.

Байқау нәтижесінде, белсенді ардагерлер Шаһарбек Нұрсейітов пен Шолпан Жанбосынова қазылар алқасының шешімімен үздік деп танылып, арнайы «Диплом» мен бағалы сыйлыққа ие болды.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
18 тамыз 2021 ж. 372 0