Бауырына бала салып беру – қазаққа тән қасиет

«Құдай алдында сұраусыз»
Жаратушы шеберлігінде шек жоқ. Біреуге баланы молынан береді, ал біреуді перзентке зар етеді. Ол да тағдырдың басқа салғаны, оның себебі түрліше болуы да мүмкін. Мәселен, бұрындары өмірге келген шарананың бірінен кейін бірі шетінеп кеткен кездері болған. Одан бөлек, бүгінгідей медицина дамымаған тұста ұзақ уақыт бойына бала сүйе алмай, мұңлы болған отбасылар да көп кездескен. Тіпті, түп-төркіні өмірден алынған біздің қазақ ауыз әдебиетінде «Бір перзентке зар бопты» деп келетін тұстар жетерлік. Міне, осындай жағдайда ет жақынын бауырына тартып, оның отбасының шырқы бұзылмау үшін ағайыны көмекке келген. Өз кіндігінен өрбіген сәбиді жас отбасының бауырына салып беріп, «Құдай алдында сұраусыз, сулы жерде пісіріп же, сусыз жерде қуырып же, жоқтамаймын, тек тірі жүрсе болды» деген.
Адам тағдыры түрліше өрбиді десек, бұған мысалды алыстан іздеп қажеті жоқ. Аудан төңірегінде осы қазақы ұстанымды ұстанған отбасылар кездеседі. Атын атамауды айтқан кейіпкеріміз кезінді бір ұлын қайынағасы мен абысынының бауырына салып берген екен.
– Қайынағам мен абысыным ұзақ жыл балалы бола алмады. Мен келін болып түскеннен кейін Құдай берген ұл-қыздарымды босандым. Сол шақта әулетіміз қайынағам мен абысынымның отбасы шайқалмауы үшін тілеулес болды. Атам мен енем бізге екінші ұлымыз дүниеге келгенде нәрестені абысынымның бауырына салып беруді айтты. Әрине, бауыр еті балаңды беру оңай емес. Бірақ ата-енеміздің айтқанын тыңдап, бір отбасының бақыты үшін баламызды бауырына салып бердік. Сол кездегі қайынағам мен абысынымның қуаныштары қойнына сыймады. Одан кейін біздің ұл-қыздарымыз өрбіді. Бауырына салғаннан кейін абысыным тағы да ұл-қызды болды. Сол кездерде кейіген кезіміз болған еді, кейіннен бір отбасының шырқын бұзбай сақтап қалуға себепші болғанымызды түсіндік, – дейді кейіпкеріміз.
Иә, ел ішін аралап жүргенде мұндай жағдайлармен көп кездесеміз. Кейбірі өскеннен кейін бауырына салғанын біліп жатады, кейбірі мұны айтпайды. Не де болса, сол кезеңдердегі қазақы салт ағайын арасын жақындатып, халқымыздың кеңпейіл екенін көрсетеді. Бұл – тек қазаққа ғана тән қасиет.
Бүгінгінің көзқарасы
Бұрындары медицинаның дәл қазіргідей «жоқтан бар жасай алатындай» дамымағанын тілге тиек еттік. Ал қазір ұрпақты «өмірге әкелудің» сан түрлі әдісі шықты. Десе де қоғам өзгеріс үдерісіне түскен сайын ерлер мен әйелдерде белсіздік пен бедеулік мәселесі белең алған.
«Azattyq-ruhy» ақпараттық агенттігі көрсеткен статистика бойынша қазір орташа есеппен бедеулік жиілігі – 15 пайыз және бұл көрсеткіштің өздігінен азаю үрдісі байқалмайды екен. Диагностиканың қазіргі заманғы әдістерінің дамуы бедеуліктің нақты себептерін анықтап, оны емдеу жолдарын іздеуге көмектеседі. Бедеуліктің 40 пайыздай жағдайы ерлердің репродуктивті жүйесі жұмысына байланысты. Ал аралас бедеуліктің жиілігі 30 пайызды көрсеткен. Осы тұста, бүгінде бала сүюді жоспарламайтын отбасылық жұптардың 11 пайызы заманауи әрі тиімді контрацептивтерді пайдаланады. Демек, бүгінгі қоғамда медицина қанша дамыса да бала сүюге зар болып отырған отбасылар да соншалықты көбею үстінде деген сөз.
Міне, осындайда отбасы ұйытқысын сақтау үшін бұрынғыша қазақы салтты ұстанатындар бар ма екен деп көрдік. «Жоқ екен» деп үзілді-кесілді айта алмаймыз, дегенмен кездестіре де алмадық. Содан жас отбасылардың бұған деген көзқарасын білдік.
– Әрине, баланы бауырына салып беру дегенді білмейді емес, білеміз. Бала кезімізде үлкендерден көп естісек, кейін өсе келе бауырына салып бергендерді кездестірдім. Бірақ бүгінгі қоғамда «Баланы бауырына салып беріпті» дегенді естіген жоқпын. Оның сан алуан себеп-салдары бар. Мәселен, ілгеріде әрбір қазақ отбасында 10-15 балаға дейін болған. Менің әкемнің өзі 12 ағайынды. Ал қазір ең әрі еткенде 4-5 баладан аспайтын болды. Көбінде жанұяда 2-3 бала ғана бар. Сондай-ақ бүгінде әйелдердің денсаулығы да нашар. Сондықтан бауыр еті баласын басқаның бауырына салып беру туралы әңгіме көп қозғалмайды , – дейді жас ана Ш.Қуанышева.
– Қазір перзентті болу үшін медицина жақсы дамыды. Кейде оның көмегімен де балалы бола алмай жататындар кездеседі. Бірақ қазір баланы бауырына салып беруді ойлайтындар көп емес. Оның орнына ажырасып кетіп, басқамен некелесіп жатады. Соның салдарынан отбасының шырқы да бұзылады. Тағы бір айта кететіні, қазіргілер ұзақ жыл бойына перзентті болмаса, бала асырап алуға жүгінеді. Сол себепті де қазір ағайыны болса да баласын бауырына салып беретіндерді кездестіру қиын, – дейді көпбалалы ана Н.Төремұратқызы.
«Өз тегімен шақырылады»
Тағдыр салған тауқыметпен кейде шарана кезінен баланы нағашылары тәрбиесіне алып жатады. Мұндай жағдайлар да бізде көп кездеседі. Осындайда баланың тегімен қоса руы да өзгеріп жатады. Яғни, бала нағашысының атына жазылып, соның қолында тәрбие көреді. Кейін өсе келе олардың шындықпен бетпе-бет келетіндері бар. Оның балаға қаншалықты ауыр тиетінін айтып жеткізу де мүмкін емес шығар?!
Бұл жерде айтпағымыз басқа. Бұған діни тұрғыдан да қарау керек. Дін мамандары қазақ қоғамында баланы асырап алу, бауырына салып беру көп кездесетінін айтады. Десе де өткінші өмірде әр пенде жан тәсілім етеді. Сондай шақта, яғни жаназа шығарарда кей уақытта мәселе туындайтыны жасырын емес.
– Мұндай жағдаймен бір емес, бірнеше рет кездестік. Ес білмей тұрған шағында бауырына басып, кейіннен олардың тегі де өзгеріп кететін жағдайлар болады. Дегенмен, асыл дінімізде арғы дүниеге барғанда әркім өз тегімен шақырылатыны айтылады. Қасиетті Құранның «әл-Ахзаб» сүресінің бесінші аятында Алла: «Оларды (асырап алған балаларды) әкесінің атымен шақырыңдар, бұл – Алланың алдында неғұрлым әділ. Егер сендер олардың әкелерін білмесеңдер онда олар сендердің діндегі бауырларың және тәрбиеленушілерің болып табылады» делінген. Сондықтан қандай жағдай болса да әркім өз әкесінің тегін білуі міндетті және сол арқылы шақырылады, – дейді ауданның бас имамы А.Асқарұлы.
Қорытындылай айтсақ, баланы бауырына салып беру бұрындары болды. Ал қазір бұл дәстүрге иек артатындар жоқтың қасы. Десе де мұның астарында қандай мән бар екенін жоғарыда атап өттік. Сондықтан арғысын өзіңіз ойталқыға салып көріңіз, ойлы оқырман!
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ