Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Баланы қырқынан шығару

Баланы қырқынан шығару

Көне заманнан бері келе жатқан дәстүрлердің бірі – баланы қырқынан шы­ғару. Осы күнге дейін жал­ғасып келе жатқан дәстүр дүниеге сәби келген бар­лық отбасында жаса­лады.

«Бір қозы туылса, бір түп жусан артық шығады» дейді халық даналығында. Қазақ қашанда бала санын шектемеген. «Балалы үй базар» деп жаңа туған сәбиге той жасаған. Қазақ халқында сәби ана құрсағында біткеннен бастап, түрлі сән-салтанатпен жасалатын жоралғы бар. Мәселен, құрсақ той, шілдехана, бесік той дүниеге келген сәбидің құрметіне, анасының, отбасының қуанышына жасалатын мереке. Ал шақалақты күн сайын шомылдырып, оны маймен сылап-сипау, сәбидің тез шынығуына, шымыр болуына, ауру-сырқаудан аман болуына жасалатын ырым. Осылайша, қырық күн бойы бала күтімімен қатар, анасына да қалжа беріп, белін қатайтуға ырымдайтын халқымызда баланы қырқынан шығару дәстүріне аса мән берген.

Жаңа туған сәбиді қырық күн толғанда әулеттің туыс­тары әйел адамдар мол дастархан басында жиналады. Ас ішіліп болған соң, сол әулетке жақын әйел адам баланы «қырқынан шығару» рәсімін өткізеді. Айнала қоршалап отырған қыз-келіншектер, әйел-аналар ыдысқа салынған күміс әшекейлер мен тиынның үстіне әрқайсысы жақсы тілек айтып ағаш қасықпен су құяды. Ыдыстағы сумен баланы шомылдырып, аяқ-қолының тырнағы, қарын шашы алынады. Ыдыстағы күмістерді отырғандарға ырымдап таратып береді. Ал үй иесі иткөйлегіне кәмпит салып, иттің мойнына байлап жібереді. Иттің соңынан қуған балалар кәмпитті алып жесе, иткөйлекті бала көтере алмай жүрген келіншекке ырымдап береді.
– Баланы қырқынан шығару ер бала болса 40 күнді толтырып, қыз бала болса 37 күнде шығара береді. Бұл – ер бала қыз балаға қарағанда кештеу ширайды деген сенімнен болса керек. Ал қазір керісінше боп кеткен. Уақыт өткен сайын дәстүр жаңғырғаны ма қыз баланы қырық күннен асыра шығарса, ер баланы жеткізбейді. Бұл – дәстүрді қазіргі жас­тар басқаша ырымдаса керек. Негізінен, қыз бала 9 жаста, ер бала 12 жасында балиғатқа толатындықтан, ер баланы 40-41 күнде шығаратыны дұрыс деп ойлаймын, – дейді кент тұрғыны О.Жұманазарова.
Бұл – дәстүр туралы этнограф ғалымдар да ғылыми негізде жауап берген. «Жалпы алғанда, баланы қырқынан шығарудың керемет ғылымдық және философиялық танымы бар. Жаңа туған баланың мойны 40 күнде бекиді, еңбегі 40 күнде қатаяды. 40 күнде бала толық қара құлақтанады. Бала туған үйге түнде таң атқанша 40 күн шырақ жағып қояды. Ол бір жағы қауіп-қатерден сақтаса, енді бір жағы өмір бойы жарығы сөнбесін деген ырым. Оттай маздап өссін деген жақсы ырымы. Босанған ананың да белі 40 күнде қалпына келеді, 40 күнде толық қол-аяғын бауырына алады. Қалжа жеп қалжырағаны басылады. Қазақ осындай ерекшелікті ескере отырып баланы қырқынан шығару деген өте тамаша, керемет маңызы бар дәстүр-салтты жасаған», – дейді ғалым Болат Бопайұлы.

«Өмірлі бол», «Өнерлі бол», «Өркеннің өссін» секілді жақсы тілек айтылатын қазақтың керемет дәстүрі сәбидің аурушаң болмауымен байланысты. Яғни, қырқынан шық­қандағы су баланың барлық денесіне тиюі маңызды. Су то­лық тимесе, кейін балаға жара шыққыш болады деп сенген.

Ескіден келе жатқан тағылымы мол аңыз-әңгімелерде бала көтере алмай жүрген жас келін иткөйлекті басына жас­тап жатса, келін жүкті болады деп ырымдаған. Ал ұзақ уақытқа жорыққа кеткен ер азамат өзімен бірге баласының көйлегін алып жүрсе «жолым болады» деп сенген. Шын мәнінде, 40 күн сәби киген жейденің өзіндік қасиеті болатыны рас болуы мүмкін.

Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ

19 қараша 2022 ж. 1 080 0