САТЫП АЛУ
Бұрын елді сан түрлі дерт жайлаған деседі. Бұның ішіндегі ең ауырының бірі «бедеулік» жас отбасыға кері әсерін тигізген. Мұндайда отбасын сақтау үшін туысының баласын асырап алған. Жетімге демеулік еткен. Сонымен қатар, қанша бала көтеріп, дүниеге сәби әкелгенімен бірінен кейін бірі шетінеп тұрақтамаған. Осы белең алған қасіретті қазақ отбасылары «сатып алу» салтымен тоқтатқан.
Сатып алу салты бойынша бала тұрмаған отбасыдан елдегі бақсы, балгерлер әлгі үйге келіп, «менің баламды ұрлап алыпсыздар, өзім алам» деп нәрестені ата-анасының қарсылығына қарамастан үйіне алып кетеді. Бірнеше күннен кейін жаңағы балгерге барып, әке-шешесі «баланы сатып алады». Қарт ана баланы керегенің астынан алып береді. Содан кейін баланың өмір жасы ұзақ болсын деген ниетпен жеті кемпірдің екі аяғының астынан өткізіп алады. Бұл ретте ырымдап сатып алынған балаға ұзақ жасаған аузы дуалы, көпті көрген кісілердің есімін қояды.