Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнер мектебінің жұмысы жандана түскен

Өнер мектебінің жұмысы жандана түскен

Бүгінде елу жылға жуық тарихы бар Сырдария аудандық өнер мектебі талантты шәкірттерді тәрбиелеу үстінде. Сан түрлі жанр бойынша өнерлі өренге білім беретін ұстаздар еңбегі ерекше. Қазіргі уақытта баян, скрипка, домбыра, фортепиано, қобыз, би, вокал, труба, дәстүрлі ән мамандығы бойынша білім ошағында бірнеше тәжірибелі маман жұмыс жасайды. Өнердің қыр-сырына қаныққан шәкіртердің қол жеткізген жетістігі көп. Өз кезегінде Сырдария аудандық өнер мектебінің директоры Марат Сәдуақасовпен  жыл көлемінде атқарылған жұмыстарды зерделеу мақсатында кеңінен сұхбат жүргізген болатынбыз.


– Марат Сансызбайұлы өзіңіз басқарып отырған өнер ордасы жайында кеңінен ақпарат бересіз бе?

– Аудан орталығы Тереңөзек кентінде орналасқан аудандық өнер мектебі өткен ғасырдың 1971-1972 оқу жылында ашылған еді. Содан бері тұрақты түрде өнерлі жастарға мектеп ұжымы  сапалы білім беруде. Әрине, буындар алмасуы болды. Дегенмен, іргелі ұжым абырой биігінен түспей келеді. Осы күні мектебізде әр түрлі мамандық бойынша 344 оқушы білім алады. Сонымен бірге осыдан 9 жыл бұрын Амангелді, Қоғалыкөл, Асқар Тоқмағамбетов, Қалжан ахун ауылдарында өнер мектебінің филиалдары жұмысын бастады. Ал, өткен жылы Сәкен Сейфуллин ауылында жаңа филиалымыздың лентасын қиған едік. Әрбір филиалда 126 оқушы домбыра, баян, труба, фортепиано, хореграфия, дәстүрлі ән пәні бойынша білімін жетілдіруде. Сондай-ақ мектебізде оқушылар оркестрі, қобызшылар ансамблі, «Балауса» домбырашылар ансамблі, «Тұмар», «Назкерім», «Еркеназ» бишілер ансамблі, скрипкашылар ансамблі, оқушылар хоры жұмыс жасап келеді. Бұл ретте, ұстаздардан  құрылған «Сыр сазы» фольклорлық ансамблін айрықша атап өткен дұрыс. Ансамбль облыстық «Наурыз шапағаты» мұғалімдер шығармашылығы фестивалінің бірнеше дүркін лауреаты. Облыстық фольклорлық ансамбльдер байқауының лауреаты атанған. «Сыр сазы» фольклорлық ансамблі аудан, облыс көлемінде өткен көптеген мәдени іс-шараларда өнер көрсетуде. Жалпы, өнер мектебінде 42 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде, 32 мұғалім бар.
Өткен жылы өнер мектебінің ғимараты көгілдір отынға қосылды. Жаңадан бу қазандығы салынып, заманауи пеш орнатылды. Өнер мектебі толықтай газбен жылытылады. Бұл – жаңалықты естігенде ата-аналар мен ұжым қатты қуанды. Біз көгілдір отынның игілігін көрудеміз.  
– Ұстаздардың біліктілігін арттыру қалай жүзеге асады?

– Жалпы, өнер мектебінің мұғалімдері  аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Құрақтың Досжаны» халық аспаптар оркестрінің мүшелері болып саналады. Оркестрдің жетекшісі әрі дирижеры – өнер мектебінің ардагер ұстазы Сансызбай Сәдуақасұлы. Аталған өнер ұжымы аудан, облыс көлемінде жыл бойы өткізілген барлық мәдени шараларда өнер көрсете білді.


Жас ұрпаққа берілетін білім мен тәрбие қоғам мен заман талаптарына сай болуы керектігі мәлім. Осы мақсатта Сырдария ауданының өнер мектебі біршама жұмыстар атқаруда. Мектебізде әрбір ұстаз кезектілік бойынша 3 жыл сайын Астана, Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларына барып, біліктілігін арттыруда. Ұстаздардың кәсіби деңгейін жоғарылату мақсатында бірнеше семинар ұйымдастырылып тұрады. Өткен айда Қызылорда қаласындағы Мүлкімән Қалауов атындағы өнер мектебінде хореграфия мамандығы бойынша өткізілген семинарға ұстазымыз Ардақ Тоқберішова қатысты. Ал сольфеджио пәнінің мұғалімі Әсемкүл Құлтайбаева Арал ауданына іс-сапармен барып, облыстық семинарда белсенділік танытты. Шіркейлі ауылында ұстаздарымыз өз тәжірибе алмасудан өтеді деген жоспар бар.  

Жыл көлемінде оқушылардың қол жеткізген жетістіктері көп шығар. Сонымен бірге өнер мектебінің түлектері жөніде не айтасыз?


– Шын мәнінде,  оқушыларымыз халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Олар мектебіздің атын жақсы жағынан көптеген өнер бәсекелерінде шығаруда. Барлық шәкірттеріміз толағай табыстарға қол жеткізуде. Күй, би, ән, қобыз секілді бірнеше жанрда өнер көрсететін мектеп оқушылары өзіндік мәні бар байқауларда ерекше даралануда. Республика көлемінде кәсіби музыканттар тарапынан байқауларда орындаған шығармалары жоғары бағаға ие. Жыл көлемінде орасан табысқа қол жеткізген ұстаздар мерейі үстем. Халықаралық дәрежедегі байқаудан орын алу – үлкен еңбек. Әркез байқауға бармас бұрын баланың орындайтын шығармасына талдау жүргізіміз. Әбден шыңдалып, шығармаға төселген өнерпазды байқауға қатыстырымыз. Қай кезде де, жетістікке жету жолында жан-жақты дайындық жүргізіледі. Бір жағынан ұстаз бен шәкірт жауапкершілікті айқын сезінеді. Әрине, «Шын мықтыға тұсау жоқтығы» анық.

Біз қашанда   мектебіміздің  өнерлі түлектерімен мақтанамыз. Ұстаздарымыз музыка мамандығын таңдап, өздері қанат қағып ұшқан алтын ұя мектебіне келіп, ұстаздық қызмет жасауда. Атап айтсақ, Гүлзия Ешмұратова, Роза Арғынбаева, Талғат Сәдуақас, Мейрамбек Кенжебаев, Бауыржан Үсенов, Зере Абуталипова, Ғалымжан Сансызбай, Абылайхан Қилымханов осы мектептің түлектері. Бүгінде өз ұстаздарымен әріптес болған ұлағатты жандар өскелең ұрпаққа эстетикалық ұлттық тәрбие беруге елеулі үлес қосуда.

Қашанда әрбір жетістігімізге марқайып отыратын ардагер ұстаздарымыз Жантемір Айсин, Сансызбай Сәдуақасұлы, Қаншайым Ерғалиева, Әлия Аманбаева мектеп ұжымынан ақыл-кеңесін аямайды. Өнер иелерінен тәлім-тәрбие алған біршама шәкірттеріміз облысқа, республикаға белгілі өнер  майталмандары. Есімдерін жатқа білетін шәкірттеріміз солар секілді биік шыңдарды бағындыруды қалайды.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
30 қараша 2022 ж. 257 0