Өнер мектебі – таланттар шеберханасы
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерейлі мерекесі аясында аудандық өнер мектебінің «Ән-жырым саған – Тәуелсіз елім» тақырыбында концерті өткізілді. Шығармашылық кешке аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Омаров, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, білім саласының ардагерлері мен мамандары, кеш қонақтары қатысты.
Шығармашылық кеш өнер мектебінің оқушылары мен ұстаздарынан құралған ұлттық аспаптар оркестрінің орындауында Құрманғазының «Балбырауын» күйімен басталды. Өз кезегінде домбырашылар тобы көпшілікке «Күй тартысымен» ерекшеленді. Бұдан кейін дәстүрлі ән шеберлері Арайлым Оразбаева, Еңлік Ибрагим, Нұрахмет Мансұров ән шырқап, арнау өлең оқыды. Өнерлі өрендер мен ұстаздар құрметіне аудан әкімі М.Ергешбаевтың ықылас гүлі сахнаға шығарылды. ІІ республикалық телевизиялық «Айгөлек» өнер байқауының лауреаты «Тұмар» бишілер тобы «Қазақ» биін биледі. Ал А.Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Құлақтан кіріп бойды алар» атты республикалық өнер байқауының бас жүлде иегері Меруерт Ертаева ұстазы Шара Нұрадинова мен Салима Усманованың сүйемелдеуімен «Көктем» шығармасын, орыс ұлтының халық әндеріне жазылған варияцияларды облыстық жас музыканттар байқауының лауреаты Инабат Қайратқызы ұстазы Роза Арғынбаеваның сүйемелдеуімен орындады. Халықаралық өнер байқауларының лауреаттары ағайынды Нұралы, Бейбарыс Бакишев пен Нұрасыл Сәдуақасовтың баян аспабымен орындаған шығармалары көпшілік көңілінен шығып, қошеметке бөленді.
Бүгінде ауданға қарасты төрт елді мекенде өнер мектебінің филиалдары жұмыс жасайды. Негізінен, Қалжан ахун, Асқар Тоқмағамбетов, Сәкен Сейфуллин, Қоғалыкөл елді мекендерінде музыка өнеріне баулитын ұстаздар қатары жеткілікті. Көрермендерге Қалжан ахун ауылының «Назкерім» би тобы татар биін, Динаның күйі «Науысқыны» II Халықаралық «Жас толқын» өнер байқауының лауреаты «Балауса» домбырашылар ансамблі орындады. Сондай-ақ, «Этюд» шығармасымен республикалық «Атадан мұра» өнер байқауының бас жүлде иегері Данил Семенов, «Маленький негрятенок» шығармасымен облыстық «Весенняя капель» пианисттер байқауының жеңімпазы Аяна Тұранова ерекше өнер көрсетті. Ал «Сәлем саған, туған жер» әнін Нұрай Сәдуақасова шырқады. Ерекше қойылымға толы түрік биін «Тұмар» бишілер тобы биледі.
Кеш барысында өнер мектебінің әр жылдардағы түлектері өз шығармашылығымен танылды. Мәселен, Мәншүк Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледжінің мұғалімі Жандос Сансызбай «Астория», Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің студенті Бақберген Қуанышұлы «Левитанинг» шығармаларын орындады. Шығармашылық кешті «Мәңгілік ел» әнімен арнайы вокалдық топ қорытындылады.
– Өнер мектебінің ұжымы «Ән-жырым саған – Тәуелсіз елім» тақырыбындағы есеп беру кешіне жыл бойы дайындық жүргізді. Пандемия уақытында шәкірттеріміз онлайн және офлайн байқауларда топ жарды. Осыған дейінгі уақытта ұстаздарымыз шәкірттерімізге музыка өнерінің қыр-сырын үйретіп, қабілетін шыңдауда. Кеш барысында әлемдік дәрежеде орындалатын шығармалар арнайы таңдалып алынды. Көрерменнің оқушыларымыздың шын талантын бағалап, қолдау көрсеткені қуантады. Бұл ретте, көпшіліктің алдында жақсы өнер көрсету үшін ұстаздар мен оқушыларға зор жауапкершілік жүктеледі, – деді аудандық өнер мектебінің директоры Марат Сәдуақас.
Айта кету керек, аудандық өнер мектебінің іргетасы 1972 жылы қаланып, осы кезеңге дейін аталған мектепті 700-ге жуық түлек бітіріп шыққан. Олар бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде өнер мен білім секілді салаларда еңбек етіп, ел өркендеуіне сүбелі үлестерін қосып келеді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ