Өмірім газетпен тығыз байланысты
Мен сонау бала кезімнен газеттен бас алмайтынмын. Содан бері өмірім осы тарих таспаланған, жаңалық жаршысы болған жергілікті газетпен тығыз байланысты. Өйткені, осы жергілікті баспасөз құралы арқылы елде, өңірде, ауданда болып жатқан жаңалықты біліп отырамын. Сондықтан әр нөмірін үзбей оқып, ел тынысымен танысып отырамын.
Жалпы, газетке жазылып оқитын адамның ой-түсінігі озық болады. Оны үнемі газет, кітап оқитын жандардың бойынан анық көремін. Олар ел алдында бас көтеріп, сөз айта алады, сөз жүйесін біліп, мінез-болмысында ұлтқа деген жанашырлығы көрініп тұрады. Сондықтан да газет ұлтты тәрбиелейтін құрал десем артық айтқандық емес.
Аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бағыт-бағдары айқын. Мазмұны бай газет кешегі дәуірде де, бүгінгі Тәуелсіздік жылдарында да тәрбие құралы ретінде тарап жатыр. Жаңа айдарлар ашылып, танымдық материалдар ұдайы беріліп тұрады. Бұл газеттен оқырман өзіне керектісін таба алады.
Ауданның айнасы болып, жағымды жаңалықпен ақпараттандырып келе жатқан жергілікті газеттің басты тірегі – біз секілді оқырман. Сондықтан да газетті күн сайын аса қажет ететін тұрақты оқырман біз болуымыз керек.
Айтайын дегенім, сырдариялықтардың барлық отбасына бір-бірден «Тіршілік тынысы» баруы керек. Ол үшін аудан тұрғындарын аудан айнасына жазылуға шақырамын. Баспасөзді қолдап әрі оқырмандар санының артуына әрбіріміз үлес қоссақ, аудан журналистерінің мәртебесі де биіктей түсері анық.
Рақымжан БӘЙМЕНОВ,
«Сырдария ауданының
Құрметті азаматы»