Ұжыммен жазылу үрдіске айналған
Газет – оқырманымен құнды. Ал оқырман қауым мазмұнды газетті оқығысы келеді. Осы ретте, Сырдария аграрлы-техникалық колледжінің ұжымы мазмұнды ақпараттарға толы жергілікті басылымдарға жазылуды үрдіске айналдырған. Іргелі ұжым аудан айнасы «Тіршілік тынысы» газетіне де тұрақты түрде жазылып, мерзімді баспасөз арқылы ауданның тыныс-тіршілігімен танысып келеді.
Бүгінде Дархан Қожахметов басқаратын Сырдария аграрлы-техникалық колледжінде студенттерге білім берумен қатар тәрбие жұмыстары да жүйелі жүргізіліп келеді. Сонымен қатар талапкерлерге мамандықтар мен кәсіби бағдар бойынша түсіндірме берілуде. Оқытушылардың ортақ міндеті – студенттерді сапалы білім, саналы тәрбиемен сусындату болса, бұл міндетті колледж ұжымы абыроймен атқаруда.
– Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуынан, жаңалықтарынан сыр шертетін жергілікті басылымдарға жыл сайын міндетті түрде жазыламыз. Оның ішінде, аудандық газеттің алатын орны ерекше. Газеттен жерлестеріміз, замандастарымыз және әріптестеріміз туралы жазылған мақалаларды үзбей оқимыз. Аудандық газеттің электронды сайты мен әлеуметтік желілердегі парақшаларына да тіркелгенбіз. Тілшілердің еңбегіне жеміс тілейміз, – дейді колледж директоры Дархан Қожахметов.
Айта кету керек, жаңалықтарға жақын білм ордасы оқу жылын жақсы жетістіктермен қорытындылады. Оқытушылар мен студенттер облыстық білім бәсекелерінде, ғылыми жобалар байқауында топ жарып, сертификаттармен, дипломдармен марапатталды. Бұл жаңалықтар колледждің әлеуметтік желідегі парақшасында тұрақты түрде ақпараттандырылып келеді.
– Газет – рухани азық. Басылымдардың қоғамдағы орнын теледидар мен радио, интернет толықтыра алмайды. Біз жергілікті басылымдарға жазылуды үрдіске айналдырған ұжымбыз. Газеттің әр нөмірін асыға күтіп, жергілікті жаңалықтармен танысуды әдетке айналдырғанбыз. Газетте білім саласындағы жаңашылдықтар туралы мақалалар көбірек жазылса деп ойлаймыз, бұл оқытушылар мен студенттер үшін тиімді болар еді, – дейді колледж кітапханашысы Әсем Нәбиева.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ