Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпір

Мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпір

Соңғы жылдары елімізде үкіметтік емес ұйымдардың қатары көбейіп келеді. Қоғамда үшінші сектор деп аталатын ұйым – мемлекет пен ком­мерциялық ұйымдардан кейінгі орында. Мемлекет адам өмірінің қауіп­сіз­дігін қамтамасыз етумен қатар, то­лыққанды өмір сүруіне жағдай жасап, бақылауға алады. Ал бизнес немесе коммерциялық ұйымдар – жеке адамның табысы. Одан көретін пайда да жеке адамға тиесілі. Үкіметтік емес ұйымдар пайда табумен айналыспайды. Мұның негізі бірнеше адамның бірігуімен қоғамдасып жасайтын бел­сенділер. Яғни, қоғам үшін қажетті жұ­мыспен айналысу – негізгі міндеті.

Жалпы айтқанда, мемлекет үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына әркез қолдау көр­сетеді. Ең алдымен, ұйымдар дайындаған жоба­лары негізінде мемлекеттен тапсырыс алады. Түрлі жиындар өткізіп түйіткілді мә­се­ле­лерді көтереді. Шын мәнінде, үкіметтік емес ұйым мемлекет пен азаматтық қоғам ара­сын­дағы көпір, оларды бір-бірімен тығыз байла­ныс­тырады.

Қоғамның сан түрлі саласын қамтитын аудандағы үкіметтік емес ұйымдардың жұмы­сы­­на, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шең­берінде жергілікті бюджеттен 10 әлеуметтік жобаға 25,5 млн теңге бөлінген. Атап айтқан­да, аудандық ішкі саясат бөлімі, дене шынықтыру және спорт бөлімі және жұмыспен қамту, әлеу­меттік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі арқылы ұсынылған жо­балар қаржыландырылған.
Негізінен, үкіметтік емес ұйымдар сая­­си жұ­мыс­тармен айналыспайды. Олар аза­мат­тардың қоғамдағы белсенділігін арттыру үшін қолдау көрсетеді. Мәселен, аймақтық, аудан­дық, тіпті халықаралық деңгейде іс-шара ұйым­дастырып, өз-өздерін басқарады.

Тәуелсіз еліміздің тарихында үкіметтік емес ұйымдарды мемлекет тарапынан қаржы­ландыру 2002 жылдан басталған. Сол жылы осындай ұйымдарды қолдау туралы арна­йы тұжырымдама бекітілген. Кейін арнайы бағ­дарлама қабылданып, үкіметтік емес ұйым­дардың бірінші съезі де өтті. Мұндай жиынды дәстүрлі түрде өткізу қалыптасып, ел дамуындағы рөлін айқындады. Алғашқы жылдары елімізде үкіметтік емес ұйымдардың саны 5 мыңдай болса, уақыт өткен сайын 20 мыңнан асып, әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру көлемі де өскен. Нәтижесінде, осы ұйымдар қоғамдағы маңызды барлық саланы қамтыды.
Ауданда белсенді жұмыс істейтін үкімет­тік емес ұйымдардың бірі – «Сырдария ау­да­­нының әйелдері» қоғамдық бірлестігі. Биыл бірлестік «Отбасы және неке құндылықтарын сақтау, гендерлік теңдікті насихаттау, отбасылық қа­тынастарды нығайту бағытында іс-шаралар ұйымдастыру» әлеу­меттік жобасы аясында бірнеше іс-шара өткізді. «Отбасы бірлігі – бар жақсылықтың бастауы» тақырыбындағы дөңгелек үстел, жас отбасылардың ауданға белгілі ардагерлермен кездесу, «Әжелер – қо­нақта», «Құндылықтарымыз құлды­ра­масын» қыздар тәрбиесіне байланысты іс-шара, тұр­мысы төмен отбасыларға қайырымдылық кө­мек көрсету, киелі жерлерге саяхат, т.б.ұйым­дастырды.
Сонымен қатар «Мирас» жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігі «Жастар саясатын жүзеге асыру қызметі» әлеуметтік жобасымен жастарды оқыту, спорттық жарыстар, байқау өткізуге қаржыландырылған.

Аудандағы «Сырдария – Нұрдария» қо­ғам­дық қоры бірнеше жобаның жеңімпазы болды. Қор «Қоғамдық санада сыбайлас жем­қор­лықтың көріністеріне жол бермеуді қа­лыптастыру» және аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азамат­тық хал актілерін тіркеу бөлімінің жобаларын іске асырды. Қоғамдық қа­был­дау жүргізіп, азаматтардың ұсы­ныс пікір­лерін жинақтап, арыз-шағым­дарды тыңдады. Ауылдық округтерде кездесулер өткізіп, әдістемелік кітап­ша таратты.
 
«Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған тұлғаларды әлеуметтендіру және олардың құқық­тарын қорғауды іске асыру» және «Жеке кәсіпкерлікті қалай ашу керек?» тақырыптарында «Сырдария – Нұрдария» қоғамдық қорының ұйым­дастыруы­мен семи­нар-тренинг жобасы ұтымды ұйымдас­тырыл­ды.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің мем­лекеттік әлеуметтік тапсырысымен «Асыл мұра – Орда» қоғамдық қоры «Сырдария ауданы көлемінде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу» әлеуметтік жобасы аясында тоғызқұмалақтан, жастар арасында қазақша күрестен сайыс өткізгенін де айту керек. 
Аудандағы «Алғыр ой» коммер­циялық емес жеке қоры «Аудан бойынша мүмкіндігі шектеулі жастар арасында спорттық жарыстар ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы аясында шахмат және дойбы сайыстарын өт­кізді. Сонымен қатар «Сырдария» қоғамдық қорының «Өзге ұлт  өкілдері арасында іс-шаралар ұйымдастыру» жобасы бойынша «Қазақстан – татулық пен бірліктің ордасы», «Ырыс алды – ынтымақ», «Этнос  өкілдері ара­сында  ашаршылық пен саяси қуғын сүргін құр­бандарын еске алу» дөңгелек үстел және т.б. іс-шарасын өткізді.

Үкіметтік емес ұйымдар жұмысын үйлес­тіруде ауданға қарасты барлық ұйымдар жоба жеңімпазы болмайды. Облыстың аумағындағы өзге де қоғамдық бірлестіктер мен қорлар жоба жеңімпазы ретінде ауданда іс-шара өткізеді. Бұл ауданда тір­келген үкіметтік емес ұйымдарының белсенділігін төмендетеді. Сон­дықтан жыл сайын аудандағы қоғамдық бір­­лес­тіктер белсенділік танытып, бөлінетін қаржыға тиімді, маңызды жоба ұсынуы тиіс. Нақты айтқанда, әрбір қоғамдық бірлестік немесе қоғамдық қор қоғам үшін пайдалы, керекті жобалар ұсынып, гранттар ұтып алып, қаржыландырылса, аудан халқы үшін маңызы зор болады.

Үкіметтік емес ұйымдар – ең алдымен, халық­тың үнін, мұң-мұқтажын естіп, билікке жеткізетін дәнекер. Сондықтан елімізде тұрақ­тылық орнауы үшін үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі төмендемеуі тиіс. Қарапайым ха­лыққа керегі де осы.

Бибісара ЖАНӘЛІ
19 қараша 2022 ж. 230 0