Ауданда қанша үкіметтік емес ұйым тіркелген?
Аудан әкімі Р.Рүстемов үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесіп, алдағы уақытта жүзеге асырылуы қажетті басым бағыттар бойынша пікірлерін тыңдады. Дөңгелек үстел форматында өткен басқосуда үкіметтік емес ұйымдардың міндеті, атқаратын жұмысы, проблемалық мәселелері кеңінен талқыланып, келелі ойлар ортаға салынды.
Аудан басшысы мемлекеттің байыпты бастамаларын жүзеге асыру жолында үкіметтік емес ұйымдардың маңызы зор екенін атап өтті.
– ҮЕҰ жұмысын қолдау арқылы ауданда мемлекет пен қоғам, азаматтар мен билік арасындағы конструктивтік диалогқа, қоғамдық келісім мен татулыққа қол жеткізілді. Бұл бірлесе атқарған жұмыстарымыздың жемісі. Бүгінде ҮЕҰ азаматтық қоғамдағы маңызды жұмыстарды атқарушы ғана емес, мемлекеттік әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудағы негізгі күшке айналды. Бұдан бөлек мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда ҮЕҰ қоғамдық пікірді ескере отырып жұмыс істеу мүмкіндігін туғызады. Сондықтан бүгінгі басқосу қорытындысында біз қоғамды дамытуға бағытталған әрбір жоба мен басқа да шешілмей жатқан мәселелерді көтеріп, бірлесіп қарастыратын боламыз, – деді аудан әкімі.
Кездесу барысында көкейкесті мәселелер көтеріліп, үкіметтік емес ұйымдар жетекшілерінен тарапынан бірқатар ұсыныс айтылды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенов, «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ұ.Жанәлиева, «Ұрпақтан – ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің аудандағы жетекшісі З.Сыздықова, «Ізет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ш.Үмбетаев үкіметтік емес ұйымдар жұмысында кездесетін өзекті мәселелер туралы пікірлерін білдірді. ҮЕҰ жұмысын бағалауда техникалық ерекшеліктерді жетілдіру қажеттігін айтып, маңызды ұсыныстарын жеткізді. Бұл жөнінде аудан басшысы салалық орынбасарына, дербес бөлім басшыларына нақты тапсырма берді.
Айта кету керек, бүгінде Сырдария ауданы бойынша 25 үкіметтік емес ұйым тіркелген.
А.ҚҰРМАНАЕВ
Пікір 20