Жергілікті басылымды үзбей оқимын

Соңғы бірнеше жылдан бері түрлі-түсті болып жарыққа шығатын газет аптасына екі мәрте келеді. Таңертең пошта жәшігіне келіп түскен газеттердің арасынан ең алдымен ауданның басылымының бетін ашуға асығамын. Себебі, газетте еліміздегі негізгі жаңалықтардан бастап, танымдық, рухани, мәдени, тарихи мақалалар, жаңалықтар жарияланады. Газеттен жас та, жасамыс та, белгілі саланың маманы да өзіне қажетті дүниені тауып ала алады. Сенбілік беттер ұйымдастырылып, онда журналистердің шығармашылық ізденісінен туындаған қызықты деректердің жариялануы бүгінгі оқырманның сұранысын қанағаттандырғандай. Сонымен қатар байқағаным газет бетінде көптеген жаңа айдарлар өз уақытында шығып тұрады. Әсіресе, кәсіпкерлік саласында кәсібін бастаған жастар туралы, өнегелі өмір иелерінің еңбек жолы туралы мақалалар көптің көңілінен шығуда. Ал туған елден шалғайда жүрген түлектермен сұхбат, балалар шығармашылығына арналған арнайы бетті оқырмандар асыға күтеді десек, артық айтқандық болмас.
Қазір газеттің келесі жылдың бірінші жартыжылдығына жазылу жүріп жатыр. Осы сәтті пайдаланып, газетке де жазылып үлгердім. Негізінен, газет мамандары үйде отырып-ақ баспасөзге жазылуды ұйымдастырып қойған. Барлығы оңай әрі тиімді. Сіз де жазылыңыз, оқырман!
Шырынкүл МҰРАТОВА,
тыл және еңбек ардагері