Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » ҚАЛАМГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ

ҚАЛАМГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ

Биыл аудан айнасы саналатын «Тіршілік тынысы» газетінің 80 жылдық мерейтойы. Осыған орай, жыл бойына айшықты шаралар ұйымдастырылып, аудандық басылымның мерейлі жылын кең көлемде атап өту жоспарланған. Осы жылдың шеңберінде оқырман қауыммен кездесу, газет жұмысын кеңінен ақпараттандыру, жас журналистердің шығармашылығына қолдау білдіру және басқа да мәдени тағылымды шаралар өткізу қолға алынуда. Міне, сол айтулы жылдың алғашқы кең көлемді шарасы Тереңөзек кент клубында өтті. Онда басылымның ардагері, белгілі ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Мұхтар Сақтаповпен және газет ұжымымен кездесу өткізілді.
Алғаш 1939 жылдың 26 наурызында оқырманға тараған газет сол кезден бастап аудан тіршілігін үздіксіз ақпараттандырып келеді. Қоғамдық-саяси, мәдени-спорттық жаңалықтарды, ауданға қарасты әр ауылдағы сүйінші хабарды жеткізуде аудандық басылымның орны ерекше. Тоқсан жылдық тарихы бар ауданның сексен жылдағы жылнамасы аудан басылымына тарих болып қатталды. Осы жылдардың ішінде аудан экономикасының, әлеуетінің артуына аталмыш баспасөз құралының тигізген үлесі көп десек артық айтқандық емес.
Айтулы шарада алдымен газет тарихынан ақпарат берілді. Биыл сексенінші көктемін қарсы алған аудандық басылым көптеген қаламгерлердің, ақын-жазушылардың құтханасы болғаны айтылды. Олардың ауданға сіңірген еңбектері аталып, бүгінгі белесіне шолу жасалды. Осыдан соң құрмет төріне газеттің ақылшы ардагері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Мұхтар Сақтапов пен Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, аудандық газеттің бас редакторы Сәуле Ерімбет шықты. Кездесу кешін жүргізіп отырған кент клубының мәдени үйлестірушісі Жайна Дайрабайқызы қос қаламгерге сауалдар қойып, жиналғандарды қызығы мен қиындығы мол газет жұмысынан хабардар етті.
Алдымен, сала ардагері М.Сақтапов газет жұмысына қалай келгенін, ондағы қызықты кездерді, белгілі қаламгерлерді атап айтты.
– Бала кезімде өлеңдерім аудандық газетке жарияланды. Сол газетті ұстазым сыныпқа алып келіп «Мұхтардың өлеңдері газетке шықты» деп мақтады. Содан бастап шабытым артып, баспасөзге бет бұрдым. Есейгенде осында жұмысқа келіп, барлық сатылардан өттім. Бұл басылымның жұмысы өте қызық. Оның қиыншылығы да көп. Бірақ шығармашылық адамы ретінде сол қиыншылықтарды еңсере білдік. Аудан айнасы болған газеттен елге белгілі қаламгерлер шықты, – деді ақылшы ардагер. Сондай-ақ белгілі ақын газетте істеген жылдардағы естеліктерін айтып, өлеңдерін оқыды.
Тағылымды шарада аудандық газеттің бас редакторы С.Ерімбет те шығармашылық жолын айтып, басылымның кешегісі мен бүгініне тоқталды. Бүгінде «Сыр медиа» серіктестігіне қарайтын баспасөз құралының базасы нығайып, ерекше дизаймен шығып жатқанын жеткізді.
Кездесу кеші барысында «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева сөз сөйлеп, ақынның өмірі өнеге, газеттің жұмысы әркез қауырт екенін атады. Газеттің мерейтойымен құттықтап, Сырдария ауданының Құрметті азаматы М.Сақтаповқа Тереңөзек кенті әкімінің «Алғыс хатын» табыс етіп, сый-құрмет көрсетті. Сонымен бірге, кент әкімінің орынбасары Абзал Ұзақбаев та өз құттықтауын жеткізіп, газет ұжымына «Құттықтау хат» табыстады. Бұдан бөлек, бұл кеште белгілі ақынның шәкірттері Мүсілім Қалмұратұлы, Бағдат Есназар, Ақтөре Ибрагимұлы тілектерін айтып, арнау өлеңдерін оқыды. Оған қоса, №131 Талғат Қозыбаев атындағы мектеп оқушылары ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, ыстық ықыласқа бөленді. Шарада ән де шырқалды, би де биленді.
Айтулы кеш соңында құрмет төріндегі қаламгерлер ризашылық білдірді.

Е.БЕРКІНБАЕВ

27 сәуір 2019 ж. 953 0