Ауылына қарап, азаматын таны
«Тазалық – саулық негізі» дейді дана халқымыз. Тазалық жоқ жерде елдің болашағы бұлыңғыр, келешегі күмәнді болары хақ. Көрікті мекеніміздің келбеті тек сәулетті ғимараттармен өлшенбейтіні белгілі. Дамып, көркейіп келе жатқан Тереңөзек кентінің келбеті оның тазалығына да тікелей байланысты. Ал тазалық пен ұқыптылық әрбір адамның туған мекеніне деген сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет етеді. Сондықтан да тазалықты сақтау – баршамызға ортақ.
Өзіміз тұратын тұрғылықты жерді таза ұстаумен біз өзіміздің, бала-шағамыздың денсаулығы дұрыс болуына жағдай жасаймыз. Қоғам үшін пайдасы зор осынау істі әрбір жан азаматтық борышым деп санауы керек. «Ауылына қарап, азаматын таны» деп бекер айтылмаған.
Кент көшелері алдыңғы жылдармен салыстырғанда анағұрлым тазарды. Кент келбетін жауыр еткен қоқыстар да көрінбейді. Көшелерді аралау барысында осындай көрініске куә болып, қуанып жүрміз. Десе де, әлі де тазалық іс-шаралына мән беріп, тұрғындар сенбіліктерге шығуы керек. Әрбір тұрғын өз ауласының, көшесінің тазалығына ұқыптылық танытса, айналамыз тап-таза болары сөзсіз.
Туған жерімізді таза ұстау – баршамыздың басты борышымыз. Тазалық – біздің денсаулығымыз бен өміріміздің кепілі. Ендеше, аудан орталығын көркейту үшін тазалық іс-шараларына бір кісідей бірлікпен қатысайық, ағайын!
Сансызбай Сәдуақасұлы,
«Сырдария ауданының
құрметті азаматы»,
мәдениет саласының ардагері
«Сырдария ауданының
құрметті азаматы»,
мәдениет саласының ардагері