Желдей ескен жетпіс бес
Саналы өмірін халқына, еліне қызмет етуге арнап, оның игілігін арттыру жолында беріле қызмет еткен, абырой биігіне көтерілген ардақты ана – Алма Бақтиярова. Сырдария ауданының «Құрметті азаматы» атанған Алмагүл Сайранқызы – кейінгі ұрпаққа үлгі мен өнеге көрсетіп, бізге қашан да ақыл кенін аямайтын ардақты тұлға.
Алмагүл апай балаларына, өзінің отбасына ғана ақылшы ана емес, оның кең құшағына өзінен кейінгі түгел буын, тіпті әлем сыйып кеткендей. Ардақты жан қашан бара қалсақ та, ақ жүрегімен, таза көңілімен күтіп алып, барын алдымызға тосады. Емен-жарқын әңгімесін айтып, бауырына тартады. Әркез бар білгенімен бөлісіп, ақылын айтып, дұрыс жерімізді мадақтап, бұрыс кеткен тұсымызды тура айтып, ескертіп отырады. Аналық ақ батасын беріп, қуанышымызға қатар қуанып, тілектестігін білдіреді. Біз өз кезегінде ауданға белгілі тұлғаның, ардақты ананың жылы лебізіне шын марқаямыз. Арқасүйер ақылшы жанның барын сезініп, жан сарайымызды кеңге саламыз.
Халқымызда «Өткенге – құрмет, бүгінге – өнеге» деген қанатты сөз бар. Осы айтылғандай әр халықтың, әр елдің, әр жердің атын шығаратын тұлғалар болады. Алмагүл Сайранқызы да сондай жарқын тұлғалардың қатарында. Ел үшін аянбай қызмет етуді өзіне парыз санайтын, ұлт мүддесін бәрінен биік қоятын асыл жан 1947 жылы Қармақшы ауданында дүниеге келген. Есімі жақсылар мен жайсаңдардың қатарында аталып, абырой биігінен көрінген ардақты анамыз бүгінде мерейлі 75 жасқа толып отыр.
Алматы Жоғарғы партия мектебін бітірген ол қызмет жолын Партия, Кеңес органдарында бастаған. Кейін 1973 жылы Қызылөзек ауылдық советі атқару комитетінің төрағасы жұмысын жас болса да бас болып, абыроймен атқарды. Іскерліктің, өзіне тапсырылған істі тиянақты атқара білуінің, жауапкершіліктің, ұйымдастырушылық қабілетінің нәтижесінде басшылық қызметтерде болды. 1984 жылы Тереңөзек аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, 1987 жылы аудандық кеңес атқару комитетінің хатшысы қызметтерін абыроймен атқара білді. Аталған салада өзінің ептілігімен көзге түскен Алмагүл Бақтиярова 1988 жылы аудандық сақтандыру инспекциясының бастығы қызметіне тағайындалады. Білікті маман, мәдениет саласының майталманы аудандық өлкетану музейін құруда өлшеусіз еңбек сіңірді. 1997-2016 жылдар аралығында, яғни жиырма жылға жуық уақыт аудандық музейге басшылық етіп, аудан тарихы мен мол мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізу жолында аянбай тер төкті.
Іскер басшы 1973-1997 жылдары ауылдық, аудандық кеңестердің депутаты болып сайланған. Сонымен бірге, ҚКП облыстық, аудандық комитеттерінің конференцияларына, Қазақстан КП ХІҮ съезіне, мәдениет қызметкерлерінің республикалық съезіне делегат болып қатысқан. Мемлекеттік сақтандыру қызметкерлерінің республикалық кеңесіне қатысып, «Құрмет грамотасымен» марапатталуы үлкен еңбек пен мерейлі мәртебенің жемісі болды.
Ел үшін қызмет етіп, бақытын еңбектен тапқан Алмагүл Сайранқызының еңбегі елеусіз қалған емес. Атқарылған жұмыс, төгілген маңдай тер еселеніп, абырой мен мәртебе биігінен көрінді. 2005 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2002 жылы «ҚР Тәуелсіздігінің 10 жыл» мерекелік медалімен, 2006 жылы «ҚР Тәуелсіздігінің 15 жыл» құрметіне арналған төсбелгісімен, 2011 жылы «ҚР Тәуелсіздігінің 20 жыл» мерекелік медалімен және қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін облыс әкімі Б.Қуандықовтың және облыстық мәслихаттың «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Бұдан бөлек, «ҚР Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалімен, 2018 жылы Астана қаласының 20 жылдығына орай және Сырдария ауданының 90 жылдығы мерекелік медальдарымен марапатталған. Сондай-ақ, Тұңғыш Президенттің «Алғыс хатын» иеленген. Басқа да марапаты жетіп артылады. Зейнет жасына шыққаннан кейін де жұмыстан қол үзбей, бүгінде аудандық қоғамдық кеңеске белсенді мүшелік етеді. Бейнетінің зейнетін көріп жүрген асыл ана, аяулы әже аудан ахуалын жақсартуда атқарған жұмыстары үшін 2020 жылы аудан әкімі Р.Рүстемовтің, 2021 жылы аудан әкімі Т.Дүйсебаевтың «Алғыс хатымен» марапатталған.
Былтыр ғана ардақты ананың есімі «Қазақстанның Алтын кітабы» энциклопедиясында енді. Республикалық баспадан шыққан бұл кітап негізгі сала мамандарының басын қосып, олардың еңбек жолы, өнегелі өмірі туралы сыр шертеді. Аталған кітаптың «Мәдениеттің алтын бесігі» деп аталған бөліміне ата-бабаның киелі өнерін әлемге паш етіп жүрген өнер майталмандары мен архивтер және құжаттамалар басқармасының білікті мамандары туралы бір-бір үзік сыр енген. Осындай өмірі өнегелі тұлға, жерлесіміз Алмагүл Бақтиярованың атаулы жинаққа енуі – барша аудан тұрғындарының мәртебесі десек болады.
Мерейтой иесі жайлы қалам тербеп, сыр шерткенде ойға небір жақсы сөздер оралып тұрды. Біздің ойымызды қуаттай түсу үшін ардақты ананың замандастарынан да пікір сұрадық.
– Алмагүл апай балаларының ғана емес, елдің анасы болған жан десек артық айтқандық емес. Саналы өмірін халқына, еліне қызмет етуге арнап, оның игілігін арттыру жолында беріле қызмет еткен. Абырой биігіне көтеріліп, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атанған Алекең – қызметпен ғана шектелмей, отбасын, бала тәрбиесін де қатар алып жүрген ардақты ана. Бүгінде үлкен өмірге қанат қағып, бір-бір шаңырақтың егесі болып отырған Гүлмира, Қарлығаш, Димаш есімді ұл-қыздарды тәрбиелеп өсіргені – сөзімізге дәлел. Алмагүл апай ұзақ жыл мәдениет, руханият саласында қызмет етіп, ауданның мәдениет саласын жандандыруға үлес қосқан. Біз бір салада қызмет еттік. Апайдың жұмысына адал, істеген әр ісіне шын жаны ашып, адал еңбек ететінін білемін. Кезінде аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Құрақтың Досжаны» атындағы халықтық ұлт-аспаптар оркестрі тарап кету қаупінде болды. Сол кезде руханияттың туын жықпай, оркестрді сақтап қалуға тырыстық. Соның нәтижесінде, осы күнге дейін оркестр өз дәрежесінде жұмыс атқарып келеді. Оркестрдің «Халықтық» атақ алуына Алмагүл жеңгеміз көп еңбек сіңірді. Сондай-ақ, халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған «Оңаша» ойын-сауық отауын құруда, «Ритм» вокалды аспаптар оркестрін қалыптастыруда Алекеңнің қолтаңбасы, қажырлы еңбегі бар, – деп пікір білдірді «ҚР Мәдениет және Білім беру саласының үздігі» Жантемір Айсин.
– Өзім әнші емеспін, жыршы емеспін, бірақ партия қатарында жүктелген жұмысты жауапкершілікпен атқарған соң аудан басшылығы мәдениет саласын басқаруды міндеттеді. Ол міндеттен қашқанымыз жоқ. Ол кезеңдерде қазіргідей музыкалық аппаратуралар, материалдық-техникалық базалар жоқтың қасы. Десе де, жұмысты жүйеге қойып, Алматыға дейін барып, жаңа музыкалық құрылғыларды алып келгенбіз. Одан соң аудандағы оркестрлердің бірінде «Халықтық» атақ жоқ болды. Осыған бар күш-жігерімізді жұмсап, аудандағы өнерге жақын адамдарды топтастырдық. Ауданнан 75 адам жиналып, «Құрақтың Досжаны» атындағы ұлт аспаптар оркестріне «Халықтық» атақ алдық. Содан оркестрмен бірге көршілес аудандарға концерттік бағдарламамызды ұсынып, мерейіміз тасыды. Одан кейін біздің ауданға Қазалыдан «Тамаша» ойын-сауық отауы келіп, ауылдарда қойылымдарын көрсетті. Осындай көңілді көтеретін ойын-сауық отауының болмағанына намыстанып, өнер саласының қызметкерлерімен ақылдасып, бір аптаның ішінде «Оңаша» ойын сауық-отауы дүниеге келді. Бұл да біздің сала жұмысындағы айтулы жетістігіміз еді, – дейді мәдениет саласының майталманы.
Қашан көрсең де сабырлы қалпынан таймаған, қарапайым да кішіпейіл мінезімен ерекшеленетін Алмагүл анамызды қалай мақтасақ та, негіз бар. Қоғам мен отбасын қатар алып жүрген ардақты жан 3 бала, 7 немере, 3 шөбере сүйіп отыр. Жолдасы да, балалары да жоғары білімді мамандар, түрлі салада қызмет атқарады. Ардақты ана ұл-қыздарына жақсы тәрбие беріп, соның нәтижесінде бүгінде көпке үлгілі отбасы, тамырын тереңге жайған бәйтеректей жайқалып отырған жайы бар.
– «Жұмақтың кілті – ананың табанының астында». Міне, қасиетті дініміз де, халықтық таным да ананы ерекше қадір тұтып, осылай бағалайды. Расында, жарық дүние есігін ашқаннан бастап ыстық құшағына алып, бар мейірімі мен махаббатын аямайтын, баласы үшін жанын қиюға әзір бір адам болса, ол – ана. Кішкентай күнімізде анамыз жұмыстан қанша шаршап келсе де, біздің тәрбиемізге бейжай қарамайтын. Міндетті түрде балаларын түгел тыңдап, мақтау білдіріп, қанат бітіретін. Анамыздың «айналайын, менің балам» деп маңдайымыздан сипаған аялы алақаны бізге қуат болды. Балалық шақтың жарқын естелігі ретінде санамызда сақталған осы бір сәттер ер жетіп, есейген шағымызда ұдайы жадымызда жаңғырып тұрды, – дейді ұлы Димаш Серікбайұлы.
Аудан халқына еңбегі сіңген Алмагүл Бақтиярова – міне, осындай жан. Жарық дүниедегі жақсылық атаулы ана жүрегінің жылуынан, мейірімінен бастау алады. Әйел-Ана – тіршілік тұтқасы, отбасының берекесі, тілеуқор қолдаушысы. Күннің көзін ештеңе де көлегейлей алмайтыны секілді ана атты мәңгі өшпейтін ұлылықтың адамзатқа ортақ құндылық. Себебі, Ана – бүкіл өмір мен тіршіліктің бастауы. Сондықтан бүгінде аудандағы құрметті тұлға, қадірлі аналардың қатарындағы ардақты жанды мерейтойымен құттықтаймыз.
Бибісара ЖАНӘЛІ