Ардақты аналарға құрмет көрсетілді
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерейлі мерекесі аясында кент мәдениет үйінде облыстық «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық қорының аудандық филиалының ұйымдастыруымен ардақты аналармен кездесу өткізілді. Оған «Қызылорда облысының» және «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Алмагүл Божанова, еңбек ардагерлері қатысты.
Кездесуде ұлтымыз үшін ұлық мереке жайында ел аналары өз ойларымен бөлісті. Азаттықтың арайлы таңы атқан сәттен егемендік қадірін ұғыну басты парыз екенін айтты. Өз кезегінде еңбек ардагерлері Камал Бисариева мен Гүлбаршын Қоразоваға құрмет көрсетілді. Қос анаға Алмагүл Божанова «EL Qurmeti» қоғамдық қорының «Еңбек Даңқы» медалі мен «Алғыс хатын» табыстады. Сонымен бірге, қазақы дәстүрмен қамзол жапты.
Негізінен, ақ жаулықты аналар қарапайым ауыл тіршілігімен тыныстап, саналы ғұмырында еңселі еңбек етті. Мәселен, Камал Бисариева ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетов ауылында балабақшада қызмет етті. Қиын-қыстау кезінде балабақша меңгерушілігі қызметін атқара жүріп, тәрбие ошағының жұмысын тоқтатпаған. Осылайша, қажырлы қайратының арқасында «Қазақ ССР білім беру ісінің үздігі» медалімен марапатталған. Ал Гүлбаршын Қоразова Шіркейлі ауылында бақша өнімдерін өсірумен айналысқан. Екі мәрте ауылдық советтің депутаты болған. Ауыл шаруашылығы саласына қосқан үлесі үшін бірнеше жоғарғы марапаттарға қол жеткізген. Осыдан 21 жыл бұрын «Ақ Дариға» халықтық әжелер ансамблінің мүшесі ретінде қабылданған.
– Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында аяулы жандарға құрмет көрсетудеміз. Әзиз жандардың ел үшін еткен еңбектері орасан. Әркез әйел заты бақыт құшағында жүреді. Отбасы ұйытқысына айналған олардың жастық шағын нағыз бейнетті кезеңмен байланыстырамыз. Егемендікке қол жеткізіп, еңсемізді тіктей бастаған шақта аналарымыз ер азаматына сүйеу болды. Тұғырлы Тәуелсіздігіміздің жарқын жетістіктеріне куә болды. Қос ананың елеулі қызметтерін бағалап, «Еңбек Даңқы» медалінің берілуіне шын жүректен қуаныштымыз, – деді «Қызылорда облысының» және «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Алмагүл Божанова.
Ізгілікті іс-шарада еңбек ардагерлері Зылиха Сыздықова мен Мағрипа Жүсіпова жылы лебіздерін білдірді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ