Еңбегін еліне арнаған ардақты жан
Саналы өмірін халқына, еліне қызмет етуге арнап, оның игілігін арттыру жолында беріле қызмет еткен, абырой биігіне көтеріліп, Сырдария ауданының «Құрметті азаматы» атанған Алмагүл Сайранқызының «Қазақстанның Алтын кітабына» енгені туралы сүйінші жаңалықты естіп, үлкен кітапты қолымызға алып оқуға асықтық.
Елге еңбегі сіңген жандарды кейінгі ұрпақ есте сақтауы керек, ал нар тұлғаларды насихаттап, тарих беттеріне енгізу – парыз. Осы ретте, республикалық «Orda.kz» баспа үйінің «Қазақстанның Алтын кітабы» энциклопедиясы негізгі сала мамандарының басын қосып, олардың еңбек жолы, өнегелі өмірі туралы сыр шертеді. Сиясы кеуіп үлгермеген кітапты Нұр-Сұлтан қаласының «Эдельвейс» баспа үйі басып шығарған.
Аталған кітаптың «Мәдениеттің алтын бесігі» деп аталған бөліміне ата-бабаның киелі өнерін әлемге паш етіп жүрген өнер майталмандары мен архивтер және құжаттамалар басқармасының білікті мамандары туралы бір-бір үзік сыр енген. Осындай өмірі өнегелі тұлға, жерлесіміз Алмагүл Бақтиярованың атаулы жинаққа енуі – барша аудан тұрғындарының мәртебесі.
Халқымызда «Өткенге – құрмет, бүгінге – өнеге» деген қанатты сөз бар. Осы айтылғандай әр халықтың, әр елдің, әр жердің атын шығаратын тұлғалар болады. Бақтиярова Алмагүл Сайранқызы да сондай жарқын тұлғалардың бірі. Ел үшін аянбай қызмет етуді өзіне парыз санайтын, ұлт мүддесін ойлаған ардақты жан 1947 жылы киелі мекен Қызылорда облысының Қармақшы ауданында дүниеге келген. Саналы ғұмырын халық ісіне арнап, төрден орын алған, есімі жақсылар мен жайсаңдардың қатарында аталып, абырой биігінен көрінген ардақты анамыз бүгінде 74 жасқа толып отыр.
Алматы Жоғарғы партия мектебін бітірген ол қызмет жолын Партия, Кеңес органдарында бастаған. Кейін 1973 жылы Қызылөзек ауылдық советі атқару комитетінің төрағасы жұмысын атқарады. Іскерліктің, өзіне тапсырылған істі көңілдегідей, тиянақты атқара білуінің, жауапкершіліктің, үлкен ұйымдастырушылық қабілетінің нәтижесінде 1984 жылы Тереңөзек аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, 1987 жылы аудандық кеңесі атқару комитетінің хатшысы қызметтерін абыроймен атқарады. Аталған салада өзінің ептілігімен көзге түсіп, еңбегі жанған Алмагүл Бақтиярова 1988 жылы аудандық сақтандыру инспекциясының бастығы қызметіне тағайындалады. Білікті маман, ардақты ана аудандық өлкетану музейін құруда өлшеусіз еңбек сіңірген. 1997-2016 жылдар аралығында, яғни жиырма жылға жуық уақыт аудандық музейге басшылық етіп, аудан тарихы мен мол мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізу жолында аянбай тер төккен.
Алмагүл Сайранқызы қандай салада болмасын ел игілігі үшін жан аямай жұмыс жасады. Жастайынан еңбекке араласып, тіршілікте адал еңбек, маңдай теріне ғана сүйенген Алмагүл апай өзіне жүктелген жұмысқа жауапкершілікпен қарап, артылған жүкті жоғары деңгейде көтере білді. Сондай іскерлігі мен турашылдығының арқасында ұжымдастары, әріптестері арасында сыйлы, беделді болды.
Іскер басшы, білікті маман 1973-1997 жылдары халық депутаттарына ауылдық, аудандық кеңестердің депутаты болып сайланған. Сонымен бірге, ҚКП облыстық, аудандық комитеттерінің конференцияларына, Қазақстан КП ХІҮ съезіне, мәдениет қызметкерлерінің республикалық съезіне делегат болып қатысқан. Мемлекеттік сақтандыру қызметкерлерінің республикалық кеңесіне қатысып, «Құрмет грамотасымен» марапатталуы үлкен еңбек пен мерейлі мәртебенің жемісі болды.
Ел үшін қызмет етіп, бақытын еңбектен тапқан асыл ана Алмагүл Сайранқызының еңбегі елеусіз қалған емес. Атқарылған жұмыс, төгілген маңдай тер еселеніп, аяулы жан абырой мен мәртебе биігінен көрінді. 2005 жылы Елбасы Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2002 жылы «ҚР Тәуелсіздігінің 10 жыл» мерекелік медалімен, 2006 жылы «ҚР Тәуелсіздігінің 15 жыл» құрметіне арналған төсбелгісімен, 2011 жылы «ҚР Тәуелсіздігінің 20 жыл» мерекелік медалімен және қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін облыс әкімі Б.Б.Қуандықовтың және облыстық мәслихаттың «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Сондай-ақ, 2005 және 2007 жылдары облыстық мәдениет басқармасының екі мәрте «Мақтау грамотасымен», 2005 және 2011 жылдары екі мәрте ҚР Президентінің, 2007 жылы ҚР Парламенті мен жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауы кезінде құрылған «Nur Otan» партиясының сайлауалды штабын басқарып, жақсы атқарған жұмыстары үшін үш мәрте ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Алғыс хатымен», 2007 жылы Қызылорда облысы әкімі М.Құлмұхамедтің «Алғыс хатымен», 2008 жылы облыс әкімі Б.Қуандықовтың «Алғыс хатымен» наградталды. Уақытпен санасып жатпай, ел-халықтың игілігі үшін атқарған тынымсыз еңбегінің үлкен нәтижесі ретінде 2007 жылы Сырдария аудандық мәслихатының шешімімен «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағына ие болды.
Сонымен қатар, Алмагүл Сайранқызы – 2008 жылдан бері «Nur Otan» партиясының саяси кеңесінің мүшесі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің төрайымы. Алмагүл Бақтиярова 2009 жылғы халықтық таңдау қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан аймағының «Алтын көшбасшысы» атанған. «Үздік мұражай қызметкері» деген марапаты және бар. 2013 жылы Халықаралық әйелдер мерекесінде аудан әкімі Ғ.Әбілтайдың «Алғыс хатымен», 2014 жылы наурыз айында ҚР Мәдениет Министрлігінің шешімімен ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, 2014 жылы «Nur Otan» партиясының «Белсенді қызметі үшін» медалімен, 2014 жылы мәдениет және өнер күндеріне орай аудан әкімі Ғ.Қазантаевтың «Алғыс хатымен», 2015 жылы Қазақстан Республикасының Президенті, «Nur Otan» партиясының төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың стратегиялық бағытын, партияның бағдарламалық мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға атсалысып, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысып, сүбелі үлес қосқаны үшін аудан әкімі, «Nur Otan» партиясы Сырдария аудандық филиалының төрағасы Ғ.Қ.Қазантаевтың «Алғыс хатымен», 2018 жылы «ҚР Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалімен, 2018 жылы Астана қаласының 20 жылдығына орай және Сырдария ауданының 90 жылдығы мерекелік медальдарымен марапатталған. 2011 жылы Астана қаласында өткен Қазақстан Республикасының Президентін Ұлықтау рәсіміне қатысқан. Зейнет жасына шыққаннан кейін де жұмыстан қол үзбей, бүгінде аудандық қоғамдық кеңеске белсенді мүшелік етеді. Бейнетінің зейнетін көріп жүрген асыл ана, аяулы әже аудан ахуалын жақсартуда атқарған жұмыстары үшін 2020 жылы аудан әкімі Р.Рүстемовтің, 2021 жылы аудан әкімі Т.Дүйсебаевтың «Алғыс хатымен» марапатталған.
Халқымызда «Бидайдың басын көтергені – дәнінің жоқтығы, басшының кеудесін көтергені – ақылының жоқтығы» деген сөз бар. Қашан көрсең де сабырлы қалпынан таймаған қарапайым да кішіпейіл мінезімен ерекшеленетін Алмагүл анамызды қалай мақтасақ та негіз бар. Қоғам мен отбасын қатар алып жүрген ардақты жан 3 бала, 7 немере, 3 шөбере тәрбиелеп өсірген. Жолдасы да, балалары да жоғары білімді мамандар, түрлі салада қызмет атқарады. Ардақты ана ұл-қыздарына жақсы тәрбие беріп, соның нәтижесінде бүгінде көпке үлгілі отбасы.
Қорытындылай келе, аудан халқына еңбегі сіңген Алмагүл Бақтиярованы қалай мақтасақ та сыятын тұлға. Ардақты ана бүгінгі күні де қоғам өмірінен бей-жай емес. Қысылтаяң сәтте аудандық басылым арқылы халыққа үндеу жариялап, қоғамдағы келелі мәселелерге қатысты көзқарасын білдіріп отырады. Уақыттың жүйріктігіне ешкімнің таласы жоқ. Алайда, өткен өміріңе көз жіберген сәтте ізгіліктен қалған іздерің мен еленген еңбегіңнің жемісін көруден асқан бақыт жоқ шығар, сірә?!
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ