Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбектен тапқан бақытын

Еңбектен тапқан бақытын

Алыптарға алтын бесік болған Сыр топырағы данқты тұлғаларды тү­леткен. Қарапай­ымдылығынан таймайтын еңбек адамына тән қасиет – оның бар ауыртпалыққа төзе білуі екені жасырын емес. Нағыз қайраткерлік қасиетімен ерекшеленген дарабоз жандар айналасына шуақ төгіп тұрады. Көнекөз, заманының заңғары саналатын дара тұлғалардың жүріп өткен жолы бейнет пен қиындықтан өрілетіні айдан анық. Міне, осындай қилы заманда ел еңсесін тіктеуге қажыр-қайратын жұмсаған екі мәрте «Еңбек даңқы» орденінің иегері Бексұлу Синаева биыл 75 жасқа толып отыр. Мерейлі жасқа келген ел анасының ғибратқа толы өмір жолын ойлы оқырманға кеңінен жеткізу үшін сөз тиегін ағыттық.

Шындығында, әзиз ананы өмір ерте есейтті. Өткен ғасырда жұртшылықты қа­жытқан жоқшылық пен сүргелеңге толы қилы шақ Бексұлу Синаеваның отбасын айналып өткен емес. Үш жасында анасынан айырылған ардақты жан – 1947 жылдың тумасы. Сүйген жа­ры ба­қилыққа аттанғаннан кейін әкесі Пірназарға 3 қыздың тәрбиесіне көңіл бөлу оңайға соқпады. Күні бойы кол­хоздың жұмысынан босамайтын әкесі Бексұлуды немере ағасы Синаның қа­ра­уына берген. Осылайша, немере ағасының қолында тәрбиеленген Бек­сұлу апамыз буыны қатаймаған бала ке­зі­нен Алла Тағала жазған тағдыр ісіне көн­діге білді.

– Мен үшін ол күндер нағыз қияметті кезең еді. Отбасымнан жырақтап, Сина әкемнің шаңырағында тұрдым. Сина әкемнің ұлы ИбраҺим соғыстан кейін Сталиндік қуғын-сүргінге ұшырап, 25 жылға темір торға тоғытылды. Көңілі құлазыған үлкендердің көз-қуанышына айналып, жандарынан табылдым. Дас­тархан басында аяулы жандар үнемі «ИбраҺим ағам аман-есен келсін» деп бала тілегімді айтқызып отыратын. Ойнап жүрсем де дұғамды әндетіп айтып жүретін болдым. Расында, тілегіміз қабыл болып, ағам 1 жылдан кейін бос­тандыққа шықты. Әлі есім­де ауыл ке­ліншектері күріш ақтауға асар­­ға келіп, дүбірлетіп той жасаған болатынбыз. Мен оқуға сәл кеш бардым десем болады. Ағамның қалауымен сауат аштым. Сабақты жақсы оқыдым. Үшінші сыныптан бастап бізді егістік даласына апаратын. Белден келетін су­ды кешіп, жүгеріні бір-бірінен ажыратамыз. Масақ тереміз, шөп орамыз. Кешкісін келген бойда үй шаруасымен айналысамын. Көз ұйқыға кетер шақта кі­тапқа бас қоямын, – дейді ардақты ана.

Иә, бала кезінен еңбекке ерте ара­ласқан құрмет иесі 1965 жылдан бастап колхозда жұмысшы атанады. Араға 2 жыл салып, Шіркейлінің бұрымды аруы ерлермен иық теңестіре жүріп сушы қызметін абыроймен ат­қа­рады. Ал звено жетекшісі болған уа­қытта Бексұлу апа күріштің күтіміне көңіл бөліп, барынша баптай білді. Даңқ­ты күрішші Ыбырай Жақаевтың ізба­сары атанған Бексұлу Синаеваны ақын Асқар Тоқмағамбетов, Әбірәш Жәмішов жырына қосқан. Әркез кү­ріштен мол өнім жинаған ардақты ана егін науқаны кезінде алдына жан салмайды. Сырдың басты дақылын өсіруде мол тәжірибеге сүйеніп, қамбаны астық­қа толтыра білді. Әр жылдары күріштен тау тұрғызған әзиз ана жеңімпаздар қа­та­­рынан көрінді.

– Біздің жас кезімізде кеңшілік заман орнаған екен. Егістік даласыннан тізе бүкпей еңбек етіп келген бойда шаруалардың ас-ауқатын дайындаймыз. Әрқашан үйімізден мейман арылмайды. Жұмысшылардың бар жағдайын жасап, үй шаруасын ыңғайлаймын деп жүргенде түскі үзіліс бітеді. Демалатын үйде орын жоқ. Жиденің түбіне қи­­сайып, көз шырымын аламыз да кет­пен­ді арқалап жұмысқа қайта аттанамыз. Егін маусымында межелеген өнім­­ді алу үшін аянбай еңбек етеміз. Күн өткен сайын қалыпты қызметімізге дағ­ды­ланып, бейнетті еңсере білгенбіз. Үй мен егістік ортасын жол қылып, даң­ғайыр диқандардың лайықты ізбаса­ры атанғанбыз, – дейді еңбек ардагері.

Әрине, «Диқан жерім дейді, жері үшін ерінбейді» деген мақал бекер айтылмаса керек-ті. Егінсіз шаруаның күні өтпейтіндігі де белгілі. Жылдар бо­йы табанынан сыз өтсе де, Бексұлу апа жаны сүйген қызметінен алыстаған емес. Ауыл шаруашылығы саласындағы әр­бір іске сақадай сай маман ретінде ара­ласқан кәнігі күрішші 1980 жылы ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» және 1984 жылы ІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орде­німен ма­ра­патталған. Сонымен бірге, Бексұлу апа Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің екі мәрте күміс медаліне ие болды. Асыл ананың есімі Қазақстанның «Даңқ кітабына» алтын әріптермен жазылған. Айта кетейік, Бексұлу Синаева ҚазССР Жоғары Кеңе­сіне екі мәрте депутат болып сайланды.

– Егін науқаны аяқталғаннан кейін ауылдың қыз-келіншектері қыс мезгі­лін­де сиыр сауамыз. Таңғы 4-5 шамасында автокөлік үйімізге келіп тұрады. Қаз-қатар жиналған қыз-келіншек таңертең және кешке межелі сүтті жинауға тырысады. Осындай қарбаласқа толы сәтте сол кездегі ауылдық партия комитетінің төрағасы Марат Сақтапов ауданға барып, суретке түсіп келуімді бұйырды. Не үшін екенін сұрамаған мен ауылдан көлікті әзер дегенде тауып, тапсырманы орындадым. Сөйтсем, мені ҚазССР Жоғары Кеңесіне депутат етіп сайлау үшін құжаттарымды дайындап жатыр екен. Тексеру органдары 6 ай бойы то­лықтай отбасымды, қызметімді, өмір жо­лымды зерттеп, «лайықты» деп таныды. Бұл ретте, халық қалаулысы болып сайланғаннан кейін көпшілік артқан сенім үдесінен шығуға тырыстық, – дейді аяулы жан.

1980-1985 жылдары Х, 1985-1990 жылдары ХІ шақырылымның депутаты болған Бексұлу Синаева қай кезде де ел мүддесін жоғары қойды. Ел аманатын арқалаған даңғайыр диқан аудан бо­йынша күрмеуі шешілмеген мәселелерді қозғап, жоғары билікке ұсынды. Еңбек адамының табанды, қайраткер қасиетін ерекше бағалаған сол кездегі аудан басшысы Нәлхожа Ергешбаев аудан бойынша Бексұлу Синаеваны қайта депутат болуға ұсынған.

Ауыл шаруашылығы, қоғамдық, мем­­лекеттік қызметті өз дең­гейінде ат­қарған ардақты ананың отбасындағы орны ерек­ше. Ол кісі Шіркейлі ауылы­ның азаматы Серік Есенхожаевқа 1965 жылы тұрмысқа шығып, 6 перзент­ті дүниеге әкелді. Көпбалалы ана Құдай қосқан қосағымен бірге саналы ұрпақ тәрбиелей білді. Осы күні ұлды ұяға, қызды қияға қондырған асыл ана 18 немере, 20 шөберенің қызығын көруде. Барлық құрметке лайықты жан 1992 жылы зейнет демаласына шыққан. Бү­гін­де жас­тардан ақылын аямайтын мерейтой иесі қоғамдық жұмысқа белсене араласады. Тектілігі бойына дарыған ел анасының ән айтатын қасиеті де бар.

– Мені «Елге белгілі Бексұлу» қылған ел азаматтары деп білемін. Мерейлі 75 жасқа келсем де өткен күнді ой елегінен өткізіп, барлық жетістігіме шүкіршілік етіп отырамын. Ұзақ жылдар бойы ауылымызды басқарған Жаңабай Азаматов бастаған ел ағалары қолдау көрсетті. Әрбір зор табысыма демеу болып, үнемі марқайып отыратын отағасының орны ерекше. Секең 2020 жылы дүниеден өтті. Аллаға шүкір, осы уақытқа дейін құрмет төрінен көрініп келеміз. 2013 жылы «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атануым – мен үшін ерекше мәртебе. Жерден несібесін терген шаруалар бабалар салған сара жолды жалғастырып келе жатқандығы қуан­тады, – дейді еңбек ардагері.

Екі мәрте «Еңбек даңқы» орденінің иегері Бексұлу Синаева ұйытқы болып отырған Есенхожаевтар отба­сы биыл облыстық «Мерейлі отбасы» бай­қауында «Озат отбасы» но­­ми­­­­на­ция­сы­ның иегері атанды. Берекесі тасыған қарашаңырақтың ардақ­ты анасының ғұ­мыры ұзақ болсын деп тілейміз.

Б.ОРДАБЕКОВ
29 қазан 2022 ж. 365 0