Су шаруашылығы саласының құрметті ардагері
Биыл сексеннің сеңгіріне шыққан тереңөзектік Мэлс Нақыповтың есімі көпшілікке жақсы таныс. Бүгінде Тараз қаласында тұратын ардақты ардагер туған жеріне ат басын бұрып тұрады. Талай жыл су шаруашылығы саласында қызмет еткен қазыналы қарт жөнінде басылым бетіне мақала жариялауға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев ұсыныс жасаған болатын. Соған сай, мерейтой аясында ел-жұртымен қауышқан ардақты азаматпен дидарласу сәті түсті.
«Толықсып аққан дария – мейірбанды қария» деген қазақта мақал бар. Ғибратқа толы саналы ғұмырында су шаруашылығы саласын өркендетуге үлес қосқан Мэлс Нақыпов – Тереңөзек кентінің тумасы. Қазіргі №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейден 10 жылдық білім алған жастың көкейінде Алматы қаласындағы темір жол техникумына оқуға түсу тұрды. Теміржолшыларға арналған техникумды бітіргеннен кейін ол екі жыл өз мамандығы бойынша жұмыс істейді. Шындығында Мэлс ақсақалдың өмір жолынан өзіндік біршама ауыртпалықты анық сезінуге болады. Анасы – Нұрыш 11 құрсақ көтергенімен, отбасында жалғыз ұл Мэлс ақсақал қана қалады.
– Темір жол саласында қызмет етіп жүргенімде өзімнен үлкен ағам – Нұғыман 35 жасында бақилыққа аттанды. Бұған дейін 9 баласынан көз жазып қалған әке-шешем қазадан біршама есеңгіреп қалған еді. Арқасүйер ағам өмірден өткеннен кейін үлкендер ауылда су шаруашылығы саласында қызмет етуімді қалады. Осылайша, ағамның орнына қызметке орналасып, өзіме таңсық мамандықты игердім. Кейіннен Жамбыл облысында су шаруашылығы саласының мамандарын дайындайтын иниститутта білімімді жетілдірдім. Әкем – Бермағанбет Алдабергенов қазіргі Асқар Тоқмағамбетов ауылдық кеңесінің төрғасы қызметін атқарды. Бірнеше жыл партияда белсенді еңбегімен танылған әкем арнайы мерекелік медальмен марапатталған. Ал анам – Нұрыш Азынабайқызы үй шаруасы мен бала тәрбиесіне айрықша көңіл бөлген, – дейді Мэлс Нақыпов.
Осыдан 57 жыл бұрын су шаруашылығы саласының басшысы Кәми Әбдіқалықовтың бұйрығымен жалындаған жас жігіт инженер-гидрометр мамандығы бойынша қызметке кіріседі. Айналасындағы су шаруашылығы мамандарынан саланың қыр-сырына қанығады. Сол кезеңде Сырдария ауданы екіге бөлініп, су арналары арнайы дирекцияның құрамында болады. Кейіннен Тереңөзек аудандық коллекторлық су жүйелері мекемесі құрылып, аудан бойынша каналдар, ашыртқылар жаңа мекеменің балансына беріледі. Барлық каналдың құжатын ықтиярлықпен, ұқыпты қабылдап алу жұмысы Мэлс Нақыповқа жүктеледі.
– Күні-түні жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде су арналарын өзіміздің мекеменің атына өткіздік. Талай қиындықты сала мамандары еңсерген болатын. Азып-тозған су арналарын қалыпқа келтіру, ауылдарға аяқ суды бөлу аса жауапты іс болатын. Ауылдар арасында түсініспеушілік орын алмау үшін аяқ суды теңдей бөліп береміз. Мәселен, Шаған ауылында 47 канал бар. Әрқайсысын қайта жөндеу ұзақ уақытты алатын еді. Осындай су шаруашылығының жауапты жұмысын атқара жүріп, бас инженер қызметіне тағайындалдым. Басшылықтың сенім үдесінен шығу үшін жоспарлы іс-шараларды уақытында аяқтау міндеті тұрды. Негізінен «Су бергеннің – сауабы бар, су төккеннің жауабы бар» деген тәмсіл бекер айтылмаса керек-ті. Жергілікті халықтың талап-тілегін орындауға барымызды салатынбыз, – дейді еңбек ардагері.
Жауапты қызметті тереңнен меңгерген Мэлс Бермағанбетұлы 1975 жылы Тереңөзек аудандық коллекторлық су жүйелері мекемесінің басшысы қызметіне тағайындалады. Осындай қилы кезеңде мекемені ұстап тұру оңайға соқпайды. Аудан бойынша каналдарға адамдарды бөлу, су деңгейін бақылау, тозығы жеткен материалдарды ауыстыру, шаруашылықтарға су жіберу процесі басшы тарапынан аса мұқият қадағалауды талап етті.
Әркез сын-қатерден қиналмай шығатын әріптесі жайлы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев өз естелігін жеткізді.
– Тоқырау жылдары халықпен етене байланыс орнатып, әрбір үйге, шаруашылыққа аяқ су беру де зор жауапкершілік еді. Осындай қызметте абырой биігінен көрінген Мәкеңмен 4 жыл бір салада қатар жүрдім. Жайдарлы, биязы қалпынан таймай әрбір істі өз алдына үйлестіріп отыратын. Мен алғаш жұмысқа келгенімде барлық жүйені үйретіп, анық жол көрсетті. Бүгін міне 80 жасқа келген мерейлі тойымен ардақты азаматты құттықтаймын, – дейді Мұса Келдібаев.
«Әрбір мықты ердің артында ақылды әйел тұратыны» жасырын емес. Білікті маман 25 жасында тереңөзектік Рая Бакировамен отау құрады. Отбасылық өмірде ер азаматына қолдау көрсеткен Рая апай аудандық ауруханада акушер қызметін атқарады. Жүздеген баланың кіндік шешесі атанған аяулы жан дүниеге 2 ұл, 2 қыз әкеледі. Әке жолын қуған екінші қызы – Гүлзат су шаруашылығында, Алматы қаласында тұратын үлкен қызы – Мира әскери салада еңбек етеді. Ал ұлдары Серік пен Қанат көгалдағы хоккей спорты бойынша шәкірт тәрбиелеп келеді. Қазыналы қарттың 10 немересі, 4 шөбересі бар.
Бізбен әңгіме барысында Мэлс ақсақал бірге жүріп, талай қызықты күндерді бірге өткізген үзеңгілес достарын еске алды.
– Әрине, 80 жасқа келгеннен кейін өткен күндерді саралаймыз. Осыдан 17 жыл бұрын балалардың қызмет бабымен Тараз қаласына қоныс аудардық. Ауылдағы әрбір жаңалыққа елеңдеп қарап отырамыз. Үш жылдан аса уақыт болды зайыбым Рая өмірден өтті. Рая екеуміздің достарымыз, жақын тұтатын ағаларымыз көп болатын. Дос-ағалардың арасында Камал Көптенбаев, Шәкен Нарболдиев, Сергей, Сламбек Тоқсанбаевтар, Мұхамеджан Мұханов, Еркін Айтманов, Мейірман Нүрекиев, Құман Тастанбеков, Мұхтар Сақтапов, Бақыт Абдірахманов, Болат Ахметов, Пермебай Бисенбаев секілді жандарды айрықша атап өткім келеді. Барлығы менің кәсіби маман, азамат болып қалыптасуыма өзіндік үлестерін қосты, – дейді Мэлс ақсақал.
«Ел қариясы – ел қазынасы» демекші, Мэлс Нақыпов әрқашан құрмет төрінен көрінді. Бір қызметте 50 жылдан аса уақыт жүріп, еңселі еңбегімен танылды. Ендеше, елге сыйлы ардақты азаматқа ұзақ ғұмыр тілейміз.
Балтабай Аябекұлы