Құрыш қолды құрылысшы ана
Адам өмірінде ерекше есте қаларлық мән-мағыналы сәттер болады. Саналы ғұмыры сан тараудан тұратын еңбек адамы ұрпағы үшін қалтқысыз қызмет етеді. Қара нардай жүк арқалап, қиындыққа мойымаған жандар арамызда баршылық. Үнемі қажыр-қайратымен бар ауыртпалыққа қарсы тұрған кейіпкерім биыл сексен жасқа толды. Ер азаматтармен қатар жүріп, құрылыста еселі еңбек еткен Балкүл Аймешова аудандағы зәулім үйлердің салынуына атсалысты.
Балкүл Аймешованың балалық шағы «Қызылдихан» кеңшарында өтті. Әкесі Бекқұлы мен ағасы Рысмахан соғысқа аттанғанда ол бесіктегі сәби болатын. Жақындарының артынан қара қағаз келгенмен, әкесі елге аман-есен оралады. Ал ағасы соғыста шейіт болады. Қан майданнан жаралы оралған Бекқұлы өмірінің соңына дейін қой бағады. Әзиз ананың әлі есінде әкесі өмірден өткен жылы ол мектеп табалдырығын аттаған. Қапелімде некелі жарынан айырылған анасы Шәйкүл қыздарын тәрбиелеуге барын салады. Үй шаруасымен айналыса жүріп, олардың тәлім-тәрбиесін назарда ұстайды. Барлық жағынан демеу болып, ел қатарына қосады.
Балкүл Бекқұлықызы тереңөзектік Әбжаппар Аймешовқа тұрмысқа шыққанда 18 жаста еді. Ардақты ана өмірде 11 құрсақ көтереді. 11 баланың екеуі кішкентайында шетінеп кеткен. Бүгінде 3 қыз 6 ұл бір-бір үйдің егесі. Аяулы жанның ең алғашқы қызметі кент орталығындағы «Сексеуіл» қоймасында басталады. 1962-1969 жылдары қиындығы мол жұмыста жас келіншек шыңдалады. Салмағы едәуір жоғары сексеуілді көтерген олар Ташкент қаласына жібереді. Бұдан кейін жас келіншек жұмыр білекті ер азаматтармен бірге «Астық қабылдау» пунктінде алты жыл елеулі еңбек етеді.
Үй шаруасы мен балаларына көп көңіл бөлген Балкүл Аймешованың құрылыс саласындағы жылдары өткеннің еншісінде қалды. Күні-түні бел жазбай, құрылыс нысандарының салынуына өзіндік үлес қосты. Өзі секілді нәзік жандылармен бірге құрышты құрылыста шынықты. Қысы-жазы бірде-бір демалысқа шықпай, қауіпті қызметтің басы-қасынан табылатын. Жиырмасыншы ғасырдың жетпіс-сексенінші жылдар аралығында аудан бойынша қарқынды құрылыс жұмыстары жүргізілді. Осындай қарбаласқа толы құрылыстың сан түрлі қызметінде ыждағаттылық таныту кімге болса да оңай соқпайды. Зәулім ғимараттардың ең биік нүктесіне шығып, тас қалаушыға қолғабыс етеді. Қасындағы серіктесімен бірге салмағы 50 келі тартатын қыш пен кесекті жоғарыға тасиды. Межелеген мөлшерден тыс тасымалдайтын олар бригадирдің айтқанына бағынады. Себебі жоспарланған уақытта құрылыс нысанын аяқтауды басты міндет санайды.
– Бізді өмір ерте есейтті. Құрылыс саласында жүріп, талай ауыртпалықты тарттық. Балаларымыз кішкентай. Ауыл аралап, құрылыс нысандарын салуға атсалысқан болатынбыз. Қасиетті қарашаңырақ саналатын қазіргі №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейін біздің бригада тұрғызды. Сонымен бірге мыңдаған халықтың жайлы баспанасына айналған көп қабатты тұрғын үйлердің еңсесін биіктеттік. Ауданға қарасты барлық елді мекендерде құрылыс нысандарын жүргіздік. Жетекшіміз орыс ұлтының азаматы болатын. Күнде таңғы 7-де дария басынан күтіп алады. 10 минут кешіксек, тоқтамай кетіп қалады. Талап қатаң болатын. Мүлдем босаңсуға болмайды. Бір адамның күші құрылыс жүргізу барысында ауадай қажет. Сондықтан басшылық бұйрығына бағынатынбыз, – дейді құрылысшы ана.
4 разряд санаты бойынша сылақшы, бояушы болған Балкүл Бекқұлықызы аудандық аурухананың құрылысын жүргізуде өлшеусіз еңбегімен дараланды. Мұнда тәжірибелі маман ретінде жастарға құрылыстың қыр-сырын үйрете білді. Бұдан бөлек білікті құрылысшы атанған әзиз ана қазіргі Ақжарма, Нағи Ілиясов, Іңкәрдария ауылындағы мектеп құрылысының сапалы салынуына септігін тигізді. Асқар Тоқмағамбетов ауылындағы мектеп пен мал бордақылау алаңы салынған кезде де жөндеу жұмыстарын жүргізді.
– Еңбегім еленгені болар құрылыс саласында зор жетістіктерге қол жеткіздім. Жоғарғы марапаттарға ие болдым. Ең алдымен құрылыста жүруіме зайыбым Әбжаппар қолдау көрсетті. Екінші анам Рәш кәсіби тұрғыдан жетілуіме зор еңбек сіңірді. Азаннан кеткеннен, үйге қас қарайғанда ораламыз. Кейде демалыс күндері қосымша жұмыс істейміз. Сонда бірде-бір қабығын шытпай енем балаларға бас-көз болды. Мүмкін жастайымнан ауыр жұмыста шыңдалуыма үлкен кісілердің көмегі тиген шығар. Енемнің аналық қамқорлығын ешқашан ұмытпаймын, – дейді батыр ана.
Талай тауқыметті бастан өткерген әзиз ананың бүгінде 9 баладан 29 немере, 21 шөбересі бар. Бүгінде ұлы Ақылбек анасы секілді құрылыс жұмыстарымен айнылысады. Ол үй салу мен жөндеудің шебері атанды.
Асылында Балкүл апа алғашқы жұмыс күнінен бастап, жер қазып, ауыр заттарды көтеріп, табандылық танытты. Мұндай қасиет балаларына да дарыған секілді. Барлығы түрлі қызметте тәжірибе жинақтап, ізгілік жолмен жүруде. Бір бригада құрамында 20-ға жуық адам болса, олардың өзіндік атқарар қызметі бар. Міне ауыртпалығы мол қызметте абыройға кенелген Балкүл Аймешова 1993 жылы зейнет демалысына шығады. Зайыбы Әбжаппар өмірінің соңына дейін аудандағы загодканторда еңбек етті.
Бір әулеттің қазыналы қартына айналған Балкүл апа қандай қызмет болмасын өз қиыншылығымен ерекшеленетіндігін айтады. Әлі талай ауданда жас отбасылар жаңа баспанаға қол жеткізіп, сонда ұрпақ өрбітетініне сенеді. Бүгінде жаңадан отбасын құрған жастар батыр ананың саналы ғұмырынан ғибрат алса дейміз. Себебі Балкүл Бекқұлықызы келіндерін тағылымды, ақылды болуға шақырады. Қай кезде қарашаңырақта отырған Досбол мен Айсұлу құрыш қолды құрылысшы, көп балалы батыр ананың бабын табуға тырысады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ