Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Басқарманың тәжірбиелі маманы

Басқарманың тәжірбиелі маманы

Асқар Құлмағанбет – ауданның санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында ұзақ жылдан бері қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі маман. Үздік маман халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын жақсарту жолында 40 жылдан бері қызмет етіп келеді.

Қалжан ахун ауылының тумасы осыдан 60 жыл бұрын дүние дидарын ашқан. Ауылдағы  8 жылдық мектепті үздік бітірген соң Қызылорда қаласындағы медициналық училищеге оқуға түседі. Алғашқы еңбек жолын 19 жасында Іңкәрдария ауылдық дәрігерлік ауруханада фельдшер болып бастайды. Ауылда жұмыс істеген жас маман әрі қарай жоғарғы білім алу мақсатымен Қарағанды мемлекеттік медициналық институтқа оқуға түседі. Жоғарғы оқу орнын  бітірген соң, облыс орталығында интернатурадан өтеді. Ауданға санитарлық дәрігер болып 1993 жылы келген маман өз саласы бойынша қызметке кіріседі. Тереңөзек аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау станциясында дәрігер-эпидемиолог, гигиенист мамандығы бойынша тағам нысандарын қадағалау бөлімінде санитариялық дәрігер қызметін абыроймен атқарады.

Асқар Шәріпжанұлы 1996 жылы ауданда жаңадан құрылған Міндетті медициналық сақтандыру қорының директорлығына тағайындалып, оның еліміздегі алғашқы жұмысын бастау, ұйымдастыру іс-шараларын атқарады. Қор жұмысы тиімсіздігін көрсетсе керек, үш жылдан кейін республика бойынша жұмысын тоқтатады. 1998 жылы эпидемиологиялық салаға қайта келіп, осы күні табан аудармастан қызмет етіп келеді.

Тәжірибелі маман басқармада балалар мен жасөспірімдер нысандарын қадағалау бойынша аудандағы ең үздік санитариялық дәрігер.

– Әр саланың өз қиындығы мен қызығы болады. Қызмет еткен осынау жылдардың ішінде тоқсаныншы жылдардағы нарық экономикасына көшу кезіндегі тоқырауға ұшыраған кез, мекемелердің жаппай жұмысын тоқтатуы естен кетпейді. Ауданда жұмыс істеп тұрған 12 бала бақшаның жетеуі жабылып, аудан орталығындағы оқу-өндірістік комбинаты да жұмысын тоқтатты. Мектептердің материалдық-техникалық жағдайы да күрт нашарлап кеткенін білесіздер. Электр жарығының тапшылығынан мектеп пен бала бақша ғимаратына пеш орнатылып, бөлмелерді жылыту, тамақты пешке дайындау секілді қиындықтар орын алды. Осындай қиын жағдайда нысандарда санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды қолдан келгенше қалыпты деңгейде ұстау, жұмысшылардың еңбегін түсіне отырып, қиындықтарды бірге жеңу жолында біраз жұмыс атқардық. Нәтижесінде аудандағы балалар мен жасөспірімдер нысандарында тағамнан топтап улану, жұқпалы аурулармен жаппай ауыру деректері тіркелген жоқ, – дейді санитарлық дәрігер Асқар Шәріпжанұлы.

Бүгінде аудандағы 17 мемлекеттік, 7 жеке бала бақша, 17 орта мектеп пен оның асханалары, "Жалын" сауықтыру лагері, педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті, агротехникалық колледж жатақханасы, барлығы 61 нысанды қадағалайтын санитарлық дәрігер қызметі қай кезде де қауырт. Сондай-ақ екі әуез мектебі мен екі спорт мектебі, оқушылар үйі, кешкі мектеп т.б нысандар дәрігердің жіті қадағалауында. Осы нысандардың санитариялық-техникалық жағдайын жақсарту, жұқпалы аурушаңдықтың, тағамнан жаппай уланудың алдын алу жыл бойы жүргізіліп, жоспарға сәйкес жүйелі жұмыс атқарылады. Осыдан 10 жыл бұрын ауданда 11 бала бақша болса, қазір олардың саны 24-ке жеткен.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында жұмыс жасаған уақыттан бері жаңадан салынған мектеп ғимараттарының жылыту қазандықтарының жобалық-сметалық құжаттарын сараптамадан өтуіне, оң санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды берілуіне ықпал етті. Мұнан басқа жаңадан ашылған 7 жеке бала бақшалардың іске қосылуына, оң қорытынды алуына үлес қосты. Бүгінгі таңда аудандағы балалар мен жасөспірімдер мекемелерінің санитариялық-техникалық жағдайы салыстырмалы түрде көш ілгері.

Медицинада, жалпы эпидемиологиялық салада 41 жылдан бері қызмет ететін дәрігер еңбек жолын бастаған кезде ағалық қамқорлығын аямаған әріптестері туралы жылы лебіз білдіруде.

– Фельдшер болып қызмет бастаған еңбек жолымда Іңкәрдариядағы 25 орындық аурухананың бас дәрігері болған Айдархан Қоспанов, Орынбай Нұрманов, медбикелер Ұлбике, Қатира, Балдырған апайлардан алғашқы медициналық тәжірибе жинадым. Медицина саласында кездесетін оқыс жағдайлармен де сол жылдары кездескен болатынмын. Әлі есімде, түн ішінде алыс жайлаудан бір қойшының 6 сынып оқитын баласы мылтықпен сол жақ қолтығының астынан жарақаттанып, ауруханаға жеткізілді. Алғашқы медициналық жәрдем көрсетіп, қанды тоқтату үшін барымызды салдық. Дереу таң алдында аудандық ауруханаға жеткізіп, сол кездегі мықты хирург Шынтас Ізетұлының шұғыл ота жасауымен баланы аман алып қалдық. Тағы бір естен кетпес оқиға ойыма оралады. 1984 жылдың 30 қаңтар кні түн мезгілінде жол апатына ұшыраған үш азамат ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Санитариялық авиация шақыртып, облыс орталығына жеткізілді, екі кісі аман қалды. Мұндай жағдай қанша жыл өтсе де ұмытылмайды екен, – дейді тәжірибелі дәрігер.

Санитариялық-эпидемиологиялық саладағы жемісті жылдар ішінде Асқар Шәріпжанұлы өзіне ақылшы әріптес болған аға буын өкілдерінің есімін де атайды. Олар кезінде бас дәрігер болған Д.Қарымсақова, эпидемиологтар З.Филимонова, З.Жамалова, дәрігердің көмекшілері Ә.Мырзабаева, Н.Үсейінова, зертханашылар Т.Ақылбекова, Р.Мырзабекова, О.Назарова саланың жұмысын ілгерілетуде бірлесіп қызмет атқарды. Сонымен қатар ауданның денсаулық сақтау саласындағы байырғы әріптестері Р.Садықов, Ш.Зетов, А.Арғынбаев, Б.Ердәулетов, А.Жакупова, Н.Әбішевамен ауданның денсаулық сақтау саласында қызметтес болды. Осы күнгі әріптестері Е.Ұзақбаев, Қ.Омарова, Ж.Нұрсұлтанова, М.Самалықов, Б.Рымова, А.Байтілеу, О.Сәрсембай, Г.Тұсмағанбетова халықтың санитариялық-эпидемиологиялық жағдайын жақсарту жолындағы жүктелген міндетті бірге атқарып келе жатқан өз ісінің білгірлері.

Асқар Шәріпжанұлы саланың үздік маманы болуымен қатар 3 баланың асқар таудай әкесі. Үлкені Мөлдір Түркістан облысы, Түлкібас ауданында тұрмыста, сонда аудандық білім бөлімінде әдіскер-психолог, 3 баланың анасы. Ұлы Мұхит – Алматыдағы С.Асфендияров атындағы мемлекеттік медицина университетін қызыл дипломмен бітірген соң Англиядағы Кардифф университетінің магистратурасын тәмамдады. Қазір Мұхит Гонконгте Канада ғалымдарымен бірлесіп "Кванттық офтальмология" атты жаңа ғылыми сала бойынша ізденіс жұмыстарымен айналысуда. Кіші қызы Ақнұр Алматыда бизнес саласы бойынша жоғарғы оқу орнында оқиды.

Ауданда санитариялық-эпидемиологиялық қызметте үздік атанған Асқар Шәріпжанұлының мақтау-грамоталары жеткілікті. Дәрігер осыдан үш жыл бұрын "Медицина саласына қосқан үлесі үшін" төсбелгісімен марапатталды. Биылғы жылы облыста "Үздік санитариялық-эпидемиологиялық дәрігер" байқауынан жүлделі 1-орын жеңіп алды. Абырой биігіндегі азаматтың қызметі жемісті болуына тілектеспіз!

Бибісара ЖАНӘЛІ
23 қараша 2022 ж. 356 0