Санитарлық дәрігер төсбелгімен марапатталды
Ауданның медицина саласында санитарлық дәрігерлердің орны ерекше. Әсіресе қазіргі кездегі пандемияның өршуі санитарлық дәрігерлердің қызметін одан сайын күшейте түскені белгілі. Күн сайын жаңа науқас тіркелгенде ауданның санитарлық дәрігерлері әрбір ошақтың залалсыздандырылуын қадағалап, оның себеп-салдарын анықтап, індетке тосқауыл қоюға уақытпен санаспай күш салуда.
Аудандағы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасында көп жылдан бері қызмет етіп келе жатқан ақ халатты абзал жанның бірі – Асқар Құлмағанбет. Асқар Шәріпжанұлы Қалжан ахун ауылында туып өсті. Ол жастайынан дәрігер болуды армандап, осы мақсатқа жету үшін алдымен медициналық колледжде оқыды. Арнаулы оқу орнын бітіргеннен соң фельдшер болған болашақ дәрігер Қарағанды мемлекеттік медициналық институтқа оқуға түседі. Жоғарғы білім алған санитарлық дәрігер осы саладағы еңбек жолын 1993 жылдан аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау станциясында дәрігер-эпидемиолог гигиенист мамандығы бойынша тағам нысандарын қадағалау бөліміне санитарлық дәрігер болып бастайды. Жас дәрігер 1996 жылдары құрылған міндетті медициналық сақтандыру қорының директоры қызметін де атқарады.
Ауданның санитарлық-эпидемиологиялық қызметінде отыз жылға жуық дәрігер болып үздіксіз еңбек етіп келе жатқан Асқар Құлмағанбет қазіргі таңда басқарманың бас маманы. Мемлекеттік қызмет санатындағы дәрігер үнемі біліктілігін жетілдіру мақсатында Алматы, Мәскеу қаласындағы білім жетілдіру институтында біліктілігін шыңдады.
– Ауданның санитарлық-эпидемиолгиялық саласында өзіндік қолтаңбасы бар дәрігер Асқар Шәріпжанұлын білікті маман деп білемін. Әсіресе аудандағы балалар мен жасөспірімдер нысандарының санитарлық-техникалық жағдайын жақсарту, балалардың денсаулығын қорғауда талап қойып, оның орындалуына атсалысып келеді. Сонымен қатар білікті маман аудандағы мектеп оқушыларын, бала бақша тәрбиеленушілерін ұтымды, гигиеналық талапқа сай дұрыс тамақтандыру, апталық ас мәзірін дұрыс жасау, оларды қадағалау және мектеп оқушыларын жазғы демалыспен қамтуда көптеген жетістіктерге жетті. Нәтижесінде біздің аудан облыс бойынша көш ілгері көрсеткішке қол жеткізді, – дейді басқарма басшысы Е.Ұзақбаев.
Иә, шын мәнінде қызмет бабында аса жауапты санитарлық дәрігер Қалжан ахун, Бесарық, Шіркейлі, Шаған, Тереңөзек кентіндегі жаңа мектептің құрылысына, елді мекендердегі жабылып қалған бала бақшалардың қайта ашылуына біраз еңбек сіңіргенін айта кеткен жөн.
– Мамандық таңдауда қателеспегеніме көзім жетті. Санитарлық дәрігерлердің жұмысы қауырт. Адамның денсаулығы өзінің санитарлық талаптарды дұрыс сақтап, ережені қатаң ұстануына тікелей байланысты. Әсіресе, бұл жағдай қазіргі кезде қатты байқалып тұр. Жұқпалы індетті тоқтатудың амалы – карантин талаптарын ұстану. Қарапайым қолды дұрыс жуудан басталатын талап, бөлме ішін залаласыздандырып, адамдар көп шоғырланатын жерге бармау – індеттің жолын кеседі. Сондықтан ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген, аурудың алдын алған жөн, – дейді бас маман Асқар Шәріпжанұлы.
Тынымсыз еңбектің жемісі ретінде Асқар Шәріпжанұлы әр жылдары министрліктің, облыс әкімінің, департаменттің, аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Жақында санитарлық дәрігер Қазақстан Республикасы Денсаулық министрлігінің "Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін" төсбелгісімен марапатталды. Бұл марапат қазіргі жағдайда дәрігерге көрсетілген құрметтің ең биігі.
Бибісара ЖАНӘЛІ