Білім мен өнерді ұштастырған
Қасиетті мамандық иесі ұстаздар туралы қалам тербеу үлкен жауапкершілікті жүктейді. Себебі, осынау қадірлі мамандық иесі туралы жақсы сөз айту өзіңнің де қандай ұстаздан білім мен тәрбие алғаныңды көрсетеді. Әлемдегі барлық мамандықтың иесі ең алдымен ұстаздың алдынан өтеді. «Ғалым да, шахтер де бас иетін, ұстазым бұл сенің қасиетің...» деп әнге қосуымыз осыған дәлел. Бүгінде ардагер ұстазды ұлықтау мақсатында өмірі өнегелі жан туралы айтатын боламыз.
Ауыл мұғалімі болу бақыты бұйырған Сәрсенкүл Бәйменова – 40 жыл бойы Шаған ауылындағы №37 мектеп-лицейде биология пәнінен сабақ берген ардақты ұстаз. Ардақты жан өзінің бойындағы асыл қасиетті шәкірттеріне сіңіріп, сапалы білім мен тағылымды тәрбие берді. Ұстаздықты ұлы тұтып, екінің қолынан келе бермейтін мамандық иесі атанды.
Бала кезінен ұстаз болуды армандап, анасының жанынан табылып, оқу мен жұмысты қатар алып жүруде табандылық танытып, қатарынан қалмай мамандық игерді. Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың жаратылыстану факультетіне оқуға түскен жылы мектепке зертханашы болып жұмысқа орналасты. Еңбектен қол үзбей оқуын оқып, таңдаған мамандығын тереңнен меңгеруіне тырысты. Тұрмысқа шығып, қосағының қолдауының арқасында оқуын ойдағыдай бітіріп, мұғалім атанды. Отбасында адал жар, сүйікті ана болған ұстаз өмірге алты ұл-қыз әкелді.
– Ұстаз болып қызмет еткен жылдар ішінде мамандықтың қыр-сырын меңгердім, ұзақ жыл тәжірибе жинап, ұлағатты ұстаз атандым. Өзіндік қиындығы мен қызығы мол мамандық иесі атанғаныма шын бақыттымын. Қырық жылға жуық мектепте сабақ бердім. Жұбайым Үсенбек Пірманов шаруашылықта механизатор болды. Қырық үш жыл отасқан қосағым 2017 жылы бақилық болды. Балалардың барлығы ер жетті, шүкір. Қазір әрқайсысы бір-бір мамандық иесі. Бейнеттің зейнетін көргеніме шүкіршілік етемін, – дейді ақ жаулықты Сәрсенкүл ана.
Жүзінде нұр, жүрегінде иманы бар ардақты ұстаз өнерден де құр алақан емес. Көмейінен төгілген ән арқылы талай байқаулардың жеңімпазы болды. 2004 жылы «Наурыз шапағаты» өнер фестивалінің лауреаты атанып, дипломмен марапатталды. Ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған «Әжелер» ансамбілінің белді мүшесі болды.
Сәрсенкүл Қайсарқызы білім беру саласында абыроймен еңбек етті. Шәкірттері білім бәйгелерінде жүлдемен оралып, ұстаз абыройын асқақтатты. 1969, 1976, 1980, 1996 жылғы шәкірттерге сынып жетекші болып, үлкен өмірге қанат қақтырды. Ұстаздың жемісті еңбек жылдарында аудандық білім бөлімінің «Құрмет грамотасымен», облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Мұнан басқа аудандық мәслихаттың «Алғыс хаты», 2010 жылы «Үлгілі сынып» байқауына қатысып, «Нұр Отан» партиясы аудандық филилалы төрағасының «Алғыс хатын» алды. Сонымен қатар аудандық «Үздік сабақ – 2010» байқауында жүлдегер атанды.
Ұлағаты мол ардақты жан 2012 жылы зейнет демалысына шыққан соң да қоғамдық жұмыстың бел ортасынан табылды. Ауыл өнерін дамытуда әжелермен сахнаға шығып, өнер көрсетті.
Ардагер-ұстаз білікті маман ретінде 2014-2017 жылдары Қызылорда қаласындағы «Авиценна» медициналық колледжде биология пәнінен сабақ берді. Шәкірт тәрбиелеу жолында өзінің қадір қасиетімен үлгі болған ұстаз жігерлі де намысты ұл мен ибалы, инабатты қыз тәрбиеледі.
– Жүрегінде иманы бар ұрпақ еш уақытта жамандыққа бармайды. Оқушыларға сапалы білім берумен қатар адамгершілік қасиетті дарытуға да барымызды салдық. Сарқылмас қазына білім беруде ұлттық құндылықты ұлықтадық. Салт-дәстүрді құрметтейтін қазақы болмысымызбен тәрбиелеуге атсалыстық. Осы күні Қызылордадағы «Сұлтан» мешітінің жамағатымен діни білім алудамын. Сәждеге басымды қойып, мұсылманның бес парызының бірін орындап, қажылыққа бардым, – дейді аяулы жан.
«Айналаның барлығы жаңаша түрленіп, қоғам жаңарып жатқанда адам бір орнында тұрып қалмауы керек» деген ұстанымы бар ұстаз өскелең ұрпақтың болашағы жарқын болғанын қалайды. Қазір ұстаз алдынан шыққан жүздеген шәкірт қай салада, қай қалада жүрсе де ұстаздарын ұмытпай, сәлем беріп, хабарласып тұрады. Ұстазға мұнан асқан бақыттың да керегі жоқ. Ұстаздың оқушыға деген іңкәр махаббаты оны тұлға етіп, биік шыңға көтергеніне шүкір етеді.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ