Мейірімнен жаралған ұстаз-ана

Осындай құрмет иесі, бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан ардақты ұстаз Доскүл Абдуллинаның оқытқан шәкірттерінің арасында ғалым да, инженер де, ақ халатты абзал жан да, өзі секілді ұстаз да, қарапайым жұмысшы да шықты. Олардың барлығы ұстаз есімін ардақтап, білім нәрімен сусындатқан ұстазға бас иеді.
Болашағын ұстаздықпен байланыстырған Доскүл апайдың ата-анасы қарапайым жандар болған. Әкесі Ыдырыс – қара жұмыста ысылған, елге сыйлы болған азамат. Анасы Назым үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысқан. Ұлттық салт-дәстүрді ұстанған, перзенттерінің бойына жақсы қасиеттерді сіңірген ел-анасы атанған. Доскүл апайдың нағашысы ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетов жиенінің бойынан оқу-білімге деген құштарлығын байқап, ұстаз болғанын қалап, батасын берген. Арманы асқақ болашақ ұстаз аудан орталығындағы №35 орта мектепті үздік бітіріп, Қызылорда қаласындағы педагогикалық институттың жаратылыстану факультетіне оқуға түседі. Институтты химия-биология пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша аяқтаған Доскүл Абдуллина өзі білім алған мектепте еңбек жолын бастайды.
– Жүрек қалауыммен мұғалім болдым. Оқушыларға сапалы білім беруде ізденіспен жұмыс жасадық. Әріптестеріммен тәжірибе алмасып, оқушыларды пән олимпиадаларына дайындауда алдымызға жан салмайтынбыз. Пәнге деген қызығушылықты арттыру үшін зертханалық сабақтарды көптеп жүргізетінбіз. Жабдықталған пән кабинеттерінде сабақ беріп, оқу-шылардың қызығушылығын арттырып, уақытпен санаспайтынбыз. Қазір еңбегімнің жемісін көріп отырмын. Шәкірттерім қандай қызметте жүрсе де ұмытпай, мерекелерде құттықтап жатады. Ардагер-ұстаз ретінде сый-сияпатқа кенеліп отырмын. Өзім еңбек еткен №35 мектеп-лицей басшылығы ұжымның атынан мерейтойыммен құттықтап келді. Ризамын, Алланың нұры жаусын. Қарт ұстаз үшін мұнан асқан бақыт жоқ шығар, сірә, – дейді ардагер.
Иә, «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» деп айтпақшы, ұстаздың еңбегі ерен. Шәкірт жүрегіне жол тауып, сапалы білім беріп, ел болашағының негізін қалайтын өрендерін тәрбиелеп шығару – нағыз ұстаздың қолынан келетін өнер. Бір сөзбен айтқанда, Доскүл апай жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын оқушының бойына дарыта білген ұстаз деген атқа лайық болды.
Ардақты жан мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев, Моңғолияда елшілік қызметті атқарған Қалдыбек Қобландин, №35 мектеп-лицей директоры Бақытжан Бақбергенова, ардагер-журналист Шаһарбек Нұрсейітов және тағы басқа еліміздің түкпір-түкпірінде қызметте жүрген белгілі азаматтардың ұстазы болған. Ұстаз шәкірттерінің жетістіктерін көріп, біліп, тілеуқоры болып отырады. Шәкірттерінің есімдерін мақтанышпен айтады.
Доскүл апай саналы ғұмырында оқушыларға білім берумен қатар сүйікті жар, аяулы ана болды. Төребек Сапаров есімді азаматпен бас қосып, ұл-қыз тәрбиеледі. Қазір 4 ұл мен 1 қыздың барлығы жоғары, орта кәсіптік білімдері бар, түрлі салада қызмет жасайтын бір-бір отбасы иесі.
– 40 жыл ұстаз болдым. Өмірімді шәкірт тәрбиесі мен біліміне арнадым. Отбасын құрып, шаңырағымызда береке-бірлік орнады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, осынша жасқа келгеніме Аллаға шүкіршілік айтамын, өсіп өніп жатырмыз. Үлкен ұлым – Бақытбек Қызылорда қаласында мұнай саласында, екінші ұлым Дәуітбек – Алматы қаласында көлік қатынасы саласында маман. Қызым – Гүлнара жолымды қуып, ұстаз атанды. Ол Назарбаев Зияткерлік мектебінде химия-биология пәнінен сабақ береді. Үшінші ұлым Батырбек – мұнай саласында бұрғылаушы. Кенжем Ақылбек – жеке кәсіпкер. Барлығы да отбасылы, ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Балаларымнан 14 немере, 4 шөбере сүйіп отырған бақытты әжемін. Немерелерім Алтынбек, Мөлдір, Жәмиля қаржыгерлер, Асылбек көлік қызметінде, Нұрсұлтан Қорғаныс күштері саласында ұшқыш. Басқа да немерелерім әртүрлі мамандықтарды таңдап, елге қызмет етуде, – дейді ақ жаулықты ана.
Мамандығын шын сүйіп, ұлы қызметте абыройға кенелген ардақты ұстаз адамдықтың бақытына осылайша жетіп отыр.
Бибісара ЖАНӘЛІ