Құрмет төрінде – ұстаздар
Ұстаз – ұлы тұлға. Барлық мамандық иесі алдымен ұстаз алдынан тәлім-тәрбие алады. Қадірменді мамандық иелеріне қандай құрмет көрсетсе де олар ең жоғарғысына лайық. Әсіресе бүгінгі күндегі жағдайға байланысты мұғалімдердің еңбегі еселене түскені анық. Олардың білім берудегі әдіс-тәсілі де күрделене түсіп, қойылатын талап пен жауапкершілік жүгі де артты.
Міне, жыл сайын қазанның алғышқы жексенбісіне тұспа тұс келетін ұстаздардың төл мерекесі биылғы жылы ауданда да салтанатты жағдайда аталып өтілді.
№36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің акт залы санитарлық талапқа сай жабдықталып, ұстаздар қауымын салатанатты түрде марапаттау рәсімі жасалды. Салтанатты шараға аудандық білім бөлімінің басшысы Қ.Омаров, ардагер-ұстаздар, білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы А.Есназар, ардагер-ұстаздар, ұстаздар қауымы қатысты.
Мерекелік шарада білім бөлімінің басшысы Қ.Омаров құттықтау сөз алды.
– Құрметті ұстаздар! Баршаңызды күздің жайма шуақ күнінде аталып өтілетін төл мерекелеріңізбен құттықтаймын. Жаңа оқу жылын дәстүрлі түрде емес бастаған білім саласына бүгінде жүктелетін міндет жеңіл емес. Ұстаздар қауымының жағдайға түсіністікпен қарап жатқандарыңызға ризашылығымызды білдіреміз. Қиындықты бірге еңсеруге, алдағы уақытта дәстүрлі оқу бағдарламасына көшетінімізге сенім білдіремін. Бүгінде құрмет қошеметке бөленетін ұстаздар қауымына марапаттарыңыз құтты болсын деймін. Ардагер-ұстаздардың жолымен жүріп, саналы шәкірт тәрбиелеуде шығармашылық жетістікке жете беріңіздер, – деді бөлім басшысы Қ.Омаров.
Мерекелік шарада бірқатар ұстаздарға аудан әкімі Т.Дүйсебаев, аудан әкімі орынбасарының Алғысы тапсырылды. Сонымен қатар облыстық білім басқармасы басшысы мен облыстық кәсіподақ комитеті атынан марапаттаулар өз иелерін тапты.
Салтанатты рәсімде биыл сексен жасқа келген ардагер-ұстаз М.Іскендіровке облыстық білім басқармасы басшысының Құрмет грамотасы мен сый-сияпаты тапсырылды.
Мерекелік жиында ұстаздар қауымына арналған концерттік бағдарлама ұсынылды.
Бибісара ЖАНӘЛІ