Озат оқушылардың алғашқы ұстазы
Өмірде өзіңе жақын тұтатын адамдар болады. Дүние дидарын ашқалы бері жанымнан сондай игі жақсылардың жолыққанына шүкірлік етемін. Алғашқы еңбек жолымның мұғалімдіктен басталып, шәкірт тәрбиелеу жолында үлесімді қосып, ұлағатты мамандық иелерімен қызметтес болдым. Сондай жаныма жақын болған, әрі әріптес, әрі ақылшы ұстаз деп құрметтеген ардақты жанның бірі – Дариға Райымқұл.
«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деген сөз Дариға Сайфадиқызына қарата айтылғандай. Ұстаздық еткен жылдар ішінде жүздеген шәкірттің жүрегінен орын алған ұстаз бүгінде адал еңбегінің арқасында абыройға кенеліп отыр. Ардақты ұстаздың болмысы, адамгершілігі мен туа бітті қасиеті ешкімге ұқсамайды. Барынша салиқалы, сабырлы, білгенін үйретуден жалықпайтын нағыз тәлім-тәрбиенің иесі. Аз ғана уақыт бір салада қызмет етсек те Дариға апайдың қамқорлығы мен кішіпейілділігін қатар сезіндім. Ұстаздың ұстамдылығы мен шәкірт тәрбиелеу жолындағы тәжірибесі кісі қызығарлықтай болатын. Алдындағы бұғанасы қатпаған қарадомалақ баланың тілін тауып, оны тәртіпке, тазалыққа, әріп тануға үйрету жүрегі жұмсақ адамның ғана қолынан келеді.
Қазақ жазушысы Мәлік Ғабдуллин: «Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді» деген. Міне, осы қанатты сөздер мамандықтың төресі ұстаздықты таңдап, саналы ғұмырында қызметін абыроймен атқарып келе жатқан Дариға апайдың өмірлік ұстанымы десек қателеспейміз.
– Жалағаш ауданында Бұқарбай батыр ауылында 1964 жылы дүниеге келдім. Сондағы мектепті бітіріп, Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищеге оқуға түсіп, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын алдым. Алғашқы еңбек жолым туған ауылымда басталды. Сондағы ұлағатты ұстаздармен қатар 10 жыл бірге жұмыс істедім. 1996 жылы Тереңөзекке келіп, №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейде 30 жылға жуық бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет етіп келемін. Негізінен, менің атам Райымқұл көзі ашық, көкірегі ояу азамат болған. Ауыл балаларын оқытып, сауатын ашқан. Ата-анам ауылда күріш екті. Әкем дүниеден ертерек озды. Анамыз Әбира шаруашылықта жұмыс істеп, жеті баланы жеткізді. Алты бауырыма бас-көз болдым. Үйдің үлкенімін. Мектепте сабақты жақсы оқыдық. Алыстағы ағайыным бар еді. Ол кісі Архангельскіден келетін. Сонда сабақ оқып отырған біздерді көріп, жазуыма қарайтын. «Мына қарындасымның жазуы қандай әдемі, біркелкі, нағыз мұғалім болатын қыз» дегенде санамда «мұғалім боламын» деген мақсат ұялады. Алғашқы ұстазым Сапура Берістенова секілді бала оқытып, мұғалім болуды армандадым, – дейді саналы ұрпақтың бағбаны Д.Райымқұл.
Бала кездегі арманы орындалып, ұстаз атанған жанның өзінен бөлек 3 бауыры да мұғалім, басқалары мемлекеттік қызметші, құрылысшы, ауыл шаруашылығының маманы болып, бір-бір мамандық алған жоғары білімді азаматтар.
Бүгінде бірінші санатты сарапшы-педагог – оқу бағдарламасындағы өзгерістер мен жаңашылдықтарды меңгерген, біліктілікті арттыру курстарынан өткен жаңашыл ұстаз.
– Дариғамен 1996 жылы мектепке қатар келдік. Сол жылдан бері әріптеспіз. Өз ісінің шебері, бала бағбаны, мінезге бай адам. Білім саласында қандай реформа мен жаңалық болсын алғашқы болып үн қататын шығармашыл ұстаздардың бірі. Саладағы үлкен өзгеріс – жаңаша білім беру болатын болса, жаңаша білім беру бағдарламасымен алғашқылардың бірі болып курстан өтті. Балаларға жаңа әдіс-тәсілдермен сабақ беретін бастауыштағы ең майталман ұстаз. Деңгейлікті де алғашқы болып оқыды. Баланы бірінші сыныпқа қабылдағаннан бастап ұстамдылыққа, салмақтылыққа, ойланып сөйлеуге, баланың жалпы өзіндік болмысын қалыптастыруға үлкен мән береді. Тәртіпке, тазалыққа қатты қарайды. Оқушылары білімді, танымы мол, іскер болып шығады. Өйткені, түрлі тәрбиелік іс-шараларды ерінбей ұйымдастырып отырады. Жылдың төрт мезгілінде төрт түрлі тәрбиелік іс-шара қояды. Әр жыл мезгілінің маңызын баланың бойына дарытып отырады. Білім сапасын арттыруға барын салады. Оның оқушыларының арасынан осы күні 6 «Алтын белгі», 3 «Үздік аттестат» иегері шықты, – дейді әріптесі Шолпан Әбенова.
Құрметке бөленген ұстаз оқушыларға сапалы білім беруде көптеген марапатқа ие болды. Солардың қатарында «Алтын белгі» иегерлерінің алғашқы ұстазы ретінде екі мәрте Астана қаласына саяхатқа шықса, өткен оқу жылында «Біркөлік» шипажайында демалды. Сонымен қатар облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасымен», Білім және Ғылым министрлігінің «Алғыс хатымен» марапатталған. Шәкірттері де көптеген байқаулардың жеңімпазы атанған.
«Ұстаз болу – ұлылықтың бастауы» демекші, мықты ұстаз ұлағаттылықтан жаратылады. Осынау қасиетті мамандықтың иесі атанған мерейлі мұғалім – отбасында сүйікті жар, аяулы ана. Өкінішке орай, отағасы Қайрат аға бүгінде бақилық болса да Дариға апай өмірдің сынына төтеп беріп, балаларын жетілдіріп, олардың амандығын тілеп отырады. Білім беру мен ұрпақ тәрбиелеу жолында абырой биігінде жүрген ұстазға шығармашылық сәттіліктер тілейміз!
Бибісара ЖАНӘЛІ