Тазалық сақтау – мәдениет белгісі
«Ауылына қарап азаматын таны» дейді дана халық. Бұл ретте, біз ауылдың тұрмыс-тіршілігін, байлығын сөз еткелі тұрған жоқпыз. Қарапайым мәдениеттен басталатын тазалық мәселесі бүгінгі мақаламыздың арқауы болмақ. Қазір жас та, жасамыс та қоршаған ортаның тазалығы үшін сенбілікке шығып жүр. Бір сәтке айналаны қоқыстан тазарту үшін жаппай сенбілікке шығу үрдіске айналды десек болады.
Жалпы, таза қоғам болу үшін көп нәрсенің керегі жоқ. Бар болғаны өзіңіз ластамасаңыз, өзгеге үлгі боласыз. Яғни, жан-жағыңызға жақсы әсер қалдырып, үлгілі ісіңізбен қоршаған ортаның тазалығына атсалыссаңыз болғаны.
Қазір қоғамда түрлі пікір тарап жүр. Бірі сенбілікке шыққанды қоштаса, енді бірі қарсы. Негізінен, күнделікті кент, ауыл тазалығымен айналысатын адамдар бар. Олар арнайы мекеме арқылы жалақысын алады. Дегенмен бұл санаулы адамның күнделікті қара жұмысы айналаны таза ұстауға жеткіліксіз. Қарапайым мысал, кенттегі көпқабатты үйлердің жанындағы арнайы қоқыс төгетін жәшіктердің айналасын күнделікті екі мезгіл тазалап тұрмаса, айналасы 1 тәуліктің ішінде ол жерде адам аяғы басатын жер қалмайды. Қоқыс жәшігінің сыртына дейін төгілетін лас заттан аяқ алып жүре алмайсыз. Оның үстіне көшеде қаңғырып жүрген ит пен егесіз мал сол жерге әуестеніп жемтік іздеп жүретініне етіміз үйреніп кетті.
– Бір күнде бір мезгіл қоқыс жәшігін тазалау жеткіліксіз. Қазір көпқабатты тұрғын үй иелері қатты қалдықтарын қоқыс жәшігіне тастауға үйреніп қалды. Дегенмен айналасына жетер жетпес сол аумаққа апарып лақтырып кететіндер де жоқ емес. Оны көше кезген мал мен ит, құс шашып тастайды. Оған басын ауыртып жатқан адам жоқ. Қоқыстың иісі мұрныңды жарып тұрғанда ол қоқысты көлікке тиемек түгелі жанына бара алмайсыз. Сондықтан жұмысшылардың адал еңбегін бағалау керек. Таза аулада таза тыныс алу үшін, балаларымыздың қауіпсіз жерде ойнауы үшін барлығымыз үлес қосуымыз керек. Ал жер үйдің көше бетіне қоқыстарын үйіп қоятындарға шара қолданатынын білеміз, – дейді кент тұрғыны Н.Бақытбеков.
Көпқабатты тұрғын үй жанындағы қоқыс мәселесі бітпейтін жыр секілді. Бұл да адамдардың мәдениетіне байланысты іс-әрекет. Ал сол көпқабатты үйді соңғы жылдары мекемелер арқылы жөндеу үрдісіне қуанбаған жан кемде-кем. Әсіресе, көпқабатты үйдің тұрғындары әрлеп, әктеп жатқан азаматтарға алғысын айтып, қуанғанын көрдік. Бірақ жөндеп бергенді бағаламай, өздері кіріп-шығатын подъездерін қайта адам көргісіз етіп жіберген тұрғындар да бар. Ұқыпты, таза ұстап отырудың орнына кір-қожалақ етіп, баяғы қалпына түсірді. Аптасына бір мәрте тазалап тұрмақ түгілі, айына бір рет сыпырғы тимейтін баспалдақтар шаң-тозаңнан көрінбейді.
– Көпқабатты үйде тұрамыз. Орталық көше болған соң үйдің сыртқы келбеті әдемі болғаны жақсы. «Сырт көз сыншы» дегендей, аудан орталығына келетін қонақтар орталық көшенің бойында орналасқан үйлерге қарайды. Сондықтан кісінің жасап бергеніне ұқыптылықпен қарап отыру өзімізге байланысты. Үйдің ғана емес подъездің ішіне дейін жөндеп бергеніне рақмет. Біздің ендігі міндетіміз – сол еңбекті бағалау. Кез келген елдің мәдениеті көше тазалығынан көрінеді. Айналаны таза ұстау қолдан келмейді емес, келетін нәрсе. Сонымен қатар аптасына бір мәрте есік алдын сыпырып, айналаны шөп-шаламнан тазалап сенбілік ұйымдастыру көршілердің ауызбірлігіне байланысты, – дейді көпқабатты үй тұрғыны Г.Төлебаева.
Тазалық айлығы басталды. Күзгі науқан арық-атыздарды бір тазалап алатын мезгіл. Қазір бақша дақылдарының пісетін уақыты. Қауын-қарбыздың қабығын қоқыс жәшігіне тастайтын тұрғындар ол жер күн ұзағына ірі қара малдың сол жерге жайылатынына наразы. Олай етпегенде ше... Қорасынан малды шығарып жіберіп, кешкісін қай қоқыстан жайлып келгеніне қарамайтын мал иелері сиырдың сүтін сауып алады. Ал қоқыс – түрлі бактериялардың орны. Адам ағзасына сүт арқылы баратын зиянкес бактериялардан адамдар түрлі ауру жұқтырып жатады. Сондықтан адал малыңызды өріске айдап немесе қораңызда ұстап, таза жем-шөп бергеніңіз әлдеқайда денсаулыққа пайдалы.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ