Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Таза болса жеріміз – аман болар еліміз

Таза болса жеріміз – аман болар еліміз

Тазалық – адамның рухани, мәдени жетілуін, кісілігі мен тәрбиесінің маңызды көрсеткіші. Осы ретте, тазалықтың табал­дырықтан басталатыны баршаға аян.

«Тазалық – табалдырықтан» деген сөз­ді жасанды ұранға айналдыруға болмайды. Бүгінде аудан орталығында әр аптаның сенбі күні мекеме қызметкерлері сенбілік жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде, ме­кеме маңы, кент көшелері тазарып, қо­қыс­тан арылып, аудан орталығының сә­ні кіруде. Қазір бұрынғыдай емес, бәрі орны-орнымен, рет-ретімен жөнделіп ке­леді. Тіпті, кент көшелерінің асфальтталып, тазарып, үлкен қаладағыдай керемет қалып алып келе жатқанына қарап, көңіл марқаяды. Бірақ, керісінше, күл мен қоқысты ретті-ретсіз төгіп, қоқыс тастап көшені ластап жүргендер де бар.

Мен аудан орталығындағы Достық көшесінде тұ­рамын. Достығы жарасқан біздің көшенің тұрғындары сенбі күнін ғана күтіп қарап отырмайды. Өзіміз де айналамызды қарап, үнемі тазалық жұмыстарын жүргізіп оты­­рамыз. Себебі, әркімнің ауласының таза­лығы өзіне керек қой.

Қасиетті қара жердің қадірін тайраңдап жүру үшін ғана емес, таянып тұру үшін де сақтау – ең маңызды міндет екенін ұмытпағанымыз абзал. Өмірде өзектілігін де, қажеттілігін де жоғалтпайтын екі ере­же бар. Бірі – тәртіп, екіншісі – та­за­лық. Екі жағдайда да сақтансаң, сақ­таласың. Яғни, тәртіп сақтау арқылы қауіпсіздікті сақтасақ, тазалық сақтау ар­қылы денсаулығымызды, қор­шаған ор­­таны сақтаймыз. Қоршаған ортаның таза­лығын сақтау мәселесі бір ғана кент, аудан көлемінде емес, әлемдік деңгейдегі жаһандық мәселеге айналып отырған жа­йы бар.

«Таза болса жеріміз – аман болар еліміз» деген бекер айтылмаса керек. Әр адам тазалықты табалдырықтан, өз ауласынан бастаса, сонда ғана алға жылжу байқалып, өзіміз өмір сүріп отырған ортамыз қауіпсіз бола түсер еді.

Есенбай АСАНҰЛЫ,
еңбек ардагері
24 қыркүйек 2022 ж. 316 0