Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

Ақ бата

Ерте, ерте, ертеде ешкі құйрығы келтеде, ұшы-қиыры жоқ ен далада бір кішкене ауыл тіршілік құрыпты. Қалың елден жырақта болуы ауыл тіршілігін қиындата түсті. Ала жаздай ауылдың еркек кіндігінен бастап, әйел, бала-шағасына дейін аңшылық құрып, қолға түскен өнімдерін қалаға апарып өткізіп, өмір сүріпті.

Осындай қиындығы мол өмір кешкен ауылда бетке ұстар, ауыртпашылықта арқасүйер, демеу болар екі жігіт болыпты. Бірі – Аман, екінші Түгел есімді азаматтар екен. Аманы ұстамды, сабырлы, мақтауды сүймейтін жігіт болса, Түгел ұстамсыз, қызғаншақтау, өзім-білемі басым болса керек. Аман әркез бір-екі аңды артық әкелсе, Түгел түнеріп, бетінен түгі шығып, сүзеген көзденіп, өзіне де, өзге де орынсыз мінез көрсетеді екен.

Бір күні Түгел Аманға:

– Осы сенің үнемі жолың болғыш, соның құпиясын түсіндірші, – депті.

Сонда Аман:

– Оның астарында адамға жасырын ешнәр­се жоқ, тек әркез ақсақалдың тілеуінсіз жолға шықпаймын, – депті.

– Е-е, сол ма? Өлмелі шалдың бірер сөзі жол сілтейді, демеу береді демекшісің бе? Алдап тұрсың-ау! – деп ойын түйеді Түгел.

Одан әрі «Қап, бәлемнің» ерегесіне салып, бақталасынан қалайда озуды ойлайды. Алайда ақсақалдың ақ батасын алатын Аманның үнемі жолы болып, шеберлігі арта береді де ауылда «Кәнігі аңшы» деген атақты иемденеді. Амалы таусылған Түгел бір күні ауыл ақсақалына келіп:

– Аманға айтқан жөніңді маған да айтып, жөн сілтесеңіз қайтеді, – дейді.

Сонда батагөй ақсақал:

– Сен мені шал деп мұрныңды шүйірдің-ау, ол шалыңның да бір кезде жігіт болғанын ескерсең етті. Мәңгілік жігіт күйіңде қалам деп малданба, сенен де әл кетіп, таяққа сүйенер кезің де болады. Күні жеткенде тауың да опырылып төбе болар. Теңізің де тартылып көлшік болар. Ал бұл дүниеде азбайтын да, тозбайтын да бір-ақ нәрсе, ол құдіретті – бата сөзі. «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас», – деп Түгелге ақ ниетпен батасын берген екен. Содан бастап ол да Аманның қатарына қосылып, елін сүйген «Мерген азамат» атанып, мерейі өсіпті.

Ақсақал қарт өзінен кейінгі ізбасарларына: «Жауынмен жер көгерер, батамен ер көгерер» деген даналық өсиет сөзін қалдырған деседі.

Міне, содан бері сәбиге ат қойғанда, бесікке бөлегенде, отау құрғанда, жыл басы Наурызға және қорғаушы азаматқа, күнде­лікті асқа берер батадан басқа жаңа қонысқа, сапарға шыққанда, бие байлау мен соғымба­­сын берген­де айтылатын бата сөзі өз құндылығымен ерекше. Ел іші – алтын кеніш. Сондықтан жүректен шыққан ақ тілек бүкіл жақсылық атаулыға айтылуы көңіл қуантады емес пе?!

Бата қысылғанда қуат, қиналғанда медет беріп, әрбір игілікті іс-әрекетке даңғыл ақ жол ашып, бәле-жаладан қорғайды деп саналады. Сондық­тан бата сөзі – бабалардың ұрпақ­қа қалдырған мұрасы. Заман ағымына қа­рай сан-салаланып, мазмұны күн көзіндей жылулық пен жарық, ай нұрындай сұлулық бере отырып, әрбір жанның қуанышы мен қызы­­ғы­на ортақтаса бермек.

Нағыман ӘЙТЕНОВ,
ардагер-ұстаз
13 қыркүйек 2022 ж. 310 0