Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғашқы қоңырау соғылды

Алғашқы қоңырау соғылды

Биылғы 1 қыркүйек – Білім күні мерекесі мектеп аулаларында дәстүрлі форматта өткізілді. Жаңа оқу жылына жаңашылдықпен қадам басқан ұстаздар мен оқушылардың қуаныштарында шек жоқ. Ақ көйлек киіп, ақ бантик таққан, қолдарына гүл ұстап, арқасына сөмкесін асынған оқушылар таң ертемен аудан көшелеріне де, мектеп қабырғасына да ерекше сән кіргізгендей болды.

Арнайы шақырумен аудан орталы­ғындағы білімнің қараша­ңырағы атанған №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы мектептің «Сыңғырла, алғаш­қы қоңырау» атты мерекелік лез­демесіне қатыстық. Мектеп ауласында өткен жиынға аудандық мә­дениет және тілдерді дамыту бөлі­мінің басшысы Жеңісбек Төрәлиев, аудандық білім бөлімінің әдіскері Салтанат Сақтағанова, ардагер ұстаздар Дина Омарова, Күлжамал Бөріт, Күләш Ұзақбаева, Гүлзира Жолмаханова, ұс­таз­дар мен оқушы­лар қатысты.

ҚР Мемлекеттік Гимні шырқал­ғаннан кейін салтанатты жиынды ашып беру үшін мектеп директоры Света Сақтаповаға сөз берілді.

– Құрметті қонақтар, ұстаздар, ата-аналар, ең алдымен баршаңызды жаңа оқу жылымен құттықтаймын. Өткен жыл біздің мектебіміз үшін табысқа толы болды. Мектеп ұстаздары мен шәкірттеріміз зор жетістіктерге қол жеткізді. Облыстық, республикалық деңгейдегі байқаулар мен олимпиадалардан жүлделі орын алған оқушыларымыз мектебіміздің мәрте­бесін асырды. 11 сыныпты тәмамдаған оқушыларымыздың басым көпшілігі мемлекеттік грант иегері атанып, еліміздің түкпір-түкпірінде білім жолын жалғастыратын болады. Биылғы оқу жылы да табысты, берекелі болсын деп тілек білдіреміз, – деді мектеп директоры.

Одан кейін салтанатты жиынның құрметті қонақтары сөз алып, мектеп табалдырығын енді аттаған 1 сынып­тықтар мен әне-міне үлкен өмірге қадам басқалы тұрған 11 сы­нып­тықтарға және барлық оқушыға ақ­жарма тілектерін арнады. Ал мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары А.Жаңабергенова был­тырғы және биылғы оқу жылындағы деректермен ақпараттандырды. Одан соң кезек марапатқа бе­ріл­ді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында өткен «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері» республикалық байқауына қатысып, №210 мектеп мұ­ғалімі Жанат Шаймерденқызы І дәрежелі дипломмен марапатталды. Ұзақ жыл ұстаздық жолда еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеу ісінде үздік атанып жүрген Жанат апай арнайы кітапқа еніп, төсбелгіге ие болды. Сондай-ақ білімнің қара шаңырағы атанған мектептің тарих пәнінің мұғалімі Құндызай Тәңкібаеваға облыстық кә­сіп­одақ комитетінің «Құрмет грамотасы» табыс етілді.

Салтанатты лездеме барысы мектеп өнер­паз­да­рының мерекелік әнша­шуымен өріліп отырды. 2022-2023 оқу жылының алғашқы қоңырауын соғу мәртебесі 11 сыныптың озат оқушылары Гүлфариза Шағырова мен Мейірбек Кенжебекұлына, 1 сы­ныпқа қадам бас­қан Мақсат Талғатұлы мен Анеля Сексенбаеваға бұ­­­й­ыр­­­ды.

Білім күні мерекесі әр сыныптағы ашық тәрбие саға­тымен жалғас тапты. Мектептегі үздік сыныптардың бірі 3 «а» сыныбының ашық сабағына арнайы қонақ болдық. Сынып жетекшісі Сәуле Таюпова жаңартылған әдіс-тәсілдер мен заманауи технологияларды ұтымды пайдалана отырып, сабақ тақырыбын оқушылардың ойына сіңіре білді. «Білімге ұмтылу, еңбексүйгіштік және отаншылдық» тақырыбын арқау еткен ашық сабаққа «Amanat» партиясының Сырдария аудандық филиалының консультанты Б.Ахметов, аудандық білім бөлімінің әдіскері С.Сақтағанова, мектептің әлеу­меттік педагогы А.Тәжібаева қа­тысты. Бір сабақ бо­йына оқушылар еңбексүйгіштік, Отанға деген құрмет, білімнің маңыздылығы туралы тың ақпараттар алды. Қонақтар өз тәжіри­белерімен бөлісіп, бүгінгі бүлдір­шін­дердің ертеңгі күні елдің жарқын бола­шағына айналуын тіледі.

Мерекелік іс-шараны жақсы көңіл-күймен қоры­тындылаған ұлағатты ұстаздар мен оқушылар естелік суретке түсті. 2022-2023 оқу жылын 402 оқушымен бас­тап отырған іргелі оқу ордасына біз де сәттілік пен толағай табыс тіледік.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
02 қыркүйек 2022 ж. 483 0