«Әліппе» кітабын табыс етті
Алғашқы қоңырау салтанаты еліміздің барлық мектептерінде ұйымдастырылды. Күмбірлеген күміс қоңырау үні оқушыларды мектеп партасына шақырып, қызығы мол тағы бір оқу жылы басталды.
Жаңа оқу жылы, әсіресе, 1 сыныпқа қадам басқан бүлдіршіндер мен 11 сыныпты тәмамдап, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған жас түлектер үшін нағыз толқуға толы сәт. Осы ретте, биылғы оқу жылында аудан бойынша 773 бала мектеп табалдырығын аттағанын айта кеткеніміз жөн.
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Білім күніне орай Шіркейлі ауылдық №129 Ә.Жәмішов атындағы мектеп-лицейде өткен салтанатты жиынға қатысып, ұстаздар мен оқушыларды құттықтады.
– Құрметті ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар! Сіздерді келіп жеткен жаңа оқу жылымен құттықтаймын. Әрбір адамның өмірдегі орнын табуда, болашағына бағыт-бағдар беруде ұстаздардың еңбегі ұшан-теңіз. Түлектердің жеңісі, белгілі бір белесті абыроймен бағындыруы – Сіздердің талай жылғы еңбектеріңіз бен ізденістеріңіздің жемісі. Білімді де білікті, өнегесі мол ұстаздар қауымына ерекше алғысымды білдіремін, – деген аудан басшысы өткен оқу жылының аудан үшін табысты болғанын атап өтті.
Атап айтар болсақ, өткен оқу жылында Сырдария ауданы білім саласында жоғары жетістіктерге қол жеткізді. 100-ге жуық оқушы облыстық, республикалық білім сайыстарында жүлделі орындарды иеленді. 29 түлек «Алтын белгі», 35 түлек «Үздік аттестат» иегері атанды. Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша ауданымыз облыста бірінші орынды иеленіп, талапкерлердің 91 пайызы мемлекеттік грант иегері атанды. Бұның бәрі ұлағатты ұстаздардың ерен еңбегі мен талапты шәкірттің ізденімпаздығының нәтижесі екені анық.
Салтанатты жиынға қатысқан құрметті қонақтар сөз сөйлеп, ел ертеңі білімді ұрпақтың қолында екенін, сол үшін қазіргі жас буынның талмай-тынбай білім алуы маңызды екеніне тоқталды. Сондай-ақ жаңа оқу жылында толағай табыстарға жетулерін тілеп, ақжарма тілектерін білдірді. Мерекелік жиынға өнерлі оқушылардың концерттік бағдарламасы көрік беріп, мерекелік көңіл-күйді еселей түсті. 11 сыныптың үздік оқушысы Жанбота Тәңірберген мен 1«А» сынып оқушысы Махфуза Әбдіхан мен 1«Б» сынып оқушысы Абзал Жандосұлы алғашқы қоңырауды соқты.
Биылғы оқу жылы түрлі жаңашылдықтармен бастау алып отыр. 2022-2023 оқу жылының «Балалар жылымен» тұспа тұс келуімен қатар 1 сыныпқа қадам басқан оқушылар төл «Әліппемен» қайта қауышты. Осы ретте аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы №129 мектеп-лицейінің бірінші сынып оқушыларына «Әліппе» кітабын табыстады. Сондай-ақ аудан басшысы мектептің материалдық-техникалық базасымен танысты.
Айта кетейік, өткен оқу жылында аталған білім ордасының 39 түлегінің алтауы «Алтын белгі», біреуі «Үздік аттестат» иегері атанған. Ал жоғарғы оқу орнына құжат тапсырған 18 түлектің 16-сы мемлекеттік грант иегері атануы да ұстаздар мен ата-аналардың мерейін арттырды. Сондай-ақ биылғы оқу жылында 63 бүлдіршін білім ордасына қадам басып отыр. «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын» алтын ұя мектеппен үш ай демалыстан соң қайта қауышқан барша оқушыға сәттілік тілейміз.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ