Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәртіп сақшысына қырағылық тән

Тәртіп сақшысына қырағылық тән

Ел қорғаны болған тәртіп сақшыларының жұмысы әркез қауырт. Олар тыныштықты сақтау үшін күн-түні кезекшілікте тұрып, тәртіпсіздіктерге тосқауыл қояды. Сондықтан полиция қызметкерлерінің қалтқысыз қызметіне әркез құрметпен қарау керекпіз.

Аталған сала жұмысының ауыртпашылығы мен қиындығы көп. Соны бағамдау үшін бір күн иығымызға погон тағып, полиция қызметкерлерінің бір күндік жұмысын көзімізбен көрдік. Мұндағы мақсатымыз – «Погондағы журналист» ретінде қиын салада қалтқысыз қызмет етіп жүрген полицейлердің тынымсыз еңбегін насихаттау.

Аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Ербол Жанәлиевпен алдын ала келісім жасалып, форма кидік. Полиция подполковнигі аудандағы қырағы сақшылардың бірі Нұрболат Қасымхановпен бірге жүріп, полиция қызметкерінің бір күндік қызметімен танысуға мүмкіндік жасады.

Тәртіп сақшысы қырағы, тап-таза және өзгелерге үлгі бола білуі тиіс. Сондықтан таңғы таралымда сапта тұрып, күндізгі кезекшілікке түсетін сақшылардың полиция имиджіне сай дайын болуы, қарулануы бағдарланып, тиісті тапсырмалар жүктелді. Одан соң әрбір полицей өз қызметтеріне кірісіп кетті. Ал біз полиция майорымен бірге Тереңөзек кентін аралауға шықтық.

– Ішкі істер саласында 2009 жылдан бері қызмет етіп келемін. Бұл саланың ауыртпалығы зор. Аудан орталығы саналатын Тереңөзек кентінің ауқымы үлкен. Біз осы аумақтың қоғамдық қауіпсіздігіне жауаптымыз. Қызмет бабында жүргенде әр түрлі құқық бұзушылықтар орын алады. Сол кезде жедел қимылдап, құқық бұзушылықты анықтап, тиісті шаралар көріледі, әкімшілік хаттамалар толтырылады, – дейді полиция майоры.

Дәл осы шақта ауданда республикалық «Қару» жедел-профилактикалық іс-шаралары жүріп жатыр. Осы «Қару» іс-шарасы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Негізінде, қаруды заңды түрде ұстаудың ережесі бекітілген. Аудандық полиция бөлімінде аудан көлемінде заңды қару ұстайтын тұрғындардың тізімі бар. Сол тізім учаскелік полиция инспекторларының қолында жүреді. Тізім бойынша тұрғылықты мекенжайлар тексеріліп, қару сақтаудың ережесі қадағаланады. Осы орайда, полиция капитаны тұрғылықты мекенжайларды аралау барысында қару сақтау ережесін бұзған азаматқа ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 484-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырды.

Түске дейінгі уақытта учаскелік полиция инспекторы өз аумағының қоғамдық тыныштығын бақылауда ұстап, тиісті міндеттерін атқарды. Сағат 13.00-ге таяғанда біздер түскі үзіліске қам жасайтынымыз анық. Ал Нұрболат Әлібекұлы түскі үзіліске асығар түрі жоқ. Сөйтсек, кешкі таралымға дейін полицей қырағылық танытуы тиіс екен. Оның үстіне сақшы түскі уақытта хабарламалар жиі түсетін тілге тиек етті.

Ал түстен кейінгі уақытта полиция майоры әкімшілік істерге қатысты құжаттарды аудандық сотқа апарып өткізді. «Біз құқық бұзушылықтарды анықтап, тиісті анықтамаларды дайындап, сотқа өткіземіз. Әрі қарай сот әкімшілік іске қатысты шешім шығарады» дейді Н.Қасымханов.

Әне-міне дегенше кешкі таралымның да уақыты келді. Кешкі сағат 17.00-де учаскелік полиция инспекторы күндізгі кезекшілікте атқарған жұмысты аудандық полиция бөлімі Жергілікті полиция қызметінің бастығына баяндады. Кешкі таралымда сап түзегеннен кейін қаруын тапсырды.

Осымен бір күндік жұмыс біткен шығар дегенбіз. Сөйтсек, 8 сағаттық күндізгі кезекшіліктен соң тәртіп сақшысына 8 сағаттық демалыс беріледі екен. Ал түнгі сағат 1.00-де олардың жұмысы қайта басталады. Түнгі таралым өтіп, аудан ортылығының тыныштығын торуылдау үшін көшеге қайта шығады.

– Түнгі кезекшілік қырағылықты қажет етеді. Беймезгіл уақытта қоғамдық қауіпсіздікті бұзғандар көптеп кездесіп жатады. Одан бөлек, түнгі уақытта жүрген автокөліктерді тексереміз. Осы мезгілде хабарламалар да жиі түседі. Отбасындағы жанжал, кейде мерекелік жиындардың арты шуға ұласып жатады. Сондайда тәртіпсіздікті құрықтау үшін алдыңғы шепте жүреміз. Көпшілік форма кигендерге қатысты сын айтап жатады. Ал біздің қызметтегі басты міндетіміз – ел тыныштығын қорғау. Бұл ретте, біз уақытпен санаспаймыз, – дейді кейіпкеріміз.

Осы бір күн бойы жүріп аңғарғанымыз, погон тағып тыныштықты торуылдау жауапкершілігі мол, аса қиын жұмыс екен. Біз бір күннің өзіне қиыншылығын сезсек, тәртіп сақшылары қаншама жылдар бойына қауіпсіздікті қамтамасыз етіп келеді. Сондықтан погон таққан полицейлерге әркез құрмет ерекше.


Ердос БЕРКІНБАЕВ
26 тамыз 2022 ж. 161 0