Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 31 газет

20 сәуір 2024 ж.

№ 30 газет

16 сәуір 2024 ж.

№ 29 газет

13 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Тәртіп сақшысы – қауіпсіздік қалқаны

Тәртіп сақшысы – қауіпсіздік қалқаны

Бейсенбідегі жұмыс таңы аудандық полиция бөлімінде басталды. Бұл жолы біз үстімізге форма киіп, иығымызға погон тағып, полиция қызметкері ретінде қызметке кірістік. Мұндағымыз күн-түні қауіпсіздік қалқаны болып жүрген сақшылардың бір күндік жұмысын өз көзімізбен көру еді. «Погондағы журналист» ретінде қиын салада қалтқысыз қызмет етіп жүрген полицейлердің тынымсыз еңбегін насихаттауды мақсат еткенбіз.
Аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Ербол Жанәлиевпен алдын ала келісім жасалып, форма кидік. Полиция подполковнигі аудандағы қырағы сақшылардың бірі Еркебұлан Зайдағалиұлымен бірге жүріп, учаскелік полиция инспекторының бір күндік қызметімен танысуға мүмкіндік жасады.
Таңғы сағат 8.30-да күндізгі кезекшілікке түсетін аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жиналып, қызметтік қаруларын ала бастады. Сондай-ақ, олар оқ өткізбейтін кеудеше киіп, сағат 9.00-дегі таңғы таралымға сақадай сай сапқа тұрды. Осы жерде аңғарғанымыз сақшылар ширақ қимылдап, дәлме-дәл уақытта сап түзеді. Оларға уақытынан сәл де болса кешігу, кешірілмейді.
Таңғы таралымда сапта тұрмыз. Аудандық полиция бөлімі Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Абай Мұстафаев күндізгі кезекшілікке түсетін сақшылардың полиция имиджіне сай дайын болуын, қарулануын бағдарлап, тиісті тапсырмаларды жүктеді. Оның ішінде, Тереңөзек кентінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, құқық бұзушылықты болдырмау бағытында жүйелі қызмет етуді тапсырды.
Таңғы таралымнан соң әрбір полицей өз қызметтеріне кірісіп кетті. Ал біз полиция капитаны Еркебұлан Зайдағалиұлымен бірге кентті аралауға шықтық. Учаскелік полиция инспекторына «253» нөмірлі «Уаз» автокөлігі бекітіліп берілген. Сол көлікпен тиісті аумақтардың қоғамдық тыныштығын бағдарлап келеміз.
– Өзім 2016 жылдан бері Тереңөзек кентінде учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарып келемін. Аудан орталығының ауқымы үлкен. Біз осы аумақтың қоғамдық қауіпсіздігіне жауаптымыз. Қызмет бабында жүргенде әр түрлі құқық бұзушылықтар орын алады. Сол кезде жедел қимылдап, құқық бұзушылықты анықтап, тиісті шаралар көріледі, әкімшілік хаттамалар толтырылады, – деп бастады капитан көлік ішінде бізбен әңгімесін.
Дәл осы шақта ауданда республикалық «Учаске» және «Қару» жедел-профилактикалық іс-шаралары жүріп жатыр. Соның «Учаске» іс-шарасы бойынша учаскелік полиция инспекторы тұрғын үйлерді аралап, танысу жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, К.Байсейітова, Ғ.Мұратбаев көшелеріндегі тұрғын үйлерге барып, тұрғындарға қоғамдық қауіпсіздікті сақтау тұрғысында түсіндірме жүргізді және өзін таныстырды. Өз кезегінде тұрғын үй иелері құқық бұзушылықтар орын алғанда дереу хабарлама беретіндіктерін жеткізді.
Ал «Қару» іс-шарасы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Негізінде, қаруды заңды түрде ұстаудың ережесі бекітілген. Аудандық полиция бөлімінде аудан көлемінде заңды қару ұстайтын тұрғындардың тізімі бар. Сол тізім учаскелік полиция инспекторларының қолында жүреді. Тізім бойынша тұрғылықты мекенжайлар тексеріліп, қару сақтаудың ережесі қадағаланады. Осы орайда, полиция капитаны тұрғылықты мекенжайларды аралау барысында қару сақтау ережесін бұзған азаматқа ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 484-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырды.
Түске дейінгі уақытта учаскелік полиция инспекторы өз аумағының қоғамдық тыныштығын бақылауда ұстап, тиісті міндеттерін атқарды. Сағат 13.00-ге таяғанда біздер түскі үзіліске қам жасайтынымыз анық. Ал Еркебұлан Зайдағалиұлының түскі үзіліске асығар түрі жоқ. Сөйтсек, кешкі таралымға дейін полицей қырағылық танытуы тиіс екен. Оның үстіне сақшы түскі уақытта хабарламалар жиі түсетін тілге тиек етті. Айтып, ауыз жиғанша қызметтік рациямен учаскелік полиция инспекторына хабарлама жеткізілді. Қызметтік көлікпен хабарлама түскен мекенжайға жылдам жеттік. Әрине, қызмет бабында жүріп әрбір адамның, мейлі ол қылмыс жасаған адам болсын, құқығы сақталып, аты-жөні айтылып, таралмайды. Біз барған үйде отбасылық кикілжің орын алуда екен. Біреу ашуланып, айқай болғанда оған тікелей бармақ түгілі, жақындауға жүрексінесің. Ал тәртіп сақшысы отбасылық кикілжіңді тоқтатуға, ашулы адамдарды сабырға келтіруге тез шешім қабылдап, жылдам әрекет етті. Сол арада аудандық ауруханадан арнайы мамандар шақырып, кикілжіңді тудырған сол үйдің баласын облыс орталығына жіберуге құжаттар әзірленді. Жалпы, полиция қызметкерлерінің қандай жағдайға болсын дайын болуы бізді таңқалдырды. Қоғамдық қауіпсіздік пен ел тыныштығы үшін еш аянып қалмақ емес. Сөйтіп, түскі үзілісте біз қамсыз жүретін болсақ, тәртіп сақшылары тынымсыз қызметін жалғастырады.
Ал түстен кейінгі уақытта Еркебұлан Зайдағалиұлы әкімшілік істерге қатысты құжаттарды аудандық сотқа апарып өткізді. «Біз құқық бұзушылықтарды анықтап, тиісті анықтамаларды дайындап, сотқа өткіземіз. Әрі қарай сот әкімшілік іске қатысты шешім шығарады» дейді полиция капитаны.
Әне-міне дегенше кешкі таралымның да уақыты келді. Кешкі сағат 17.00-де учаскелік полиция инспекторы күндізгі кезекшілікте атқарған жұмысты аудандық полиция бөлімі Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі А.Мұстафаевқа баяндады. Кешкі таралымда сап түзегеннен кейін қаруын тапсырды.
Осымен бір күндік жұмыс біткен шығар дегенбіз. Сөйтсек, 8 сағаттық күндізгі кезекшіліктен соң тәртіп сақшысына 8 сағаттық демалыс беріледі екен. Ал түнгі сағат 1.00-де олардың жұмысы қайта басталады. Түнгі таралым өтіп, аудан ортылығының тыныштығын торуылдау үшін көшеге қайта шығады.
– Түнгі кезекшілік қырағылықты қажет етеді. Беймезгіл уақытта қоғамдық қауіпсіздікті бұзғандар көптеп кездесіп жатады. Одан бөлек, түнгі уақытта жүрген автокөліктерді тексереміз. Осы мезгілде хабарламалар да жиі түседі. Отбасындағы жанжал, кейде мерекелік жиындардың арты шуға ұласып жатады. Сондайда тәртіпсіздікті құрықтау үшін алдыңғы шепте жүреміз. Көпшілік форма кигендерге қатысты сын айтап жатады. Ал біздің қызметтегі басты міндетіміз – ел тыныштығын қорғау. Бұл ретте, біз уақытпен санаспаймыз, – дейді Еркебұлан Зайдағалиұлы.
Әрине, бір күн форма киіп тәртіп сақшыларының барлық жұмысын қамти алдық деп айта алмаймыз. Десе де, сол бір күндікте полиция қызметкерлерінің қоғамдық тыныштықты сақтау жолында үнемі қырағылық танытып, тынымсыз қызмет етенін аңғардық. Сонымен бірге, форма кигенде жауапкершіліктің еселеп артатынын ұғындық. Біреудің тағдырына жауапты болуда нақты шешім қабылдап, жедел әрекет ету – олардың басты ұстанымы. Біз түнде бейқам демалғанда, түн тыныштығын күзетіп жүрген тәртіп сақшылары қандай құрметке де лайық екені сөзсіз. Әсілінде, погон тағып, қоғамдық тыныштықты қорғау екінің бірінің қолынан келетін іс емес.   

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
15 қараша 2021 ж. 692 1

Сымбат Зайдагалиевна от 16 қараша 2021 15:33
Аман жүр, бауырым! Еңбегің елене берсін!