Тәртіп сақшысына қырағылық қасиет тән

Қоғамдық тәртіптің сақшысы Берік Астраханұлы аудан орталығындағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейді тәмамдаған соң Қазақ Академиялық университетіне оқуға түсіп, заңгер мамандығын алды. Азаматтық борышын Ақтау қаласында бір жыл өтеп, ішкі істер органына қызметке келді. Құқық қорғау саласындағы алғашқы еңбек жолын Қызылорда қаласындағы мамандандырылған күзет қызмет басқармасынан бастайды. Үш жыл бойы тәжірибе жинақтаған жас маман туған өлкесі – Сырдария ауданына полиция қызметіне ауысады. Алғашында Шіркейлі ауылдық округінде учаскелік полиция инспекторының көмекшісі ретінде екі жыл қызмет етті. Сол ауылда учаскелік инспектор қызметіне дейін жоғарылаған тәртіп сақшысы елді мекенде тыныштықты қамтамасыз еткен. Соңғы 8 жылдан бері аудандық полиция бөлімінің кезекші бөлімінде қызмет етіп, испектор, аға инспектор лауазымдарында өз қызметін аса жауапкершілікпен атқаруда.
Ауданның полиция қызметінде 12 жылдық еңбек өтілі бар Берік Қожақов – ауданға белгілі медицина саласының ардагерлері Астрахан аға мен Маржан апаның кенжесі. Қарашаңырақ иесі келіншегімен екі ұл мен үш қыз тәрбиелеп отыр. Әкеден алған тәрбие ер азаматты еңбексүйгіштікке, қызметке деген адалдыққа үйретті. Үлкенге құрметпен қарап, кішіге ізет білдіру – отбасындағы тәлім-тәрбиенің қайнар көзі.
– Кезекшілікке бір тәулік уақытқа түсеміз. 102 арнасына келіп түскен хабарламаларға жауап беріп, барлық ақпаратқа талдау жасап, басшылыққа баяндау міндетін атқарамын. Кезекшілікке 1 жедел уәкіл, 1 тергеуші, 1 криминалист, кезекші-жүргізуші, жауапты, тексеруші, кезекшінің көмекшісі қызметке бірге түседі. Тәулік бойы аудан көлемінде болған құқық бұзушылық туралы ақпаратты жинақтап, полиция құзырына жататын ақпаратқа шешім шығуына жауапты боламыз. Тәулігіне шамамен 10-15 полиция құзырына тиесілі хабарламалар келіп түседі. Барлық хабарлама заңдылыққа сәйкес рәсімделіп, шешім шығарылады, – дейді қырағы құқық қорғаушы.
Полиция қызметкеріне қойылатын талап жыл сайын арта түсуде. Негізінен, полиция қызметкерінің адамдармен тіл табыса білуі, ұстамды болуы шарт. Сондай-ақ сыпайылылық да маңызға ие. Бұл мемлекет тарапынан полиция қызметінің оң имиджін қалыптастыру тұрғысында жасалған қадамның негізгісі. Сол арқылы халықтың құқық қорғау саласына деген сенімі артпақ.
Жауапкершілігі зор қызметте полиция деген атқа кір келтірмей, өзгенің де құрметпен қарауына атсалысып жүрген азамат осынау таңдаулы мамандық иесі атанғанын зор мәртебе санайды. Себебі қырағылықпен қатар мықты физикалық дайындықты қажет ететін, адамгершілік қасиетті бәрінен биік қоятын мамандықты жоғары деңгейде атқару Берік секілді нағыз патриот азаматтың өмірлік ұстанымы бола береді.
Шын мәнінде, адамдардың арасында полиция қызметіне деген көзқарас әртүрлі қалыптасқан. Біріміз полиция қызметкерлерін «дөрекі» деп айыптасақ, енді кейбіреуіміз «дұрыс жауап бермейді» немесе «жайбасарлар» деп сынның астына аламыз. Сондықтан қазіргі талап та осындай көзқарасты болдырмау және «полиция – ел қорғаны» деген атқа лайықты болуға үндейді. Бұл жайында бір жақты пікір айтудан аулақпыз. Полиция қызметкерлерінің арасында мәдениетті, барынша байыппен жауап беретіндер көп. Елін, жерін қорғауға әзір тұратын нағыз ержүрек полиция қызметкерлері бүгінгі күннің батыры болып қала бермек.
Бибісара ЖАНӘЛІ