Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Медиация қызметі дауларды шешудің тиімді тәсілі

Медиация қызметі дауларды шешудің тиімді тәсілі

Қоғамдық қарым-қатынаста екі адам дауды өздігінен шеше алмай, одан әрі ушықтырып, соңынан сотқа жүгінеді. Бұл сот тәжірибесінде жиі кездесетін жағдай. Сот отырысында судья қатысушыларды тыңдап, өз шешімін шығарады. Алайда, бір тарап қанағаттанбауы мүмкін.

Сол себепті, дауды шешу барысында екі жақты қанағаттандыратын нәтижеге қол жеткізу үшін медиацияға жүгіну ұсынылады.

Медиация жүргізу алдында медиатор оған дайындық жүргізеді. Даудың шығу себебін анықтау үшін екі жақтың пікірін толық тыңдайды.

Тараптардың талабына байланысты дауды шешетін, тараптарды бітімгершілікке келтіретін жолдарды таңдайды. Дауды шешуде медиатор бейтарап қағидасын ұстануы тиіс.

Тараптарды тыңдағаннан кейін медиатор дауды шешудің жолдарын ұсынады. Шешімдер баламалы болуы қажет. Қорытындыға келгенде, екі тарап шешімге қанағаттанып, дауды бітімгершілікпен аяқтауға келісіп, татуласуға қадам жасауы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда медиацияның тиімді тұстары өте көп.

Медиация халық арасындағы дауларды тобықтай сөздің түйінімен, әділ тұжырыммен шешетін бұрынғы қазақ билері дәстүрінің жалғасы. Аталы сөзге тоқтай білген дана халқымыз екі рулы елдің арасындағы туындаған жерге, жесірге, жетімге қатысты дауларды халыққа сыйлы абыз ақсақалдардың дана сөзімен шешкен.

Медиацияны жүргізу тараптардың өзара келісімі бойынша және олардың арасында медиация туралы шарт жасалған кезде жүзеге асырылады. Жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық, әкімшілік құқықтық қатынастардан және өзге де қоғамдық қатынастардан туындайтын дауларды реттеу кезіндегі медиация сотқа жүгінгенге дейін де, сот талқылауы басталғаннан кейін де қолданылуы мүмкін.

Судьялардың және қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын органдар лауазымды тұлғаларының тараптарды қандай да болмасын нысанда медиацияға мәжбүрлеуге құқығы жоқ. Тарапқа медиацияға жүгінуге ұсынысты басқа тараптың өтініші бойынша, сот немесе қылмыстық қудалау органы жасауы мүмкін.

Медиацияны жүргізу медиация тараптары медиация туралы шарт жасасқан күннен басталады. Егер тараптардың бірі медиацияға жүгіну туралы ұсынысты жазбаша түрде жіберсе және оны жіберген күннен бастап он күн ішінде немесе ұсыныста көрсетілген өзге де орынды мерзімде медиация рәсімін қолдануға басқа тараптың келісімін алмаса, мұндай ұсыныс қабылданбаған болып есептеледі.

Медиацияны жүргізу үшін тараптар өзара келісу бойынша бір немесе бірнеше медиаторды таңдайды. Егер азаматтық немесе қылмыстық сот ісін жүргізу барысында тараптар өзара келісу бойынша басқа медиаторды (медиаторларды) таңдаймын деп шешсе, олар бұл туралы сотты не қылмыстық қудалау органын хабардар етуге міндетті.

Медиаторлар ұйымы, егер тараптар аталған ұйымға тиісті өтініш жіберсе, медиатордың (медиаторлардың) кандидатурасын ұсына алады. Медиацияны өткізу мерзімдері осы Заңның 23-бабы 1-тармағының және 24-бабы 4-тармағының талаптарын ескере отырып, медиация туралы шартпен айқындалады. Егер медиация азаматтық, әкімшілік не қылмыстық процесс шеңберінен тыс жүзеге асырылатын болса, медиатор мен тараптар аталған рәсім күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде тоқтатылуы үшін барлық ықтимал шараларды қабылдауға тиіс. Айрықша жағдайларда шешілетін даудың (дау-шардың) күрделілігіне, қосымша ақпаратты немесе құжаттарды алудың қажеттілігіне байланысты медиацияны жүргізу мерзімі медиация тараптарының уағдаласуы бойынша және медиатор келіскен кезде ұлғайтылуы мүмкін.

Бұл, бір жағынан, соттардың жұмысын оңтайландырса, екінші жағынан тараптардың уақытын үнемдеуге септігін тигізді. Осы тұрғыдан алғанда, медиация қызметі дауларды шешудің тиімді тәсілі екенін көрсетіп отыр.

Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» заңы қабылданғалы бері, еліміздегі БАҚ беттерінде оны насихаттау, түсіндіру жұмыстары аз айтылып келе жатқан жоқ. Десе де, көпшілік медиация жайлы күнделікті есітіп жүргенімен, дауды соттан тыс реттеуге құлық таныта бермейді. Адамдардың бойында дауды тек сотқа жүгіну арқылы шешуге болады деген ұғым қалыптасқан. Дау туындаған жағдайда бірден сотқа жүгінеді. Тараптар арасындағы даулы мәселені сот үрдісінен тысқары тәртіппен шешуге ең әуелі азаматтардың өздері ынталы болуы қажет. Тараптардан мұндай бастама болмаған жағдайда, сот оларды бітімгершілікке келуге мәжбүрлей алмайды.

Негізінен айтқанда бұл заң қазақ халқының дәстүрлі билер мен ата бабалар тағылымын, әдет-ғұрып тәжірибесін қалпына келтіруге жасалған игі қадамның бірі, оның тиімділігі мол деп есептесек қателеспейміз.
Р. Алдамбергенов,
Сырдария аудандық сотының төрағасы



09 ақпан 2022 ж. 563 0