Сөз – ырыс, өмір – тыныс

Ауданның тыныс-тіршілігін ақпараттандыру қызметін атқарған аудан айнасы елдегі тарихи оқиғаларға үн қосып отырды. 2000 жыл еліміз бойынша «Мәдениетті қолдау жылы» деп аталуына орай газет бетінде жыршы, жыраулар, ақын-жазушылар, жалпы мәдениет тақырыбы нөмір сайын беріліп отырды.
2001-2019 жылдары «Тіршілік тынысы» газетінің директор-редакторы, кейіннен редакторы қызметін осы редакцияда ұзақ жыл еңбек еткен Сәуле Ерімбет атқарды.
Тәуелсіздік жылдарындағы ел тұрмысы газет бетінде айқын көрініс тапты. Елбасының, Үкімет тарапынан қабылданған бағдарламалар, облыс, аудандағы ел дамуына бағытталған бағдарламалар жариялана бастады.
2003 жылы «Тіршілік тынысы» газетінің жарыққа шыққанына 65 жыл толуына орай оқырмандар арасында шығармашылық бәйге ұйымдастырылса, оқырмандар арасында «65 жылдыққа – 65 ұтыс» жарияланды. Осы жылы газетке жазылу бәсеңдеді. Бұған газеттегі «Өзіміздікі» деп өзекке теппесек» деген мақала дәлел. Газеттің арнаулы тілшісі Шолпан Оразәулеті мақаласында газетке жазылудың тым баяу, тіпті аудан-ауылдардағы еңбек ұжымдарының немқұрайлығын атап айтады.
Атап өту керек, 2005 жылы ақын А.Тоқмағамбетовтің 100 жылдық мерейтойына орай аудандық газет бір рет А2 форматымен жарыққа шықты. Мұнан кейін 2012-2014 жылдары аудан әкімдігінің қолдауымен газет А2 форматында басылып, таратылды. Бұл үрдіс «Сыр медиа» серіктестігіне қосылғаннан кейін де жалғасып келеді.
2003-2005 жылдары Елбасы Жарлығымен «Ауыл жылы» болып жариялануына орай ауыл өміріне арналған «Ауылым – алтын бесігім», жастарға арналған «Жауқазын», құқық қорғау саласына арналған «Адам және заң» арнайы беттері ашылды. «Сұрақ – сізден, жауап – бізден» айдары арқылы халықтың көкейіндегі сұраққа жауап алуына мүмкіндік жасалды. 2006 жылдың 1 мамырында аудандық газет редакциясы аудан әкімінің қолдауымен жаңа ғимаратқа орналасты.
Бір атап айтарлығы, тәуелсіздік жылдарындағы басылымдар бейнесінен, ондағы жарияланған материалдардан газеттердің де ел тәуелсіздігімен бірге сапасы, мазмұны жағынан жақсара түскенін аңғаруға болады. Мемлекеттік саясатты, бағдарламаларды, сол жылдардағы халық тұрмысы ауданның айнасынан айқын сезіледі. 2013 жылдан бастап Елбасы Жарлығымен «Еңбек күні» мерекесі белгіленсе, аудандық басылымның әр жылдардағы нөмірінен еңбек династиясын насихаттаған мақалалар ұдайы беріліп тұрған.
2014 жылы аудандық басылым құрылымына өзгерістер енді. Аудандық газеттер осы жылдан бастап «Сыр медиа» ЖШС құрамына енді. Нәтижесінде, аудандық басылымдардың форматы, безендірілуі, материалдық-техникалық базасы жақсара бастады, жаңа қызметтік көлік берілді. 2015 жылы аймағымызда әлеуметтік нысандардың көптеп пайдалануға берілгені басылымнан айқын аңғарылады. «Жаңа нысан – жақсы нышан» деген айдармен нөмір сайын жарияланып тұрған. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау бағытында мақалалар жиі жазылады. Мәселен, «Серпін – 2050» айдары, «Ақбұлақ» бағдарламасының игілігі, «Жәрмеңкеден – жұмысқа» «Тазалық» атты айдарлар тұрақты болса, осы жылдары бағаны тұрақтандыру мақсатында жәрмеңке жиі ұйымдастырылғанын нөмір сайынғы ақпараттан біле аласыз. Аталған жылдарда тәуелсіз елдің жемісті жылдарын, аймақ тынысын ашып көрсетуде газетте репортаж жанры жиі жазылған.
2015 жылы ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 170 жылдық мерейтой жылы басылымның бірінші бетінен жыл бойы түспей, ақын шығармашылығы насихатталған. Сондай-ақ 2017 жылы ЭКСПО көрмесі эстафетасы біздің елге бұйырғанын сүйіншілеген хабарлар бар.
2015 жылы Сыр өңірі тарихында ұмытылмас сәттің бірі – Елбасының аймаққа сапары, сапар барысында нендей жобалар жүзеге асатыны, атап айтқанда «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ магистралы арқылы аудандарды газдандыру, Сырдарияның сол жағалауын игеру, бұл жұмыстың алғашқы қадамы – көпір құрылысының қызу жүріп жатқанын оқырманға сол мезетте жеткен ақпарат ғана емес, уақыт өткен сайын сол жылдың шежіресіне айналуда. Сонымен қатар «Дәстүр», «Мирас», Құрмет» сияқты айдарлар арқылы ұлттық құндылықтар тұрақты насихатталса, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы секілді айтулы даталар аудандық басылым бетінде жоғары деңгейде насихатталған. Газет бетінде балабақша кезегі, жер кезегінде тұрған адамдар тізімінің ұдайы жарияланып тұруы да тәуелсіз мемлекеттің жариялылық пен ашықтыққа ұмтылысын байқатады. Газеттің «Сенбілік бетінде» танымдық ақпараттар, пайдалы кеңестердің жариялануы – оқырман сұранысынан туған идеялар болды.
2015 жылы аудандық «Тіршілік тынысы» газеті облыс бойынша «Үздік аудандық басылым» номинациясымен марапатталып, марапат сол кездегі газеттің бас редакторы С.Ерімбетке табысталды. Мұнан бөлек осы жылы бөлім басшысы Б.Жанәлі Қазақстан Журналистер одағының Алғыс хатымен марапатталды.
2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай жыл бойы «25 жыл жетістігі» атты айдармен Тәуелсіздік жылдарындағы ауданда атқарылған ауқымды істер жарияланып отырған. Осы жылы «Ғасыр құрылысы» тақырыбымен жарияланған мақалада «Жарты ғасыр арман болған Сырдария өзені, Тереңөзек кенті тұсынан салынған көпір пайдалануға берілді» деп жазылды. Сонымен қатар газетте сұхбат жанры көбірек қолданылғаны байқалады. «Мерекелік сұхбат», «Сәті түскен сұхбат», «Сұранысты сұхбат» деген айдарлар газет бетінде жиі кездеседі. Газеттің соңғы бетінде үнемі «Ойтүрткі» айдарымен қоғамдағы мәселелер айтылса, «Еңбек адамы» арқылы еңбек, «Кәсіпкерлік көкжиегі» айдары арқылы аудандағы шағын кәсіпкерлік тұрақты түрде насихатталды. «Шалғайда жүрген бір түлек» айдары арқылы туған жерден түлеп ұшып, шетелде оқып жатқан немесе үлкен қалаларда еңбек етіп жүрген жастардың үлгілі ісі сұхбат жанрында жиі берілуі де газет мазмұнын аша түсті. Газеттің соңғы бетінде фотоэтюдтерді жиі қолдану байқалады. Осы жылдары «Басылым жанашырлары» айдарының берілуі – газеттің өз оқырмандарымен байланысын нығайту жұмысының бір формасы.
2016 жылы «Сыр медиа» ЖШС-нің бір қызметі – пошта қызметін жүзеге асыруы соны жаңалықтың бірі. Бұл туралы газеттің бірінші бетінде «Тың бастама, жаңа жұмыс» тақырыппен жариялады. «Аудандық газет редакциясында 1 шілдеден бастап қарбалас тірлік басталып кетті. Себебі, «Сыр медиа» серіктестігіне қарасты басылымдар редакция арқылы таратылатын болды. Осыған орай аудандық газеттің шығатын күні де өзгерді. Бұрын сәрсенбі күні тарайтын аудандық басылым мұнан былай оқырман қолына сейсенбі күні тиетін болды. «Сыр медиа» арқылы аудандағы барлық ауылдар мен кентті қосқанда 18 адам жұмысқа қабылданды. Бұл ауданның жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал етері даусыз» деп жазады.
2019 жылдың 15 қазанынан бастап газетке осы басылымнан журналистік қабілетін шыңдаған, Сырдария ауданы әкімінің көмекшісі–баспасөз хатшысы қызметін атқарған Ақтөре Ибрагимұлы бас редактор болып тағайындалды. Бұл жыл «Тіршілік тынысы» газетінің жарыққа шыққанына 80 жыл толуымен де ерек. Мерейлі жылда шығармашылық ұжым аудан көлемінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, бұл шараларды газеттің бұрынғы редакторлары мен ардагерлерінің есімін елге танытуға арнады. Атап айтқанда, аудандық басылымды 14 жыл басқарған Абызбай Маханбетовті еске алуға арналған турнир, қарымды қаламгер Келдібай Уәйісұлы атындағы «Дала дауысы» атты жазба ақындар мүшайрасының ұйымдастырылуы газет пен оқырмандар арасындағы байланысты нығайта түсті. Бүгінде газет аптасына екі рет, түрлі-түсті, А2 форматында 3947 тиражбен жарыққа шығып келеді.
Бүгінде газетте «Қоғам» (елдегі болып жатқан жаңалықтар), «Аймақ» (облыс жаңалықтары, облыс әкімінің іс-қимылы), «Таным» (танымдық тарихи материалдар), «Есеп» (аудандық бюджет, аудан, кент және ауылдық округ әкімдерінің атқарған жұмысы) секілді арнаулы беттер бар. Ал әр айдың соңғы аптасына оқырманға рухани демалыс сыйлайтын, әзіл-қалжың, әңгіме, танымдық дүниелер топтастырылған «Сенбілік беті» жарияланып тұрады. Газеттің тұрақты айдарлары «Шалғайда жүрген бір түлек (туған жер түлектерін насихаттауға арналған), «Құрметті азамат» «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағын иеленген тұлғалар туралы), «Кент көшелері» (Тереңөзек кентінің тыныс-тіршілігін хабардар ететін), «Ойтүрткі» (мәселелерге арналған), «Сұхбат», «Жетістік» (аудан жетістігіне арналған), «Ауыл жаңалығы» (ауыл хабарлары), «Еңбек адамы» (еңбеккерлерді дәріптеу), «Мамандығым – мақтанышым» (мамандық иелері арқылы мамандықты насихаттау), «Поэзия», «Жас болсаң, жалындап тұр» (жастарға арналған), «Заң үстемдігі» (құқықтық мәселелер) және тағы басқа айдарлар тұрақты беріліп отырады. Сын тезіне іліккен мақаладан соң нәтижелер «Жазылған жайдың жаңғырығы» айдарымен жарияланса, тұрақты авторларға арналған «Оқыдық, пікір айтамыз» және «Айтайын дегенім» атты айдарлар бар. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік шежіресі» айдары бойынша егемендік жылдарындағы аудан тарихы қайта жазылып, жаңғыртылуда.
Жыл сайын материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталып, редакция ұжымы заман ағымындағы өзгерістермен, жылт еткен жаңалықтарды елге жеткізуде жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етіп жүр. Бүгінде шығармашылық ұжымның орташа жасы – 40. Бас редактор – Ақтөре Ибрагимұлы, бас редактордың орынбасары – Ердос Беркінбаев, бөлім басшысы – Бибісара Жанәлі, бас маман – Нұргүл Сарқыншақова, тілшілер Балтабай Ордабеков, Аружан Мұханбетқали, дизайнер Гүлсім Әлжанова, корректор Гүлмира Махамбетжановалардың есімі газет арқылы аудан халқына танымал.
«Тіршілік тынысы» газетінің сайты (tirshilik-tynysy.kz) да бар. Күндіз-түні ақпарат таратады. Сайттан Сырдария ауданының тарихы, өнері, тұлғалары, халқының тыныс-тіршілігі туралы материалдармен таныса алады. Басылымның электронды нұсқасы күнделікті шамамен 500-2000 оқырман оқиды. Сайтта 2017 жылдан бергі газет мұрағаты сақталған.
Шығармашылық ұжым қызметкерлерін ынталандыру мақсатында жергілікті атқарушы және уәкілетті органдар тарапынан құрмет көрсету іс-шаралары үйлестірілуде. Атап айтқанда, М.Сақтапов 2020 жылы «Қазақстанның құрметті журналисі», Ш.Нұрсейітов «Ақпарат саласының үздігі» атанды. Е.Беркінбаев, Б.Жанәлі, Г.Әлжанова, Р.Тұрғанбековалар облыс, аудан әкімінің және облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының Алғыс хатын иеленді, бас маман Н.Сарқыншақова «Алтын қалам» номинациясымен марапатталды. Аудан әкімінің «Өрлеу» жастар сыйлығына 2019 жылдан бастап «Жас журналист» аталымы қосылып, Б.Ордабеков, М.Қожабай марапатталып, арнайы қаржылай сертификатқа ие болды. Мұнан бөлек редакциясының апталық жиналыстарының хаттамасы негізінде ұжым қызметкерлері мен таратушылар да Алғыс хаттармен марапатталуда.
Тарихы терең газетте ардагерлерді ардақтау мақсатында жақсы үрдіс қалыптасқан. 2019 жылы аудандық газет редакциясында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенов бастаған аудан ардагерлерінің қатысуымен «Ардагерлер бөлмесі» ашылып, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталды, кітаптар және суреттер стенді әзірленді. Бүгінде аудандық газет редакциясы жанындағы ардагерлер кеңесін ұзақ жылдар газетті тілші, фототілші болып еңбек еткен Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын Мүсілім Қалмұратұлы басқарып келеді. Мерекелер мен атаулы күндерде ардагерлерге құрмет көрсету іс-шаралар ұйымдастырылуда. Аудандық газет редакциясының ұсынысы негізінде құрметті зейнет демалысына шыққан қаламгерлерді аудан әкімі қабылдап, құрмет көрсетіп, иығына шапан жауып, ілтипат көрсетуде. Бұған мысал ретінде жауапшы хатшы қызметін атқарған, бүгінде халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейітовке көрсетілген құрметті айтуға болады.
Газетті сапалы әрі мұзмұнды жарыққа шығуына тұрақты авторлар да өз үлестерін қосуда. Олардың қатарында Ширек Сқақов, Рақымжан Бәйменов, Алмагүл Божанова, Алма Бақтиярова, Өмірзақ Бедебеков, Әбу Досбол, Нағыман Әйтенов, Жұмабай Байзақ, Бақтияр Мырзаш, Шегебай Бәшенов, Сайділдә Сәдуақасов, Серік Камалов, Қанатбек Әбілқасымов, Бағдат Есназар, Жәнібек Маханбетов, Итемір Пазылов, Самат Жұмаділов, Қайрат Есекеевтер бар. Сондай-ақ Абзал Ералиев, Дархан Ералиев, Расул Есенов, Бақдәулет Мақашев, Алданберген Құлбаев, Марат Бисенов, Қайрат Нұрсейітов, Сейткамал Сұлтанов, Жеңісбек Сыздықов, Мақсұт Әбілдаев, Несібелі Керейтбаева, Ғалым Абызбаев, Сұлтан Қобландин, Мұрат Сәрсенбаев, Бөлеген Рахмет, Оңғар Саймағанбетов, Серік Әбжәлиев, Мадина Омарова секілді демеушілердің де есімін атап өтсек жарасады.
2021 жылы аудандық газеттің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы сол кездегі «Nur Otan» партиясының атынан Сырдария аудандық мәслихатының VII шақырылым депутаты болып сайланды. Ол бүгінде аудандық қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмысшы топтың және аудандық партия филиалы жанындағы «Жастарды қолдау» жөніндегі кеңестің төрағасы, «Жастар рухы» Жастар қанатының аудандағы жетекшісі, бірқатар комиссиялардың мүшесі. Бұл ауданның қоғамдық-саяси, рухани-мәдени өмірінде редакцияның өзіндік орны бар екенін білдіреді.
– Редакцияның табалдырығы – төр, төрі – тұғыр. Бұл мекемеде еңбек ету, аға буын өкілдерінің игі істерін жалғастыру – зор абырой әрі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қазіргі таңда редакция жұмысы жаңа деңгейге көтерілді, жаңадан айдарлар ашылып, жұмыс форматы өзгерді. Нәтижесінде, оқырман саны артты. Мысалы, 2019 жылы аудандық газеттің таралымы 3094 дана болса, бір жарым жылдың ішінде 3947 данаға артты. Бұл жаңадан 853 оқырман қосылды деген сөз. Яғни, алға жылжу, ілгерілеу бар. Сондай-ақ заман талабына сай тәулік бойы ақпарат тарататын электронды сайтымыз бен әлеуметтік желілерде ресми парақшалар ашылды. Редакцияның есігі оқырмандарға әркез ашық және тілшілер ашықтық, жариялылық қағидатын жұмыстарының басты арқауы етті. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады, – деп қорытады редакцияның бүгінгі жұмыстары мен таяу болашақтағы жоспарлары туралы Ақтөре Ибрагимұлы.
«Сыр журналистикасының
тарихы» кітабынан
(Соңы)