Кенттегі көрікті кескін

Өткен жылдан бері аудан орталығына кіреберісті абаттандыруға үлкен мән берілді. Алдымен тазалық жұмыстары жүргізіліп, көгалдандыру, санитарлық тазалық ісіне ұжымдар жұмылдырылды. Содан соң кіреберістегі көпқабатты тұрғын үйлердің маңы тұрғындарға қолайлы жағдайда абаттандырылып, ойын алаңдары салынды. Одан бөлек, облыстық маңызы бар «Қызылорда – Жалағаш» автожолының кент үстімен өтетін тұсы, яғни кентке кіреберістегі аудан паспорты заманауи үлгіде жаңарып, іргелі ауданның ажарын айшықтады. Сонымен қатар осы маңға қосымша бағандар орналастырылып, біреуінде Мемлекеттік Рәміз – көк байрағымыз бейнеленсе, қарама-қарсы беттегі қос бағанның бірінде қазақ хандығы насихатталған. Ал екіншісінде ауыл өмірі көрініс тапқан.
– Тереңөзек кентін көркейту – біздің басты міндетіміз. Осыған байланысты аудан орталығын абаттандыру жұмыстарын үнемі назарда ұстап, кентке кіреберістен бастап жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, аудан басшысының бастамасымен аудан ажарын келтіретін аудан паспортын жаңарттық. Сондай-ақ қосымша бағандар орнатылып, онда еліміздегі басты құндылықтар бейнеленді. Бұл жұмыстарды аудандағы Әділбек Бәйменов бастаған Оқушылар үйінің шығармашылық ұжымы іске асырды, – дейді Тереңөзек кентінің әкімі Ержан Бахтияров.
Кентке кіреберістегі қос бағанға суреттер майлы бояумен салынған. Мұны бізге аудандық Оқушылар үйінің директоры Әділбек Бәйменов айтты.

Бүгінде ауданға келген меймандар кентке кіреберістен аудан ажарын айшықтайтын жұмыстарға қанығады. Бұл аудан орталығының даму көкжиегін айқындайды. Тиісінше, тұрғындардың да әлеуеті арта беретіні анық. Алдағы уақытта бұл жерге бағдаршам орнату жұмыстары жүргізілмек.
Ердос БЕРКІНБАЕВ