Аудан орталығын көркейтіп, гүлдендіру – міндетіміз
«Тереңөзек – Сырдың сұлу еркесі...» деп ақын Мұхтар Сақтапов жырлаған аудан орталығы жыл сайын көркейіп келеді. Негізінде кез келген өңір мен өлкенің орталығы басқа елді мекендерге үлгі болуы керек. Сол себепті де бүгінде Тереңөзек кентін абаттандырып, көркейту бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Осы ретте, Тереңөзек кентін өркендетуге қатысты жұмыстарды биыл ғана кентке әкім болып сайланған Ержан Бахтияровтан сұрап білдік.
– Ержан Бахтиярұлы, сұхбатымызды аудан орталығын абаттандыруға қатысты сауалмен бастасақ. Кентішілік көшелер жөнделіп, жарықтандырылып келеді. Өткен жылдың өзінде кенттегі басты көше – А.Иманов көшесі күрделі жөндеуден өтіп, талаптарға сай болды. Енді биылғы жоспарда қандай көшелер бар?
– Өздеріңізге белгілі, жылдан-жылға Тереңөзек кентінің аумағы кеңейіп келеді. Жаңа аймақтар ашылып, инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізіліп, жаңа тұрғын үйлер салынып, шағын аудандар қосылды. Осыған байланысты кент тұрғындары талап-тілектерін жеткізуде. Оның ішінде көшелерді жөндеуге, жарықтандыруға, абаттандыруға қатысты өтініштер жетерлік. Енді біз осы жұмыстарды аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлының тапсырмасымен бюджеттің мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.
Биыл жыл басынан бері кенттегі А.Иманов көшесі бойындағы орамдарға және И.Тоқтыбаев тұйығына тас төселді. Жаңбырлы күндері бұл шеткі көшелерде тұрғындардың жүруі қиынға соғады. Осыны ескеріп, жергілікті бюджет есебінен тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек тұрғындар көп жүретін И.Тоқтыбаев көшесіне аудандық бюджеттен 141 млн теңге қаржы бөлінді. Оған аталған көшеге тротуар орнату, аяқ су жүргізуге темір бетонды лоток салу жұмыстары атқарылмақ. Қазіргі таңда жоба бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар биыл А.Әлиакбаров көшесі бойында орналасқан көпқабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыру және Б.Момышұлы көшелерін жөндеу жұмыстары атқарылатын болады. Аталған жұмыстарға облыстық бюджеттен 150 млн теңге қаржы бағытталды. Оған қоса Қ.Бөдеев, О.Мәлібаев, Б.Өтепов, Т.Қозыбаев, А.Тоқмағамбетов көшелері тұрғындарынан жөндеу жұмыстарына қатысты өтініштер келіп түсті. Осыған байланысты аталған көшелерді жөндеу жұмыстарын да бірінші кезекте атқару қажеттілігімен облыстық басқармаларға бюджеттік өтінімдер ұсынылды.
Негізінен, Тереңөзек кенті бойынша 23 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жоба-сметалық құжаттама әзірленіп, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қаражат бөлу ұсынылды. Сондай-ақ кентішілік 10 көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстарына облыстық басқармаларға бюджеттік өтінімдер жіберілді. Ұсыныс қолдау тапса, жалпы ұзындығы 20 шақырымды құрайтын Ғ.Мұратбаев, Д.Қонаев, Жеңістің 50 жылдығы, Қазақ, Ә.Тәжібаев, Р.Алшынбаев, Ж.Құттыбаев, Н.Ергешбаев, О.Абдулпаттаев көшелеріне тротуарлар салынып, жөнделетін болады.
– Өзіңіз атап өткендей, кенттегі А.Әлиакбаров көшесі бойында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары абаттандырылады. Бұл жақсы бастама екені анық. Тереңөзек кентінде басқа да көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары да осындай жұмыстарды күтіп тұрған секілді.
– Әрине, барлық мәселе бірден шешілмейді. Сондықтан аудан орталығындағы көпқабатты тұрғын үй аулаларын заманауи талапқа сай келтіру жұмыстары біздің жоспарымызда бар. Биыл А.Әлиакбаров көшесі бойындағы тұрғын үйдің аулаларын абаттандырып, осы маңдағы тұрғындарға жақсы жағдай жасалмақ. Сонымен бірге кенттегі А.Иманов көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыру да назарда тұр. Бұл бойынша аулалардағы ескі сарайларды бұзып, орнына спорт және ойын алаңдарын, автотұрақтар мен тұрғындарға арналған шағын демалыс орындарын салуға жобалаушы мекемеге тапсырыс берілді. Одан бөлек, Тереңөзек кентін көркейту бағытында «Майжарма» арнасының жағалауын, кентке кіреберістегі саябақ, «Сыр сұлуы» аллеясының демалыс саябағын жаңғырту жұмыстары үшін жобалау сметалық құжаттама дайындалып, облыстық бюджеттен қаражат бөлу ұсынылды. Аталған жобаларға қаржы бөлінсе, кент көркейе түсетіні анық.
Тағы да айта кететіні, аудан орталығына кіреберісті абаттандыруға аудан әкімі ерекше мән беріп отыр. Соған байланысты аудан паспорты жаңартылды, қосымша арнайы әрленген тақталар қойылды.
– Қазір жаз мезгілінде көше бойында балалар көп жүреді. Жүйткіген көліктердің балаларға зияны тиеді ме деп ата-аналар алаңдаулы. Осы тұста балаларға арналған ойын алаңдарын салу мәселесі қозғалады? Биыл аудан орталығында балаларға арналған ойын алаңдары салынады ма?
– Көшелерге ойын алаңдарын салуға қатысты кент тұрғындарынан өтініштер түсуде. Ол өтініштер біздің назарымызда. Өткен жылы Тереңөзек кентінде А.Иманов пен Н.Ергешбаев көшесі қиылысындағы көпқабатты тұрғын үйлер жанынан балаларға арналған ойын алаңы мен жаттығу алаңы салынды. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табады. Кент тұрғындарының сұранысына сәйкес, И.Тоқтыбаев көшесінде балаларға арналған ойын алаңы салынады. Бүгінде бұл жұмыс бастау алды. Сонымен қатар Қ.Бөдеев көшесіндегі балалар ойын алаңын және №131 Т.Қозыбаев атындағы мектеп жанындағы спорт алаңын қалыпқа келтіру жұмыстарын атқаратын боламыз.
– Тереңөзек кентінің гүлденіп, көркеюі үшін тазалық мәселесі үнемі назарда болуы керек. Бұл бағытта көктем басталғалы тазалық іс-шаралары қарқынды жүргізіліп келе жатқаны анық. Осыған тоқталып өтсеңіз?
– Халқымыз «Ауылына қарап, азаматын таны» деп жатады. Аудан орталығы болған соң меймандар көп келеді. Одан бөлек өзіміздің тұрғылықты жеріміздің таза болғаны бұл мәдениеттілікті білдіреді. Сондықтан аудан басшысы кент тазалығын сақтауға қатысты нақты тапсырмалар жүктеді. Соған байланысты кент кіреберісінен бастап, ішкі көшелердің тазалығына күнделікті назарда ұстаймыз. Жалпы, Тереңөзек кентінде көркейту және көгалдандыру жұмыстарына 38,8 млн теңге бөлінген. Кентті гүлдендіру үшін гүлзарларға гүл, ағаш көшеттерін отырғызу және И.Тоқтыбаев көшесі жасыл белдеу ашу жұмыстарын бүгінде «Мұрат құрылыс» ЖШС, аяқ су айдау жұмыстарын «Жәрдем» ЖШС атқаруда. Сонымен қатар Орталық алаңға, «Парасат», «Тағзым» алаңына, стадион аумағына гүлдер отырғызылып, күтімге алынды. Ал көркейтіп-көгерту жұмыстары бойынша И.Тоқтыбаев көшесі бойындағы саябаққа, Бұқарбай батыр, А.Иманов көшесі бойындағы саябаққа, №36 Ә.Тәжібаев мектеп-лицейі мен көшелерге, мекеме аумақтарына 4000 дана көшет пен қаламша отырғызылды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табуда. Ерекше атап өтерлігі, Тереңөзек кенті әкімдігі тарапынан, яғни өз күшімізбен Жеңістің 50 жылдығы көшесіне қоршаулар орнатылды. Алдағы уақытта Ә.Тәжібаев және Ғ.Мұратбаев көшелеріне де қаламшалар отырғызылып, күтімге алынатын болады.
– Кент көшелеріне отырғызылған көшеттер мен қаламшалардың көктеп шығуы аяқ суға байланысты екені белгілі. Осы тазалық айлықтарында су жолдарын тазалауға да ерекше мән берілді. Соның нәтижесіне тоқталсаңыз?
– Өздеріңізге белгілі, кент көшелерінде аяқ су жүретін су жолдарының іздері бар. Бірақ олар көміліп, көшелерге су жеткізуде мәселе болды. Біз осыған мән беріп, су жолдарының іздерін қайта қазу жұмыстарын атқардық. Атап айтқанда, Ж.Нұрсейітов көшесінің бір бетіне аяқ су жүргізу үшін 300 метр, Желтоқсан көшесімен А.Иманов көшесінің қиылысына дейін 498 метр, Ж.Құттыбаев көшесінің екі бетінен 578 метр, Жеңістің 50 жылдығы мен Д.Қонаев көшесі қиылысына дейінгі екі бетінен 540 метр, Д.Керейтбаев көшесінің бір бетінен аяғына дейін 530 метр, А.Әлиакбаров көшесі мен аудандық әкімшілік ғимаратына дейін 114 метр, Абай көшесінің «Халық банкі» және «Парасат» алаңына дейінгі аралықта 65 метр, Ғ.Мұратбаев көшесінің екі бетінен 703 метр, Б.Момышұлы көшесінен 524 метр, «Айтбай арық» каналынан Тоғанас батыр көшесіне дейін 76 метр, «Айтбай арық» каналынан Ақтам көшесі бойына дейін 200 метр аяқ су жолы қазылды. Барлығы 4128 метр арық қазылып, көшелерге су жіберілді. Сонымен қатар Б.Момышұлы көшесіндегі «Майжарма» каналынан бөлініп ағатын «Оразбай» каналының бас жағына және А.Тоқмағамбетов көшесіндегі «Қаракөл» каналының бойына аяқ су жеткізетін электрлі насос орнатылды. Қазіргі кезде кент бойынша барлығы 21 аяқ су электр қозғалтқышты насос жұмыс жасап тұр. Бүгінгі күні кент көшелеріне берілетін аяқ судың апта бойына кезектілік кестесі әзірленуде. Алдағы уақытта кезектілік кестесі ақпараттандырылады.
– Енді көктеп келе жатқан көшеттерге кент көшелерінде жүрген төрт түлік малдардың зияны тиюде. Осы бағытта қандай шаралар қолданылуда?
– Расында, кент көшелерін көгалдандыруға күш салып жатқанымызда, төрт түлік мал ағаштардың өсіп-шығуына кері әсерін тигізуде. Ағаштарды арнайы қоршаулағанның өзінде қараусыз жүрген малдардың кесірінен санитарлық тазалық сақталмауда. Осыған орай кент көшелерінде қараусыз жүрген малдарға байланысты тұрғындармен кездесу өткіздік. Кездесу барысында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, малды қараусыз қалдырмау керектігі ескертілді. Егер тұрғындар мұндай ескертулерге құлақ аспаса, қараусыз жүрген малдар қамалып, иелеріне арнайы шара қолданылады.
– Көркейту-көгалдандырумен қатар санитарлық тазалық жұмыстарына да басымдық берілгенін байқаймыз. Ортақ үйіміздің тазалығы – баршаға ортақ. Десе де кент тазалығына жауапты мамандардың жұмысын атап өтсеңіз?
– Әрине, кент тазалығын қамтамасыз ету үшін күнделікті және жетісіне бір рет тазаланатын көшелер мен учаскелер, оларға шығатын жұмысшылар нақты белгіленіп, қадағалануда. Негізінен, Тереңөзек кентінде санитарлық тазалау жұмыстарына биылғы жылға 25 млн теңге қаржы бөлініп, мердігер мекеме «Қазына С» ЖШС-мен келісім шарт жасалды. Сол бойынша тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған қоса, кент бойынша күнделікті жүргізілетін тазалау жұмыстарына 10 жұмысшы мердігер арқылы, 30 жұмысшы аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы қамтылған. Сонымен қатар санитарлық тазалыққа байланысты 6 техника қарастырылған. Тазалық іс-шарасы барысында қалдықтардың қордаланған учаскелер арнайы тазартылуда.
Айта кететіні, бүгінгі күнге дейін жеке тұрғындар мен мекемелерде барлығы 600 дана контейнер таратылып берілген. Алайда нақты қаржысын төлеп, қоқысын шығарып отырған 50 үй ғана бар. Бүгінгі күнге осы контейнерлер бойынша түгендеу жұмыстары жүргізіліп, қайта шарт жасасу жұмыстары ұйымдастырылуда. Ағымдағы жылы 50 дана контейнер сатып алынса, қосымша 50 дана контейнер маусым айында әзірленетін болады. Олар кент тұрғындары тарапынан келіп түскен өтініштерге сәйкес таратылуда.
Жалпы, тазалық – баршаға ортақ іс. Сенбіліктер барысында кент аумағы тазарып қалды. Осы күнге дейін аудандық мекеме қызметкерлерінің қатысуымен көптеген сенбіліктер ұйымдастырылып, көшелер күл-қоқыстан тазарды. Енді тереңөзектіктер осы тазалықты сақтауға атсалысу керек. Бұл баршамызға жауапкершілік жүктейді. Осы ретте, санитарлық тазалау жұмыстарына атсалысқан мамандарға зор ризашылығымды білдіремін!
– Соңғы жылдары Тереңөзек кентінде кәсіпкерлік нысандар көптеп ашылып, кәсіпке ден қойғандар қатары көп. Мұның кент тұрғындары әлеуетінің артуына септігі мол. Кәсіпкерлік саласының дамуына арнайы тоқталып өтсеңіз?
– Иә, кәсіпкерлік – экономикамызды дамытушы негізгі саланың біріне жатады. Бүгінде Тереңөзек кенті бойынша жұмыс жасап тұрған 77 кәсіпкерлік субъектісі бар. Онда жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылған. Қазіргі таңда кәсіп ашамын деушілерге қолдау көп. Сондықтан бұл бағытта кент тұрғындарының қарқыны жаман емес. Осы аптаның өзінде аудан орталығында «Жігер» асханасы өз жұмысын бастады. Біздің тарапымыздан тұрғындарға кәсіпкерлікпен айналысу үшін жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, осы аптаның бейсенбісінде Тереңөзек кенті әкімі аппаратының ұйымдастыруымен дәстүрлі еркін форматта семинар-тренинг өткізілді. Ондағы негізгі мақсат мемлекеттік қолдау шаралары аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру қағидалары туралы ақпарат ұсыну болып табылды. Оған арнай мамандар шақырылып, кәсіп бастауға ынталы азаматтарға кәсіпкер ретінде тіркелу, салық төлеу және есептілігін тапсыру, салықтарды уақытылы төлемеген жағдайда айыппұлдарды төлеу тәртібі, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру, кәсіпкерлер мен тұрғындарға осы саладағы мәселелер бойынша сервистік қызмет көрсету, бизнес-жоспар жасау мәселелері бойынша мәліметтер берілді. Іс-шара барысында тиісті сала мамандары мен кент әкімі аппаратының қызметкерлері қатысушылардың қойған сауалдарына жауап берді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде аудан орталығында кәсіпкерлік саласының даму үдерісі артады деп есептеймін.
Жалпы Тереңөзек кентін дамыту, гүлдендіріп көркейту – біздің негізгі міндетіміз. Бұл ретте, аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы аудан орталығын өркендетуге ерекше назар қойып отыр. Сондықтан жоспарлы жұмыстарымызды атқарып, туған жеріміздің көркеюіне еңбек ете береміз. Бұл тұста, кент тұрғындары қолдау білдіреді деген сенімдемін.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
Ердос БЕРКІНБАЕВ
Ердос БЕРКІНБАЕВ