Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кент келбеті көркеюде

Кент келбеті көркеюде

Алыптарға алтын бесік болған Сырдария ауданының Тәуелсіздік жылдарындағы дамуы қарқынды. Серпінді ауданда серпілісті жұмыстар атқарылып, 30 жылдық белеске жарқын жетістіктермен же­­тіп отыр. Оның ішінде, аудан орталығы Тереңөзек кентінің өркендеу көкжиегі де ауыз толтырып айтарлықтай. Жыл артқан сайын Тереңөзек кентінің келбеті айшықталып, көркейіп, абаттандырылып келеді.

Тоқсан жылдан аса тарихы бар ауданның орталығы Қызылорда қаласына жақын ор­наласқан. Сондықтан да кентті көркейтіп, дамытуда өркениетті қоғам қалыптастыру үшін ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соңғы жылдардың өзінде Тереңөзек кентін абаттандыру бағытындағы жұмыстар мерейлі белестің жетістігін айқындайды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығы қарсаңында аудан орталығын көркейтуде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсек.

Тереңөзек кенті бойынан облыстық маңызы бар «Қызылорда-Жалағаш» автожолы өтеді. Кентке кіреберіс осы жолмен жалғасып жатыр. Жыл сайын Тереңөзек кентіне кіреберістен бастап көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Бүгіннің өзінде аудан айнасы саналатын Тереңөзектің кіреберісіне өз­ге­ріс­тер енгізіліп, айшықты жұмыстар жасалуда. Мәселен, серпінді ауданның анықтамасы болған арка жаңартылуда. Кіреберіс көшелерге ойын алаңдары салынып, жақсы жағдай жасалуда. Кент орталығында басқа көше бойларына да балалар ойын алаңдары, спорттық алаңдар жаңадан салынып, өскелең ұрпақ игілігін көруде.

Қазақ даналығында «Елге ел қосылса – құт» деген нақыл бар. Сол айтқандай, аудан орталығына қосымша мөлтек аудандар қосылып, кент көлемі кеңеюде. Мәселен, «Қызылорда-Жалағаш» автожолының сол жа­ғында жаңа мөлтек ауданның инфрақұрылымы жүргізіліп, бүгінгі таңда жаңадан үйлер бой көтеруде. Мұнда көшелерге атау беріліп, шағын ауданды қоныстанушылар қатары көп. Одан бөлек, Тереңөзек кентіндегі жаңа ықшам аудан инфрақұрылымын жүргізу мақсатында 135 гектар жер бөлініп, ауыз су және электр желілері толық жүргізілді. Қазіргі таңда жол құрылысын жүргізу үшін тиісті басқармаға бюджеттік өтінім жолданды. Инфрақұрылымдық жұмыстар то­лық аяқталса, 645 жер учаскесі бөлінетін болады. Бұл тұрғындарды өз баспанасын салуға ынталандыратыны айқын.

Жыл сайын тереңөзектіктерді тұрғын үй­мен қамтамасыз ету тұрақты жүзеге асырылуда десек артық айтқандық емес. Соңғы жылдардың өзінде көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеріп, кент тұрғындары қоныс то­йын тойлады. Мәселен, кентке кіреберісте 4 көпқабатты тұрғын үйлерге әр жылдары Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында тұрғындар қоныстанды. Оған қоса, О.Мәлібаев елді мекенінде 20 тұрғын үй салынып, кезектілікке сәйкес кілттері табыс етілді. Биыл жаңа ықшам ауданнан тағы да тұрғын үйлер салынды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесі қарсаңында тереңөзектіктер тағы да баспаналы болды. Бұл егемендіктің айшықты жылдарындағы жарқын жетістік екені сөзсіз.

Өркениетті қоғамға бет алған ауданда бүгінде барлық жағдай жасалуда. Қазіргі таңда Тереңөзек тұрғындары тәулік бойына сапалы таза ауыз суды тұтынып отыр. Көпқабатты тұрғын үйлерді кәріз жүйесіне қосу жұмыстары да жүргізілуде. Көшелер асфальттанып, түнгі жарықпен кезең-кезеңімен қамтамасыз етілу­де. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жол сапасы жақсаруда. Жыл сайын бірқатар көшелер жөндеуден өткізіледі. Биылдың өзінде кенттің басты көшесі – А.Иманов көшесі заманауи талаптарға сай күрделі жөндеуден өткізілді. «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы бо­йынша 342,5 млн теңге қаржыға көше бойына лотоктар орналастырылып, жаяу жүргіншілер жолы салынды. Теп-тегіс асфальт төселіп, түнгі жарықпен қамтамасыз ету де талапқа сай жаңарды. Сонымен қатар, осы жылы Тереңөзек кентіндегі Бердіқұлов көшесіне жол құрылысы да жөндеуден өтті.

Жетістікке толы жылдардың еншісінде Орталық алаң қайта жаңғыртудан өтіп, абат­­­­тандырылды. Алаңға №36 мектепті бітіргендеріне 40 жыл болған түлектер алып «Алтын сағат» орнатып берді. Сондай-ақ, Орталық алаңға жалпы саны 79 тал мен бірнеше сортты гүлдер егілді. 79 талдың егілу себебі туған жерге «Алтын сағат» тарту еткен түлектер мектеп бітіргенде 79 оқушы болып үлкен өмірге қанат қаққан. Сондай-ақ, демалу­шылар үшін жайлы орындықтар қойылып, түнгі мезгілде кент келбетіне сән беретін жа­рықшамдар орнатылды. Сахна мен алаңдағы тас төсеніштер де жаңаланып, қазақы ою-өрнекпен кіші архитектуралық пішіндер қо­йыл­ды. Орталық алаңға егілген талдар мен гүлдер тамшылатып суару әдісімен суарылады. Яғни, бұған дейін тек іс-шаралар өткізіліп келген алаңды жайлы демалыс саябағына айналдыруға айрықша басымдық берілді.

Аудан орталығындағы ең басты жетіс­тіктердің бірі – көгілдір отынның қосылуы. Бұл тұрғындардың көптен бергі арманы болатын. 2019-2020 жылдары Тереңөзек кентін табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп, бүгінде кент тұрғындары игілігін көріп отыр. Атап айтқанда, бүгінгі таңда Тереңөзек кентінде 36 әлеуметтік нысан мен 1400-ден аса тұрғын үй, табиғи газбен жылытылады. Жоспарлы жұмыстың нәтижесінде, қазір Тереңөзек кентінің 70 пайызы көгілдір отынның игілігін пайдалануда. Сонымен қа­тар, Тереңөзек кентін газдандыру жобасынан қалып кеткен және жаңадан салынған тұрғын үйлерге (жаңа қоныстану аймағын қоса алғанда 334 нүктеге) газ құбырын жеткізу мақсатында республикалық бюджеттен 129,0 млн теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

– Қазіргі жағдайды бұрынғы кезеңмен салыстыруға келмейді. Бүгінде кент келбеті көркейген. Аудан орталығына кіреберістен бас­­тап көшелер қалыпқа келтіріліп, жолдар жөнделуде. Түнде көшелер жап-жарық. Кентте кәсіпкерлік нысандар да көп. Олар да өз жұмыстарын кеңейтуде. Көптеген тұрғын үйлер салынып жатыр. Тұрғындардың жақсы өмір сүруі үшін жағдайлар жасалуда. Сондықтан аудан орталығының көркейгені – ортақ қуаныш, – дейді Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Зайдағали Жүсіпбайұлы.

Осындай айтулы жұмыстардың нәтижесінде аудан орталығы гүлденіп, көркейіп келеді. Мұ­­ның бар­лығы қазаққа ғажап құт болған Тәуелсіздіктің арқасы. Ел егемендігінің 30 жыл­­дық мерейлі белесіне осындай толайым жетіс­­тіктермен жетіп отырмыз.

Тереңөзек кенті әкімдігі
11 желтоқсан 2021 ж. 405 0