КЕЛІСТІ КЕНТ КЕЛБЕТІ
Аудан тарихында Тереңөзек атауы ерекше орын алады. Себебі, алмағайып шақтарда бір бөлініп, бір қосылған Сырдария ауданы кезінде осы Тереңөзек атауымен аталды. Сондықтан да ұлы дариямен аттас ауданды кейбір жұртшылық Тереңөзек ауданы дейді. Қазір Тереңөзек атауын аудан орталығы еншілеп, Тереңөзек кенті болған. 13 ауылдық округті түйістіретін кент келбеті жыл өткен сайын жаңарып, гүлденіп келеді. Бұрынғымен салыстырғанда қазір мұнда өркениетті өмір қалыптасқан.
Соңғы жылдары Тереңөзек кентінің ажарланып келе жатқандығы айқын. Соған орай, кенттің әлеуметтік-экономикалық дамуы да жақсара түсті. Олай дейтініміз, қазір аудан орталығында көптеген мәселе өз шешімін тапқан. Тіптен, жасалып жатқан жарқын істер нәтижесінде тереңөзектіктер облыс орталығындағыдай қала өміріне бейімделуде. Атап айтқанда, көп қабатты үйлер өткен жылдар шеңберінде жаңартылып, кентте ауыз су үйге кіргізілді. Сонымен қатар, кәріз жүйесі де жүргізіліп, барлық жағдай жасалуда.
Аудандағы әлеуметтік бағдарламалардың сәтті жүзеге асырылуының арқасында Тереңөзек өркен жайып, тұрғындардың әлеуметтік ахуалы артуда. Байыпты бастамалар мен айшықты істер кенттің тұрақты дамуының негізі болып келеді. Бүгінде аудан орталығының инфрақұрылымдық жүйесі кеңейіп, өлкеде жыл сайын қарқынды құрылыс жүргізілуде. Мәселен, кенттің оңтүстік-батыс жағынан шағын ауданның инфрақұрылымы жүргізіліп, жаңадан жер ашылды. Ол тиісті кезектілік бойынша тұрғындарға табысталып, қазір жаңа үйлер салынуда. Оған қоса, әр жылы тереңөзектіктер жаңа үйдің кілтін алып, баспаналы болуда. Соңғы жылдарда аудан орталығында тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алып, халықты баспанамен қамту көрсеткіші жоғарылады. Кентке қарасты О.Мәлібаев мөлтек ауданында қатарынан екі жылда 20 үй құрылысы жүрді. Айтулы мерекелерде тұрғын үй кезегінде тұрғандар қоныс тойын тойлап, барлық үйге халық қоныстанды. Ал енді қазіргі таңда кентке кіреберісте көпқабатты үйлердің құрылысы жүруде. Кент келбетін айшықтай түсетін жаңа үйлер мұндағы тұрғын үй мәселесін шешудің тиімді жолы екенін айғақтайды. Құрылыс жұмыстары өз уақытында біткенде биыл да тереңөзектіктер қоныс тойын тойлайтын болады.
Тереңөзекте сонымен бірге, жол сапасын жақсартуда да кешенді шаралар қабылданып, көшелер жарықтандырылған. Мұның өзі халыққа қолайлы жағдай жасалып жатқандығын аңғартады. Өткен жылы көптеген көше асфальттанса, оларды жарықтандыруға да көп күш жұмсалуда.
Аудан орталығына келген көпшілік пен кент жастары тынығатын орын іздесе орталық саябаққа баратындары анық. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы негізінде кенттегі орталық саябаққа «Сырдария ауданының Құрметті азаматтары» аллеясы салынды. Бұл бір жағынан, жастардың аудан тарихындағы еңбегі елеулі тұлғаларды ұғынып-білуіне септігін тигізсе, бір жағынан, серуен құруға да қолайлы жағдай екені белгілі.
Жайдары жаз мезгілінде кент келбетін келісті етіп тұрған гүлзарларды да ерекше атап өткен жөн. Көркейіп келе жатқан өлкеге көктемгі көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарының нәтижесі ерекше сән беріп тұр. Ауданға келген қонақтар, аудан тұрғындары соңғы жылдарда өркендеген, гүлденген Тереңөзектің дамуына лайықты баға беретініне сенім мол.
Е.БЕРКІНБАЕВ