Аудан орталығы абаттандырылады
Ауданға қарасты барлық ауылдың тыныс-тіршілігімен танысқан соң аудан әкімі Мұрат Ергешбаев аудан орталығын аралады. Тереңөзек кентіне кіреберістен бастап, кент көшелерін көріп шығып, абаттандыру жұмыстарын жандандыру қажеттігін атады. Аудан басшысына атқарылып жатқан жұмыстарды Тереңөзек кентінің әкімі Нұржан Бисембаев баяндады.
Аудан әкімі алдымен аудан орталығына кіреберістегі жаңа қоныстану аймағына барды. Инфрақұрылымы жүргізілген аймақта бүгінде жаңадан үйлер бой көтеруде. Кент әкімі жаңа қоныстану аймағынан тұрғындарға кезектілікпен жер берілгенімен, олардың көбісі жер телімін мақсатты пайдаланбай отырғанын айтты. Соған орай бүгінде 35 жер телімі қайтарылып, келесі кезектегі тұрғындарға табыстау жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. Аудан басшысы М.Ергешбаев жаңа қоныстану аймағын абаттандырып, көркейтуді тапсырды.
Мұнан соң аудан әкімі «Сыр сұлуы» монументі мен кентке кіреберістегі саябақты көрді. Қазіргі таңда «Сыр сұлуы» монументінің айналасы жөндеуді қажет етіп тұр. Осыны ескерген аудан әкімі аудан орталығындағы айшықты орынды талапқа сай жөндеуді, айналасын гүлдендіріп, тазарту жұмыстарын жүргізуді атады. Сонымен қатар саябаққа да санитарлық тазарту жұмыстарын жүргізіп, кәсіпкерлерден ұсыныс түссе, бұл жерді кәсіпкерлік бағытта қолдануға болатынын айтты.
– Тереңөзек кенті аудан орталығы болған соң абаттандыруына мән беруіміз керек. Ол үшін кентті кіреберістен бастап көркейтуге тиістіміз. Кент келбеті – ауданның айнасы. Осы бағытта жұмыстарды жандандырып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау міндетіміз саналады. Сондықтан аудан орталығының тазалығын сақтап, оның гүлденуіне жұмыс жасаймыз, – деді аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы.
Сонымен бірге аудан басшысы орталық саябақты аралады. Тереңөзек кентіндегі орталық көше – А.Иманов көшесі бойын қайта жаңғырту қажеттілігін жеткізіп, аудан орталығын көркейтіп-көгалдандыруға қатысты кент әкімдігіне тапсырма жүктеді.
Ердос Сәрсенбекұлы