Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан абыройын асқақтатты

Аудан абыройын асқақтатты

Өткен апта жағым­ды жаңалықпен қо­­рытындыланды. Өзін аудандағы «Да­­­рын» оқу орталығының ментальді ариф­метика курсының мұғалімі деп та­ныстырған Береке Әбсаттарова сү­йін­ші жаңа­лық­пен бөлісті.

Жанболат, Дінмұхаммед, Айқын есімді дарынды оқу­шылар ментальді арифметика бойынша облыстық олим­пиадаға қатысып, жүлделі орындармен оралыпты. 4-16 жас аралығындағы балаларға арналған байқау облыс ор­талығындағы «Kids park» балалар орталығында өткен.

Ментальді арифметика – балалардың зияткерлік қабі­летін дамытуға арналған ойша есептеу жүйесіне бағыт­талған бағдарлама. Оның негізі ежелгі Қытайда «абакус» есептеу құрылғысының пайда болуымен тығыз байланыс­ты. «Абакус» деген кәдімгі біздің бала күнімізде әр сауда дүкенінде тұрған есептеу құрылғысы. Ғалымдар дәл осы құрылғының адам миын шынықтыратын қасиеті бар екенін анықтаған.

Атаулы байқауға облыстың түкпір-түкпірінен келген 50-ден астам білімді балғын қатысқан. Ұтқырлық пен жылдамдық және шеберлікті талап ететін олимпиада қатысушыларына күрделі есептерді ментальді ариф­метикаға сүйене отырып шығару тапсырылған. Талап бойынша берілген отыз минут ішінде балалар 90 есеп­ті «шемішкеше» шағуы керек. Тәлімгерінің тиімді тәсі­лін ұтымды пайдаланған Жанболат Ибрагим күрделі есеп­терді бар-жоғы 9 минутта аяқтап шеберлік танытса, Дінмұхаммед Нұрбекұлы 11 минутта есептердің дұрыс жауабын тапқан. Деңгейге қарай бөлінген 30 есепті 15 минутта аяқтаған Айқын Мырзағали да үздіктер қатарынан көрінген. Нәтижесінде, №210 О.Әбілпаттаев атындағы мек­тептің оқушысы Жанболат үздік деп танылып, Көкшетау қаласында өтетін байқаудың республикалық кезеңіне жолдама ұтып алған. Ал №36 мектеп-лицейдің мақтаныштары Дінмұхаммед жүлделі І орынды, Айқын ІІ орынды иеленген. Жеңімпаздар арнайы диплом мен бағалы сыйлықтармен марапатталған. Осылайша, ауданның намысын қорғауға барған үш дарын қатарластарынан оза шауып, жүлдегер атанған. Бұған ата-аналардың да, тәлімгердің де мерейі өсіп, үміттері ақталғанына дән риза.

– Облыстық олимпиада өтеді деген хабар алысымен, балалармен және ата-аналарымен ақылдаса отырып, бақ сынап көруді жөн санадық. Дінмұхаммед пен Жанболат аудан­да «Дарын» орталығы ашылғаннан бері қатысып, жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Айқын курсқа кейін қосылғанымен, ынтасы жоғары. Облыстық олимпиада балаларға жайлы жағдайда ұйымдастырылды. Оқушылар олимпиада аяқ­талған соң тамақтанып, балалар ойын алаңында ойнап, біраз сергіп қалды. Жазғы каникул кезінде өткен іс-ша­ра балаларды ойната отырып ой-өрісін дамытуды көздеді. Кішкентай математиктер олимпиадаға үлкен жауапкер­шілікпен дайындалып, күннің ыстығына қарамай, екі мезгіл сабаққа келді. Есесіне, еңбек ақталды. Бұл жеңіс дарынды оқушыларға үлкен мотивация болды, – дейді «Дарын» оқу орталығының мұғалімі Береке Әбсаттарқызы.

Айта кетейік, балалардың ойлау қабілетін дамытатын «Дарын» оқу орталығы 2020 жылдан бастап кент мәдениет үйінде жұмыс жасап келеді.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
26 шілде 2022 ж. 479 0