«Дарын» оқуға шақырады

Үлкен қалаға барсақ, «Тіл үйрету курстары мен ментальді арифметиканы оқытамыз» деген жарнаманы көп көреміз. Осындай орталық біздің ауданға да керек-ақ екен ойда қалған едім. Көп ұзамай жағымды жаңалықты әлеуметтік желіден көріп қуандым. «Жақсыны білмекке» демекші, білім орталығының жұмысымен танысуға кірістім.
Береке Әбсаттарқызы – «Дарын» оқу орталығының жетекшісі. Ментальді арифметиканы оқытуға құқық беретін (SK) халықаралық стандартымен сертификатталған маман. Білімі жоғары, қытай тілін жоғары деңгейде меңгерген. ҚХР Бейжің қаласындағы Қытай мұнай университетінің магистратурасында білім алып, шыңдалған жас кәсіпкер деуге болады.Себебі ол жастар жылы аясында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021» жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында «Жас кәсіпкер» жобасына қатысып,505 мың теңге грант иеленген. Кент мәдениеті үйі жанында орналасқан оқу орталығы биылғы жылдың қаңтар айында өз жұмысын бастаған. Орталықта ментальді арифметика, жылдам оқу, қытай тілін үйрету қосымша курстары бар.
– Ментальді арифметика 5-15 жас аралығындағы балаларды оқуға қабылдайды. Жас ерекшелігіне қарай 3 топқа бөліп оқытамыз. 1 топта бала саны 6-дан аспайды. Сәуір айында 15 оқушыға 1 деңгейін аяқтаған сертификат табысталады. Алдағы уақыттағы мақсатымыз – жақсы нәтижеге жетіп, олимпиадалық жарыстардан жүлделі болу, – дейді Береке Әбсаттарқызы.
Бүгінде «Дарын» оқу орталығында 20-ға жуық оқушы қосымша оқу курстарына қатысуда. «Осыншама біліміңіз бен қабілетіңіз бар, нарықта сіздің мамандығыңызға сұраныс көп. Неге дәл осы саланы таңдаңыз» деген сауалға Береке ойланбастан: «Мен балалармен жұмыс жасағанды өте жақсы көремін. Бала күнімдегі арманымды іске асырудамын. Осы шәкірттеріміз биік шыңнан көрінсе, мен үшін үлкен бақыт», деді. Расында да білімі жоғары, бәсекеге қабілетті маманға сұраныс көп болатыны айқын. Бірақ шет елде қалмай, туған елге қызмет етуін азаматтық парыз санайтын осындай жастар көп болса, болашағымыз жарқын болары сөзсіз.
Майя ҚОЖАБАЙ